Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жас өнертапқыштар сынға түсті

Жас өнертапқыштар сынға түсті

Турнир

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде робототехника бойынша «ҚазРоботикс — 2018» облыстық іріктеу турнирі өтті. Турнирге 9-21 жас аралығындағы жүзден астам өнертапқыш қатысты.

«ҚазРобототикс» Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника Федерациясы», облыстық «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастырумен өткен шараға Ақтөбе қаласынан, облыс аудандарынан 60-қа жуық команда өз жұмыстарын ұсынды.

— Былтыр Ақтөбе қаласында тұңғыш рет робототехника бойынша руспубликалық турнир өтті. Жыл сайын ақтөбелік оқушылардың бұл салаға деген қызығушылығы артып келеді.

Бүгін қатысушылар «Қазробоспорт» және «Қазробопроджект» бағыттары бойынша сынға түседі. Бүгінгі таңда мұғалімдерге робототехника бойынша арнайы курстар оқытылып жатыр. Алдағы уақытта облыстың барлық мектептерінде арнайы үйірме енгізілмек, — деді облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Асылжан Бүркіталин.

Қатысушылар турнирде жас ерекшеліктеріне қарай сызықпен жүру, робо-сумо, кегельринг түрлері бойынша бақ сынасты. Сондай-ақ биыл биатлон, эстафета және лабиринт түрлері қосылып отыр.

Шараның ашылуына аталған университеттің ректоры Бауыржан Ердембеков қатысып, сәттілік тіледі. Сондай-ақ бұл сала болашақта жастарға IT-технологияларды тез меңгеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

— Мен Темір ауданының Шұбарқұдық кентінен келдім. Сондағы №4 орта мектепте өткен жылдың қыркүйек айында работотехника үйірмесі ашылды. Содан бері тұрақты түрде қатысып келемін. Басты мақсатымыз — ойын алаңында жеңіске жететін автоматты роботтарды құру. Бүгінгі турнирге робототехниканың робо-сумо түрі бойынша дайындалып келдім, — деді қатысушылардың бірі Бекжан Қалниязов.

Мұндай шаралар дарынды жастарды анықтауға мүмкінідік береді. Сондай-ақ олардың шығармашылықтарын шыңдауға және мектеп қабырғасынан бастап ойлау қабілеттерін дамытуға септігін тигізеді.

Айта кетейік, турнир жеңімпаздары қыркүйек айында Петропавл қаласында өтетін республикалық додаға қатысуға мүмкіндік алады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК

http://www.aktobegazeti.kz/?p=65934