Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қ.Жұбанов университетінің студенті «Мисс Ақтөбе фк» атанды

Қ.Жұбанов университетінің студенті «Мисс Ақтөбе фк» атанды

«АҚТӨБЕ» ФУТБОЛ КЛУБЫ ӨЗІНІҢ ЕҢ СҰЛУ ЖАНКҮЙЕРІН ТАҢДАДЫ

Ақтөбе қаласында футбол клубының жанкүйер қыздары арасындағы сұлулық сайысы аяқталды. 22 жастағы Эльвира Кидралина «Мисс «Ақтөбе» ФК» атанды.

Бұған дейінгі іріктеу сайысына 40 қыз қатысқан еді. Сол қырықтан 5 ару  іріктеліп шықты.  Футбол десе ішер асын жерге қоятын бес жанкүйер қыздың өнерін қызықтағандар көп болды.

«Ақтөбе» футбол клубының 50 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл шара жанкүйерлер үшін нағыз мерекеге айналды.  Кештің басты қонағы һәм бас төреші  белгілі футболшы  Сергей Рогачевті жанкүйерлер ықыласпен қарсы алды.  Төрешілердің қатарында «Ақтөбенің» қазіргі ойыншылары мен гір спортынан 12 дүркін әлем чемпионы Евгений Гончаров та бар еді.

Әуелі  байкерлер қыздарды мотоциклге мінгізіп, сахнаға әкелді. Сайыс басталды. Қыздар футболға қатысты білім деңгейлерін, әртістік қабілеттерін көрермендерге паш етті. Содан кейін, әр футболшының алаңдағы позициясына сәйкес, ойыншылардың орындарын алмастырды. Тәтті тағамдар әзірледі.

Жанкүйер болып айқайлап, жұрттың делебесін қоздырды.

«Неліктен Криштиану Роналдуды командаға алу керек?» деген сұраққа берген қыздардың жауаптары  жұртты риза етті. Бұдан бөлек, олар Андрей Сидельников қорғаған қақпаға гол салды, допты ұршықша үйірді, жанкүйерлермен биледі.

Төрешілердің дауыс беру нәтижесіне сәйкес бірінші орынды 22 жастағы Эльвира Кидралина жеңіп алды. Екінші орынды Венера Загрединоваға,  үшінші орын Алина Валиеваға бұйырды. Дания Кулярканова жанкүйерлер ықыласына  бөленді. Айдана Жакасова «Мисс креатив» атанды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орынға — IPhone7, екінші орынға — жиһаз, үшінші орынға жакет берілді.

Қамбар МҰҚАШЕВ,

Ақтөбе газеті