Среда, Февраль 19, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > Ақпараттық топ өкілдері Темір ауданын аралап жүр

Ақпараттық топ өкілдері Темір ауданын аралап жүр

Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету


Облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асырылған «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының «Кең көлемдегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және өзекті мәселелерді шешу» бағыты бойынша 4 ақпараттық топ Темір ауданының тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.


 2700 тұрғыны бар қаланың тынысы

Сейсенбі күні ақпарттық топ өкілдері Темір қаласының Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді. Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы, топ жетекшісі Алмас Елбосынов халықтың пікірін білу, олардың сұрақтарына жауап беру мақсатында құрылған түсіндіру тобының жұмыстарына  аталған жобаның тиімді тұстарына, сондай-ақ Елбасының бес әлеуметтік бастамасына тоқталды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының коммерциялық емес акционерлік қоғамы ақпараттық бөлімінің басшысы Салтанат Оңғар медицина саласындағы өзгерістер туралы кеңінен ақпарат беріп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жөнінде тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі өткен жылдан бастап бастау алды. Медицинасы әлдеқайда ілгері дамыған елдерде бұл жүйе елу жылдан астам жұмыс жасап келеді. Біздің елімізде кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Қазіргі таңда облыс бойынша 64 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсететін болса, оның 22-сі — жекеменшік медициналық орталық. Яғни бұл орталықтар біздің қормен келісімшарт жасап, халыққа тегін қызмет көрсетеді. Олар: «Дару» «Көз жарығы», «Көзқарас», «Әйгерім», «Қуаныш», «Евразия», «Теміржол ауруханасы»,  т.б медициналық орталықтар. Мемлекет тарапынан халықтың пікірін білу үшін көптеген бағдарламалар шығарылып жатыр. Мәселен, «Медициналық сақтандыру қоры: Халықтық бақылау» деп аталатын мобильді қосымша іске қосылды. Бұл қосымша арқылы тұрғындарға еліміздегі барлық ауруханалар мен емханалардың қызметін бағалауға мүмкіндік беріледі. Қосымшаны ұялы телефонға жүктеп, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде қызмет көрсететін емханалар мен стационарлардың жұмысына баға беруге болады. Сондай-ақ қосымшаны пайдаланушылар кез келген медицина ұйымы жайлы пікірін қалдыра алады, — деді ол.

Бұл тақырыпта кез келген адам Ақтөбе қаласындағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 972-322 телефон нөмірі арқылы толығырақ ақпарат ала алады.

— Темір қаласының тарихы тұңғиықта жатыр. Ақтөбе облысында оннан астам ескерткіш «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасына енгізілді. Солардың бірі — Темір ауданындағы әулие Досжан хазіреттің мешіті. Жастар осындай тарихи құнды жерлерімізді біліп, қастерлеуі тиіс.  

Сонымен қатар сапалы білім алып, өз туған ауылдарына қызмет етуі керек. Нағыз патриотизм дегеніміз — осы. Елбасының бес бастамасының бірінде мемлекеттік гранттарды көбейту мен жоғары оқу орындарындағы студенттерді жатақханамен қамту туралы айтылды. Биыл Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде тағы бір  жатақхана пайдалануға берілді. Жатақханада барлық жағдай толық  қамтамасыз етілген. Тек студенттерге білім алу керек. Елімізде жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша тағы  20 мың грант қосылды. Оның 11 мыңы — техникалық мамандықтар. Алдағы уақытта Қазақстанда қажетсіз мамандықтар қысқартылмақ. Себебі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы енгізілді. Қазір ІТтехнология, компьютерлендіру саласы жақсы дамуда. Ал 5 мың грант педагогикалық мамандықтарға аударылады. Өйткені бізде әлі де болса, педагогикалық кадрлар тапшы. Бала өсімі 2000 жылдан бастап көбейіп жатыр. Өткен жылы 134 мың түлек мектеп бітірсе, 1-сыныпқа  300 мыңның үстінде бала қабылданды, — деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Дәулет Әбенов.

