Среда, Февраль 19, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > Дәулет Үмбетжанов атындағы дәрісхана ашылды

Дәулет Үмбетжанов атындағы дәрісхана ашылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Математика: ғылым, білім және көптілділік» тақырыбы аясында Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болған, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Дәулет Үмбетжанов атындағы ғылыми-инновациялық дәрісхана ашылды.

Бұл шарада сөз сөйлеген университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан істерге тоқталып, Ақтөбе өңірінен түлеп шыққан математика ғылымы қайраткерлері көшбасында тұрған Дәулет Үмбетжановтың еңбегіне арнайы тоқталып өтті.

Шалқар өңірінде туып-өскен болашақ ғалым Қазақ мемлекеттік университетінде білім алып, содан кейін В.М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасында ғылыми ізденістерін кеңейтеді.

Ғалым ұзақ жылдар бойы Ақтөбедегі педагог кадрларын даярлайтын жоғары оқу орнымен тығыз байланыста болған. Институтта дәріс оқуға арнайы шақыртылып, күндізгі және сырттай оқу бөлімдерінің түлектеріне математиканың сан түрлі құпияларын үйреткен. Ғылыми кадрлар даярлауға да көп үлесін қосады. Талантты жастарды Алматыға, өзі еңбек ететін университетке шақырып, оларға қамқорлық жасап отырған.

Солардың бірі физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жайшылық Сартабанов: «Ақтөбеде математикадан алғашқы батыс өңірлік республикалық ғылыми конференция 1992 жылы Дәулет Үмбетжанұлының алпыс жасқа толуына орайластырып өткізілген болатын. Сол үрдіс кеңінен жалғасып, халықаралық ғылыми жиын өткізуге қол жеткіздік. Біз өзімізге үлгі болған ұстазымыздың тәлім-тағылымын ұмытпаймыз және кейінгі буынға оны кеңінен таратып отыруды борышымыз санаймыз», — деді.

Салтанатты шара басында ұлағатты ғалымның шәкірттері туралы да арнайы әңгіме болды. Солардың бірі Амантай Бержанов ғылым докторы, профессор дәрежесіне жетті. Ол 200-ге жуық ғылыми мақала жариялап, екі ғылым кандидатын даярлады.

Физика-математика ғылымдарының кандидаттары Ғалия Әбдіхалықова, Болат Ізбасаров, Александр Кулик және басқалары түрлі тақырыптарда қиын теңдеулердің мәнін ашып, ғылым әлемінде өз қадамдарын жасады.

Жиында Ұлттық Ғылым академиясының академиктері болған Өмірзақ Сұлтанғазиннің, Жабайхан Әбділдиннің кезінде берген жоғары бағалары еске алынды.

Ғалымның зайыбы Нәрен Қосжанқызының Алматыдан жолдаған жеделхаты оқылды. Жасы тоқсанға таяп қалған Дәулетбай ата баталы сөз айтып, інісінің адамгершілік абзал қасиеттеріне, ғылым жолындағы табанды еңбегіне тоқталды.

Студенттер жаңа дәрісханада ғылыми-инновациялық бағытта уақыт талабына сай ізденістер жасауға ұмтылатындығына сенім білдірді.

Р.ІЗБАХЫШ,

Ақтөбе қаласы.

http://www.aktobegazeti.kz/?p=65112