Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Астанадан келген комиссия мемлекеттік қызметтерді тексеріп жатыр

Астанадан келген комиссия мемлекеттік қызметтерді тексеріп жатыр

Елге танымал блогер Ғалым Байтөк пен экс-депутат Айгүл Соловьева бастаған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және бағалау жөніндегі мониторингтік топ Ақтөбеге келді. Олар екі күн бойы қаладағы әлеуметтік нысандарды аралап, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын қарайды. Мониторингтік топ ат басын тіреген алғашқы нысан — Қ.Жұбанов университетінің «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығы. Мұнда студент құжатқа қатысты барлық қызметті ала алады. Бұрынғыдай деканат пен ректораттың арасында жүріп, уақытын жоғалтпайды. Блогер Ғалым Байтөк кейін «Қазтрансгаз Аймақ» АҚ-ның Ақтөбедегі өндірістік филиалына барды. Мұнда шағын халыққа қызмет көрсету орталығы жасақталған. Тұрғындар газға қатысты кез келген мәселені осы жерде шешеді. «Бір терезе» қағидасымен жұмыс істеу бір жағынан халықтың уақытын үнемдесе, екінші жағынан маман құжат жасауға келген тұрғынмен бетпе-бет кездеспейді, демек, қайсыбір қызметі үшін қосымша ақша сұрамайды. Бұл парақорлықтың алдын алады. Мониторингтік топ мүшелері газ мекемесіндегі халыққа қызмет көрсету орталығын қарап шығып, кемшіліктерін көрсетті. Түстен кейін бұл топ мемлекеттік кірістер жөніндегі департаментке барды. Салықшылар халыққа жеке кәсіпті тіркеу, кассалық апаратты есепке қою, патент алу секілді мемлекеттік қызметтің 21 түрін көрсетеді. Төрт айдың ішінде 231 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Халықтың электронды қызмет түрін пайдалануды үйренгені жақсы. Мемлекеттік қызметкермен кезікпейді.

http://www.rikatv.kz/kz/news/astanadan-kelgen-komissiya-memlekett-k-yzmetterd-tekser-p-zhatyr.html