Қазіргі таңда Темір қаласында 2700 тұрғын тұрады. 25 шақырым жерде Темір қаласына қарасты Жамбыл ауылы бар. Қалада әлеуметтік, коммуналдық, басқа да, барлығы 15 мекеме қызмет етеді. 30 шаруа қожалығы,  55 жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Бүгінде түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары жеке кәсіпкерлерге 6 пайызбен несиелер берілуде. Олар жылына 25-30 миллион теңгеге жуық несие алып, мал басын көбейту мақсатында жұмыстар атқаруда. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, суармалы жерлерді көбейту, нығайту мақсатында Темір өзенінің маңында орналасқан шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

5 отбасына қайырымдылық көмек көрсетілді

Бұдан соң топ өкілдері Шұбарши ауылында болды. Мұнда алдымен мектеп мұғалімдері мен оқушыларға «Қара жол» фильмі көрсетілді.

— Өткен аптада облыстық ішкі істер басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінен құралған топ өкілдері терроризмге қарсы түсінік жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде халық көп жиналатын қоғамдық тамақтану орындары, «КМК мұнай» және Кеңқияқтағы мұнай өндіру кәсіпорындарында кездесулер өтті.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ауылдық округтегі жұмыссыздар, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездесті. Мүмкіндігі шектеулі бес отбасыға қайырымдылық шарасы көрсетілді. Кәсіпкерлік бағыты бойынша «Бизнестің жаңа 100 жобасы» тақырыбында жаңадан кәсібін ашқысы келген тұрғындарға кеңестер берілді. Шұбарши орта мектебінде мұғалімдер мен оқушыларға діни кеңестер беріліп, семинар мен тренингтер, Шұбарши мешітінде дін жолындағы еразаматтармен жеке кездесулер ұйымдастырылуда, — деді Шұбарши ауылдық окуругінің әкімі Азамат Өсербаев.

Шұбарши ауылдық Мәдениет үйінде өткен жиын барысында ақпараттық топтың мүшесі, құқық қорғау саласының еңбек ардагері Ғалым Дәулеталин мектеп оқушыларын ата-ананы сыйлауға, бос уақытты тиімді пайдаланып, білім алуға шақырды. Діни білімді кез келген адамнан емес, тек мешіттердегі имамдардан алу

керек екенін атап өтті.

 7 топ өкілдері жиналды

Осындай кездесу Саркөл ауылдық модельді кітапханасының ғимаратында да жалғасты.

Тұрғындар пікірлерін білдіріп, толғандырған сауалдарына жауап алды.

9 сәуірде ақпараттық топ өкілдері Темір ауданының тұрғындарымен жиын өткізді. Басқосуға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Саламат Аманбаев,  облыстық дін істері басқарма басшысының орынбасары Сәбит Мұқанов қатысты.

Жиында Бұлбұл Елеусінова Елбасының биылғы Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі, «Туған жерге тағзым» акциясының орындалуы, «Аналарға тағзым» жобасын халық арасында кеңінен насихаттау жайында сөз қозғап, аудан тұрғындарына толыққанды мәлімет берді. 6 елді мекенде 1000 адамды қамту жоспарланғанын атап өтті.

Ақпараттық топ теміржолшылармен де кездесті. Шұбарқұдық депосында өткен кездесуде теміржолшыларға құқық, медицина қызметінің тиімділігін арттыру тұрғысында түсіндіру жұмыстары жөнінде ақпараттар берілді.

Сонымен қатар Темір аудандық әкімдігінің мәжіліс залында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында келген 7 топ өкілдерінің қатысуымен жиын өтті.
Топ мүшелері «Ауқымды түсіндіру жұмыстары», «Бизнес ортаның дамуы», «Әлеуметтік мәселелердің шешімі», «Ақпараттық қызмет», «Дін сұрақтары» бағыттары бойынша түсінік берді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК,

Темір ауданы

http://www.aktobegazeti.kz/?p=65088