Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > TED форматында мини конференция өтті

TED форматында мини конференция өтті

Жұбанов университетінің  шетел тілдері факультетінде ғылыми апталық аясында TED форматында мини-конференция ұйымдастырылып, өткізілді. TED аббревиатурасының мағынасы мен аудармасы мынадай: Technology, Entertainment, Design (Технологиялар, ойын-сауық жобалар, дизайн). Бұл жобаның аясында адамдар өздерінің пайдалы және қызықты идеяларымен бөліседі. TED миссиясы мен ұраны — «Таратуға тұрарлық идеялар». TED конференцияларында кезінде алғаш рет Macintosh компьютерлері көрсетіліп, жасанды интеллект және жаһандық жылыну туралы сөз етілген болатын. Қазіргі таңда TEDtalks бүкіл әлемде танымал.

Біздің конференцияда TEDx спикерлері ретінде шетел тілдері факультетінің студенттері мен Ақтөбе қаласының Назарбаев Зияткерлік Мектебінің  халықаралық сұрақтар бойынша директор орынбасары Нейтон Лолер сөз сөйледі. TEDtalks модераторы  ағылшын және неміс тілдері кафедрасының оқытушысы С.Г.Усенова болды. Нейтон Лолер мырза ағылшын тілін оқытудағы өз тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстандағы өмір үйреткен жайттар жөнінде ой қозғады. Мәселен, ол Қазақстанда 6 жыл тұрып, біздің елімізде адамдар басқа елдермен салыстырғанда, үлкенге көбірек құрмет көрсететіндігі жөнінде айтты. «Шетел филологиясы» мамандығының 2 курс студенті Шангереева Сауле «Ойдың жүзеге асуы» тақырыбында баяндама жасады. Әсіресе, «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 3 курс студенті Танжарикова Айдананың «Аз қаржылық шығынмен қалай саяхаттауға болады?» атты баяндамасы қызықты болды. Ол академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Еуропаға жасаған саяхаты бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 3 курс студенті Асылов Нұрсұлтан, факультеттің белсенді студенті, TEDx Ақтөбе қатысушысы «Шетел тіліндегі сөздерді қалай тез және тиімді жаттауға болады?» тақырыбында ағылшын тілінде қызықты дәріс оқыды. Ол ұсынып отырған есте сақтау техникасы мнемотехникамен байланысты. Конференцияны «Шетел филологиясы» мамандығының 2 курс студенті Кульманова Сауле аяқтап, студенттердің өзіндік даму, өзіндік білім алу маңыздылығы жөнінде баяндап, осы сұрақ төңірегіндегі өз тәжірибесімен бөлісті.

Шетел тілдері факультетінде өткізілген TEDx конференциясының танымдық маңызы өте зор.