Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жаңғыру жылы: ғылым мен инновация

Жаңғыру жылы: ғылым мен инновация

Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырыла басталғанына бір жыл толды. Осыған орай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Жастар, ғылым және инновациялар» атты конференция өтті. Студенттердің, магистранттардың, аспиранттардың, докторанттар мен жас ғалымдардың XIV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, аталған оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы, шетелден келген қонақтар, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінің студенттері, жас ғалымдар, аудан өкілдері, шығармашылық интеллигенция өкілдері қатысты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау сөзін жеткізген облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бір жылда істелген жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, өңірде «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына» және «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламалары бойынша 89 жоба іске асырылып жатыр.

— Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына тура бір жыл толды. Осы уақыт аралығында аталған бағдарлама шын мәнінде халықтық бағдарламаға айналып үлгерді. Ақтөбеліктер жобаның іске асырылуына белсенді қатысып отыр. Мысалы, «Атамекен» кіші бағдарламасы аясындағы «Туған жерге тағзым» жобасын орындау мақсатында 21 мемлекеттен келген жерлестеріміздің басын қосып, үлкен акция ұйымдастырдық. Жерлестер, меценаттар өңірдің дамуына барынша үлес қосып жатыр. Шығармашылық академиясы, Өнер орталығы, хоккей модулі, «Жұбановтар әлемі» сынды ірі ғимараттар салынды. Республикалық деңгейдегі «100 жаңа есім» бағдарламасына бес жерлесіміз енді, бұл да біз үшін мақтаныш, — дейді Қайрат Бекенов.

Облыста «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша биыл жыл бойы «Бақытты бала» жобасы өткізіледі. Сегіз топтамадан тұратын жобаға барлығы 4 млн теңге қаражат қаралған. «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберіндегі «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша биыл 2 млрд 750 теңге қаражатқа 648 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығын салу, «Мен ақтөбелікпін!» өңірлік жастар жобасы, ішкі туризмді дамытуға бағытталған «Хан қорығы» жастар фестивалі ұйымдастырылмақ.

Университетте өткен конференция барысында жас ғалымдардың инновациялық бастамалары, қолөнер туындылары, ғылыми жетістіктері қойылған көрме өткізілді.

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға өңіріміздегі жастарымыз да зор үлес қосып отыр. Көрмені аралағанда жастардың ерекше идеяларымен таныстық. Ақпараттық технология саласында керемет идеялар бар екен. Болашақ жаңа технологиялардың заманы, сондықтан бізге сапалы инженерлер, технологтар даярлау керек. Елбасы өз мақаласында биыл жоғары оқу орындарына қосымша 20 мың грант бөлінетінін, оның 11 мыңы техникалық мамандықтарға берілетінін айтты. Осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірде жас ғалымдарға гранттар бөлінетін болады. Яғни жастардың ерекше идеяларын қаржыландыру мәселесі шешіледі. Бұдан өзге Елбасының бес әлеуметтік бастамасына сәйкес, өңірде студенттерге жаңа жатақхана құрылысын салу жұмыстары да қолға алынып жатыр,  — деді облыс әкімінің орынбасары.

Университеттің проректоры Рақым Бекназаровтың айтуынша, биыл аталған оқу орнына бес мыңға жуық талапкер қабылданбақ. ЖОО жанынан колледж ашылады. Болашақ талапкерлерге тағы бір жағымды жаңалық — «Алтын белгі» ала алмай қалған «алтынға» үміткерлер аталған университетке тегін оқуға түсе алады. Бұған қоса Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Ресейде тұратын қазақ диаспораларының өкілдеріне де осы университетке түсуге жеңілдіктер қаралған.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінде білім сапасының халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Университеттің бірінші проректоры, профессор Қуанышбек Шүңкеевтің айтуынша, оқу орнының ғимараттары, оқу кабинеттері, зертханалардың барлығы халықаралық деңгейдегі стандартқа сай жаңарып жатыр. Бірқатар жаңа кабинет ашылды, біразы жөндеуден өткізілді.

