Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Жастар үйінің» тұрғынымын

«Жастар үйінің» тұрғынымын

Муниса Төребекова — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 2-курс студенті. Ұлты өзбек болса да, қазақ тілін жақсы біледі.

— Бүгінде Қазақстандағы өзбек ұлтының 80 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысында тұрады. Менің де ата-анам сол өңірдің Түркістан қаласында дүниеге келген. Әкем Төребек Абдужамитов Ташкент пен Түркістан қалалары арасында кәсіпкерлікпен айналысады. Ал анам Мунира Абдужамитова отбасындағы бала тәрбиесінде.

Орта мектепті өзбек тілінде бітірсем де, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде  физика-математика факультетінің қазақ тобында оқып жатырмын. Бұл білім ордасы — қазіргі заман талабына сай, білікті де білімді мамандарды даярлайтын алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі. Биыл жаңадан ашылған «Жастар үйі» жатақханасынан орын берілді. Студенттерге алаңсыз білім алуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан университет басшылығына өз ризашылығымды білдіремін.

Қазақстанда тұрып жатқан этностардың теңдігі мен еркіндігі сезіледі. Студент жастардың арасында да үлкен татулық бар. Осының өзі біздің өзара бірлігімізді нығайтып, ұлтаралық жарастығымызды көрсететіні анық. Қазақстан — менің Отаным. Сондықтан өз елімді мақтан тұтамын, — дейді Муниса Төребекова.

20 жастағы өзбек ұлтының қызы университетте ұйымдастырылатын барлық қоғамдық шараларға белсене араласады. Жыл сайын пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Факультеттегі волейбол құрамасының белді мүшесі. Сондай-ақ ол кішкентай кезінен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін сүйіп оқитынын айтты.

— Қазақстан — көпұлтты мемлекет. Қазақ пен өзбек елі ертеден бауырлас халықтар. Бүгінде жақын араласатын достарымның барлығы — қазақтар. Қазақ халқының тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін ерекше құрметтеймін.

Ақтөбеліктерді Бірлік мерекесімен құттықтаймын! Бір шаңырақ астындағы халқымыздың ынтымақтастығы мен өзара ауызбіршілігі нығая түсіп, достығымыз мәңгі жасай берсін, — деді ол.

 

Ақбота ҚАЛДЫБЕК

http://www.aktobegazeti.kz/?p=65685