Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінің 1000-ншы талапкері қабылданды

Жұбанов университетінің 1000-ншы талапкері қабылданды

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде  мыңыншы талапкерге сертификат тапсыру рәсімі болып өтті.  Мұндай шара университет тарихында алғашқы рет өткізіліп отыр.

Салтанатты шараға университет ректоры, университет проректорлары, Маркетинг орталығы, Қабылдау комисиясының ұжымы,  талапкерлер және олардың ата-аналары, туыстары қатысты.

Атап айтар болсақ, 2017 жылдың шілде айының 27-сі күнгі статистикалық мәлімет бойынша университеттің Маркетинг орталығы   1000-ншы талапкерді тіркеді. Соның нәтижесінде Ақтөбе қаласындағы №3 орта мектептің түлегі Ислам Ермекұлы Рысмағамбетов университеттің 15 пайыздық жеңілдік сертификатына ие болды.

Аталмыш шараны Маркетинг орталығының директоры Мырзашова Алтын Қуанышбекқызы  алғысөзімен ашып, талапкерлерге сәт сапар тіледі. Шара барысында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембеков  АӨМУ-дің мыңыншы талапкерін құттықтап,  сертификат табыстады.

Жиын кезінде сертификат иесі Рысмағамбетов Ислам Ермекұлы: «Күні кеше Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне құжат тапсырған болатынмын. Мен үшін күтпеген жаңалық, мен үшін бүгін сәтті күн болды. Университет басшылығына алғысымызды жеткізгім келеді. Ақтөбедегі белді жоғары оқу орындарының бірі – Қ.Жұбанов Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін таңдағаныма қуаныштымын », — деді.

Шара кезінде Исламның ата-анасы да өз қуаныштарын жасыра алмады, әкесі Ермек: «Мұндай қуанышты жаңалыққа қуанып отырмын. Тұңғыш рет өткізіліп отырған бастаманың алғашқы мыңдығына еніп отырмыз. Шыны керек, біз алғашында сенбедік. Мұндай мүмкіндікті бірінші рет естуіміз. Біз үшін күтпеген тосын сый болды. Жақсы бастама екен, оқу ақысының 15 пайызына ие болу деген үлкен мүмкіндік. Сондықтан да барлығына және арнайы университет ректорына алғысымды айтамын»,- деді.

Жиын соңында  университеттің 1000-ншы талапкері  Университет басшыларымен естелік суретке түсті.