Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Елбасы мақаласы: облыста қандай шаруалар жасалып жатыр?

Елбасы мақаласы: облыста қандай шаруалар жасалып жатыр?

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің төрағалығымен «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын іске асыру жөніндегі сарапшылар кеңесінің отырысы өтті.

Отырысқа облыстық басқарма басшылары, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары жиынға онлайн режимінде қосылды.

Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғаннан бастап облыс көлемінде атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

— Бүгінгі күні Ақтөбе облысында осы алты бағытқа жауапты алты басқарма өздерінің іс-шаралар жөніндегі жоспарына сәйкес жұмысты бастады. Соның ішінде облыстық ішкі саясат басқармасы ақпарат-насихат жұмыстарын үйлестіріп келеді. Бағдарламаны халық арасында кеңінен насихаттау үшін жергілікті бюджеттен 9 миллион теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі күні облыстың 7 ауданында бұл мақсаттағы жұмыстар жүргізілді. Қараша айына дейін басқа аудандар да қамтылмақ, — деді Б.Елеусінова.

Оның айтуынша, Елбасы мақаласын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау мәселесі, әсіресе, аудандарда өз деңгейінде ұйымдастырылмай отыр.

— Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының логотипі бекітілді. Алдағы уақытта біз осы логотипті үнемі газет беттерінде жариялап, атқарылған жұмыстар туралы халықты хабардар етуіміз керек. Бүгінгі күні аудандық газеттерде ауданда өткізілген іс-шаралар туралы ғана ақпараттар беріліп отыр. Бұл жеткіліксіз.  Сондықтан біз осы жұмыстарға тұрғындар арасынан зиялы қауым, жастар өкілдерін, қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар белсенділерін тартып, олардың Елбасы мақаласы туралы ой-пікірлерін үнемі жариялап отыруымыз қажет.

Сондай-ақ осы бағыттағы жұмыстарды жүргізуде біз аудан орталығындағы ғана емес, кішігірім ауылдардағы әрбір тұрғынға осы мақаланың маңыздылығын түсіндіріп, онда айтылған мәселелерді кеңінен талқылауымыз керек, — деді Б.Елеусінова.

Оның айтуынша, бүгінде облыста «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасының кіші бағдарламаларының жобалары жасақталып, төлқұжаттары дайындалған. Атап айтсақ, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша облыста 27 жоба жүзеге асырылады. Сонымен қатар «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша 23 жоба,  «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы бойынша 10 жоба, «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша екі жоба іске асырылады.

— «Атамекен» кіші бағдарламасының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында облыс бойынша 556 жоба жүзеге асырылмақ. 3 айдың қорытындысы бойынша қазір облыста 286 жоба жүзеге асырылды. Алайда осы акция аясында аудандарда бірқатар кемшіліктер мен олқылықтар кездеседі. Бұл жұмыстарды жоғары деңгейде жүзеге асыру үшін аудан басшылары тыңғылықты жұмыс жасауы керек, — деді басқарма басшысы.

Жиында облыс әкімінің орынбасары «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасына байланысты аудандарда жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша Мұғалжар, Ырғыз аудандарының жұмысын сынға алды.

Онлайн режимге қосылған Мұғалжар және Ырғыз аудандары әкімдерінің орынбасарлары облыс әкімі орынбасарының қойған сауалдарына жауап беріп, кеткен кемшіліктерді атап өтті.

Отырыста «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасын іске асыруға бағытталған жұмыстар туралы облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова баяндады.

— Елбасы мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасы негізінде біздің басқарма 2017-2022 жылдарға 27 іс-шара жоспарлап отыр. Биыл аталған жобалар аясында облыс бойынша 208 оқушы, 26 жетекші

Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи қорығына саяхатқа барады. Бүгінгі күні оның 102-сі  саяхатқа барып келді. Сонымен қатар биыл облыста Ойыл, Байғанин аудандарында мектеп басшылары арасында жүргізілген ротацияның негізінде басқа аудандарда да бұл тәжірибені іске асыруды жоспарлап отырмыз, — деді С.Өмірбекова.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы ротацияның тиімділігі, сондай-ақ аудандарда балалар демалысына арналған іс-шаралардың тиісті дәрежеде ұйымдастырылуы туралы сауалдарға жауап берді.

Ербол Нұрғалиев облыстық білім басқармасы басшысына алдағы уақытта аудандық деңгейдегі жобаларды сараптауды тапсырып, Елбасы мақаласына қатысты маңызды, ауқымды іс-шаралар өткізуде ешқандай кемшіліктің болмауын, кеткен олқылықтарды жою керектігін ескертті.

Отырыста «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева баяндама жасады.

  • Аталған бағдарламаның «Өңірлік мәдениет, дәстүрлер мен құндылықтар», «Ішкі және қасиетті орындар туризмі», «Ұлттық құндылықтар — ел бірлігі», «Асыл ұрпақ», «Қасиетті Қазақстан» және «Арнаулы мәдени даму, яғни заманауи қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» базалық жобалары негізінде жұмыстарды өрістету басқарма тарапынан қолға алынды. Аталған жобалар аясында биылғы және келер жылға жоспарланған кең көлемді шаралардан 23-і іріктеліп алынып, оның 12-сінің ережесі, 11 іс-шараның төлқұжаты жасақталды,— деді басқарма басшысы.