— «Рухани жаңғыру» жүрегі қазақ деп соғатын әр азаматтың аңсап күткен бағдарламасы деп білемін. Ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейде паш етуге мүмкіндік беретін бастаманы халық іштей күтіп жүрді десем, қателеспеспін. Біздің оқу орнында да іргелі жұмыстар жасалып жатыр. Білім сапасын арттыруға бағытталған жобаларымыз бар. Студенттеріміз Еуропа, Азия елдерінде, Американың жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлық жобасы бойынша дәріс алып жатыр. Мемлекеттік тілдің латын графикасына көшуі, өлкетану, «Цифрлық Қазақстан» цифрлық жоғары оқу орны сынды бағдарламалар бағытында жұмыстар жалғасып келеді. Инновациялық технологиялар паркінің жұмысы жолға қойылды, — дейді бірінші проректор.

Шара барысында жоғары білім берудің Федералды мемлекеттік автономды білім беру мекемесі Оңтүстік Орал мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, доцент Павел Гамовтың, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университеті студенттерінің баяндамалары тыңдалды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тілеу Айтұлы, Дербісәлі Беркімбаев, Ғалымжан Нұрышев, Мұхтар Арын атындағыарнайы ашылған кабинеттерге экскурсиялар жүргізілді.

Конференция аясында облыстық басқармалар мен аудандардың көрмесі өткізілді.

Көрмеге «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша өңірде бір жыл бойы істелген жұмыстардың нәтижелері қойылды. Кіші бағдарлама аясында облыста былтыр жалпы құны 500,3 млн теңге болатын 40 жоба іске асырылған. Мәдениет саласында ірі ғимараттар пайдаланылуға берілді. Аудандарда ауылдық клубтар ашылды. Түрлі фестивальдер, байқаулар, аудан күндері өткізілді.  Жинақтар, фотоэнциклопедиялар, каталогтар әзірленді, облыстың туристік картасы, туристік портал жасақталды. Осы дүниелердің барлығы көрме барысында қалың жұртшылыққа таныстырылды.

— Ырғыз ауданында аталған бағдарлама аясында көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Аудандық өлкетану музейі тарапынан жинақтар шығарылды. Астанадағы ұлттық музейді, облыстық музейдің қызметкерлерін шақыртып, көне тас дәуіріне жататын жерлерде зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің ғалымдарымен де тарихи жерлерді зерттеуге қатысты келісімге қол жеткіздік. Аудандағы ауылдардың тарихы жинақ ретінде баспадан шығатын болады. Бұл жұмыстарға жастарды, мектеп оқушыларын араластыруға тырысамыз, себебі жастар туған жер тарихын білуге тиіс. Оқушылар арасында Ырғыз тарихы туралы шығармаларға байқау жарияладық. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жеңімпаз оқушыларға облыстық лагерьлерге жолдама беретін болды, — дейді Ырғыз аудандық музейінің директоры Әлібек Таубатыров.

Батырлар өлкесі Қобда ауданында да «Рухани жаңғыру» жобасының кіші бағдарламалары бойынша іргелі жұмыстар жүргізілді.

— «Мәңгілік ел», «Отан-Ана» саябақтары, «Әлия Молдағұлова» гүлзары, басқа да құрылыстар соның айғағы. Ұлы Отан соғысының боздақтары, Ұлы Дала дарабоздары, Социалистік Еңбек Ерлері, ауған, Чернобыль соғыстарының жауынгерлері, бейбіт күннің полиция сарбаздары сынды топтамаларға бөлінетін барельефтеріміз де бүгін аудан орталығының көркін келтіріп тұр. Ауданда тарихи ескерткіштер жаңартылды, бірнеше жаңа ғимарат ашылды, жинақтар шығарылды. Осының барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жүзеге асырылды, — дейді Қобда аудандық өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Гүлбаршын Ерғалиева.

«Рухани жаңғыру» жобасы шеңберінде биыл Байғанин ауданының құрылғанына тоқсан жыл толу шарасы өткізіледі. Киелі өлкенің энциклопедиясы жарық көрмек. Аталған жоба аясында жалпы құны 155 млн теңге болатын 66 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аудан бойынша жобалық кеңсесінің менеджері Еркеназым Рахметованың айтуынша, бүгінде 10 млн 500 мың теңгенің 3 жобасы жүзеге асырылған. «Тәрбие және білім», «Атамекен» кіші бағдарламалары бойынша Жем бойында жазғы лагерь ашылып, табиғи ескерткіштерге экскурсиялар ұйымдастырылмақ.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ

http://www.aktobegazeti.kz/?p=65227