Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Өндіріс орнындағы сабақтар қызық өтуде

Өндіріс орнындағы сабақтар қызық өтуде

Бүгін Жұбанов университетінің «Металлургия» мамандығының 3-курс студенттері дуальды оқыту жүйесі бойынша «Металлургиялық өндіріс технологиясы» пәні сабағын «МТС-Трактор» ЖШС зауытында өткізді.

Оған дейін аталмыш зауытта сабақ өткізу үшін арнайы оқу кабинеті жасақталған болатын. Алғашқы сабақ сыйымдылығы 1 тонна (ДППТ-1) жартылай өндірістік доғалы тұрақты тоқ пешінде металды балқыту және құю үрдісін бақылауға арналды. Студенттер алдында Ақтөбе қаласындағы «Сайлан Ақтөбе» ЖШС бас директоры Бақытбек Дүзелбаев пешті іске қосып, көрсетті. Аталған пештер Ақтөбе ферроқорытпа зауытының ескі және жаңа зауытта шығатын қалдықтарды қайта балқытуымен айналысады. Сонымен қатар студенттер «МТС-Трактор» ЖШС зауытының ішін аралап, болашақта өткізілетін жұмыстармен танысты.

Студенттердің өндіріс орнындағы алғашқы сабағына Ғылыми-инновациялық бағдарламалар департаментінің директоры Берікхан Иісбекұлы, Техникалық факультетінің деканы Өтеген Сариев, Техникалық факультетінің ғылыми жұмыс бойынша декан орынбасары Ербол Қуатбай, «Металлургия және тау-кен ісі» кафедрасының меңгерушісі Бауыржан Келаманов және «МТС-Трактор» зауыт директоры Сабыржан Бегімбаев қатысты.

Сабақ барысында «Металлургия» мамандығының 3-курс студенті Мұрагер Құлмырза өз әсерлерімен бөлісіп: «Бүгінгі сабақ қызықты өтіп жатыр. Зауыттағы доғалы тұрақты тоқ пешін көрдік. Теориялық алған білімімізді практика жүзінде қолдануға жасалып отырған мүмкіншілікке өте қуаныштымыз», — деді.