Маржан Қорғанбаеваның айтуынша, биыл облыста аудан күндері аясындағы шаралар қыркүйекке дейін жалғасады. Аудан күндері аясында түрлі мәдени іс-шаралар, ауылшаруашылық жәрмеңкесі, көше мерекелері, тағы басқа акциялар бюджеттен тыс қаржыға ұйымдастырылуда.

— Биыл «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Ұлттық құндылықтар — ел бірлігі» базалық жобасы аясында басқарманың облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институтпен бірлесіп, 1 маусымнан бастап Ақтөбе қаласының маңындағы, сондай-ақ Шалқар, Байғанин аудандары аумақтарындағы орта ғасырлық және ерте темір дәуірі ескерткіштеріне зерттеу жұмыстары мен қазбалар жүргізілуде. Сонымен қатар биылғы жылы аталған жобалар аясында облыс деңгейінде 8-9 қыркүйекте Ойыл ауданында Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығы, 22-23 қыркүйекте Есет батыр Көкіұлының 350 жылдығы атап өтіледі.  Сондай-ақ белгілі жазушы Табыл Құлиястың «Мұхит» спектаклін Тахауи Ахтанов атындағы драма театры мен Ойыл халықтық театрының ұжымы қойылым ретінде көпшілікке ұсынса, жергілікті ақын-жырауларға «Жан серігім — домбыра!» атты ән-терме байқауы ұйымдастырылады, — деді М.Қорғанбаева.

Басқарма басшысы онлайн режимде қатысқан аудан өкілдеріне облыс көлеміндегі шараларға «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, өз үлестерін қосулары керектігін жеткізді.

— «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша басқарманың аудандармен байланысы жоқ. Аудандарда қазір бірталай шаруалар жасалып жатыр. Сіздер неге оған талдау жасамайсыздар? Бағыт-бағдар неге бермейсіздер? — деді Е.Нұрғалиев басқарма басшысына.

Отырыста облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы  облыстағы мемлекет қорғауындағы ескерткіштердің жай-күйі, Әлия ескерткішінің авторы, белгілі мүсінші, жерлесіміз Бақытжан Әбішевтің 70 жылдығына орай өткізілетін көрмеге қатысты туындаған мәселелер төңірегінде қойылған сауалдарға жауап берді.

Бұдан кейін жиында «Адырна» журналының бас редакторы, ақын, публицист Мейірхан Ақдәулетұлы басқарма басшысына өз ұсынысын айтты.

 Мәдениеттің ең үлкені, ол — әдебиет. Әдебиет — өмірдің оқулығы, мәдениеттің «көкесі». Кезінде коммунистер әдебиетті рухани тәрбиеге, адамгершілік тәрбиесіне қатты пайдаланды. Бізде қазір Жазушылар одағының бөлімшесі бар. Біз кейде белгілі жазушылар келсе абдырап қаламыз. Осы мәселе мәдениет басқармасы тарапынан ескерілсе дейміз. Ал рухани жаңғыруды халыққа насихаттайтындар, ол — ақын-жазушылар. Сондықтан олармен көбірек жұмыс істеу керек. Бұл, бір. Екіншіден, неше жылдан бері басқа облыстар 200-300 том етіп жергілікті ақын-жазушыларының кітаптарын шығарып жатыр. Ал біздің облыста тек 23 кітап шықты. Ескеретін жайт, қазір ақын-жазушылар елдің бетін көрмейтін болды. Неге біз оларды Елбасының саясатын насихаттауға жұмылдырмаймыз?! Бұл жұмысты мәдениет басқармасы қолға алып, жүйелі түрде ұйымдастыру керек, — деді Мейірхан Ақдәулетұлы.

Жиында сондай-ақ «Қазақстандағы киелі жерлер географиясы» жобасы туралы облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы мен Елбасы мақаласында айтылған «Қазақстанның жаңа 100 тұлғасы» арнайы жобасын облыста іске асырушы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Нұрбақыт Барбосынов баяндама жасады.

Отырыстың соңында зиялы қауым өкілдері облыста Елбасы мақаласына байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға өз бағаларын беріп, пікірлерін жеткізді.

— Бүгінде рух әлсіреді. Құндылықтар құнсыздана бастады. Сондықтан Елбасы мақаласының шығуы орынды. Бұл — әлемдік мәселе. Бүгін тыңдадық, көп жұмыстар жасалып жатыр. Облыс деңгейінде алдағы уақытта атқарылатын шара өте көп. Алайда олардың тиімділігін біз білмейміз. Сондықтан осы мәселеге басшылар көбірек назар аударса дейміз, — деді профессор, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев облыстық басқарма басшыларына алдағы уақытта аудандармен тығыз байланыс орнатып, оларға бағыт-бағдар беріп, жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.

—  Біріншіден, аталған жобалардың барлығының тиімділігін арттыруымыз керек. Екіншіден, қоғамның пікірі ескерілу керек. Үшіншіден ақпараттандыру мәселесінің көрсеткіші төмен. Сіздер жасап жатқан шаруаларды халық білмейді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуіміз қажет. Халық Елбасы мақаласының маңыздылығы мен бағдарламаның міндет-мақсатын түсінуі керек, — деді ол.

 Данагүл ҚАЗИХАН,

Ақтөбе газеті