Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Туған жерім – нұрлы елім!

Туған жерім – нұрлы елім!

Таяуда осы акция шеңберінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың бастамасымен Қобда ауданының күндері өтті.

Батырлар мекені аталатын Қобда жері – тарихы көне заманнан бастау алатын шежірелі өлке, қасиетті мекен. Аудан өңірі – тұнып тұрған тарих, қойнауы елдік пен ерліктің мәңгі өшпес өнегесіне айналған жәдігерліктерге толы. Қобда жері – атақты Абат, Исатай, Махамбет бастаған әйгілі күрестің соңғы шайқасы өткен өңір, жаугершілік заманда туған қарақыпшақ Қобыланды елін, жерін жортуылшы қалмақтардан жан аямай қорғап, атағы дүйім жұртқа жайылған жер.
Аудан күндері аясында екі күннен бері облыс орталығында бірқатар мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асырылған аталмыш акциясынан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембеков бастаған ұжым да шет қалмады.
«Әлия – ерліктің мәңгі алауы» Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова даңғылы мерекесінің бағдарламасы бойынша «Салауатты ұрпақ – ел болашағы» тақырыбында бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Ә.Молдағұлова даңғылында орналасқан мекеме ретінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұжымы да бұл шараларға өз үлестерін қосты.


Аудан күндері салт-дәстүрімізді құрметтеп, оның ішінде ұмыт бола бастаған жөн-жоралғыларды көпшілікке насихаттау мақсатында бірқатар шаралар да болды. Атап айтқанда, Ә.Молдағұлова даңғылында орналасқан мекемелердің қызметкерлері мен көше тұрғындарының қатысуымен велошеру және «ЦУМ» сауда кешені алаңында «Спорт – достық көпірі» атты ұлттық спорттық ойындардан арқан тарту, қазақша күрес, гір көтеру, қол күрес сынды жарыстар өтті. Ұлттық ойындарға университет ұжымы, бірқатар мекемелер мен қала жастары да белсене қатысты.
Шара барысында алдымен өңір басшысы бастаған топ Ақтөбе қаласындағы Қобда ауданы күндері аясында ұйымдастырылған «Құт-береке дарыған Қобда» атты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде болды. Облыс әкімі ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасымен танысып, кәсіпкерлермен тілдесті.
Содан соң Бердібек Машбекұлы, мекеме басшылары мен зиялы қауым өкілдері «Батырлар аллеясында» Ұлы Отан соғысындағы Кеңес Одағының Батырлары ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.
«Туған жерім – нұрлы елім» акциясы аясында қобдалықтар Ақтөбедегі Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалды ескерткішінің жанында «Өшпес ерлікке мәңгі тағзым» тақырыбында патриоттық шараны тамашалады. Аталмыш басқосуға батырдың туған-туыстары мен оның ерлігін зерттеу­шілер, ақын-жазушылар, қала тұрғындары және Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің басшылығы мен ұжымы қатыс­ты. Шара барысында жергілікті өнерпаздар барша жиналғандарға әсем әндері мен көркем билерін тарту етті.

Сандуғаш ДҮЙСЕНБАЕВА,
Ақтөбе қаласы

«Білімді ел» республикалық білім беру қоғамдық-саяси газеті