Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетімізде «жас өркен» тағылымдамасының екінші кезеңі өтті

Университетімізде «жас өркен» тағылымдамасының екінші кезеңі өтті

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры жоғарғы оқу орындарының түлектері арасында байқау жариялған болатын. Енді «Жас Өркен» бағдарламасы арқылы іріктелетін дарынды жастар «Самұрық-Қазынаның» жетекші компанияларында оқу-өндірістік іс-тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. «Самұрық-Қазына» қоры қолға алған «Жас Өркен» бағдарламасы жоғарғы оқу орындарын биыл бітіретін түлектерге арналған.  Байқаудың негізгі мақсаты – компанияға қажетті жетекші мамандарды дайындау, олардың білімі мен біліктілігін жетілдіруіне мүмкіндік ашу.

2017 жылдың шілде айының 28-і күні университетіміздің Экономика және құқық факультетінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры «Жас Өркен» бағдарламасы бойынша Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының жастары арасында 2 кезеңі өтті. Олар университеттегі  Цифрлық технологиялар орталығында вербалды және сандық тест тапсырып, топтық тапсырмалар орындады.

Кездесу аудитория арасында үлкен қызығушылық туғызды, қызу диалогтар өткізіп, көптеген сұрақтар қойды. «Самұрық-Қазына» АҚ «Жас Өркен» бағдарламасы өкілдері біздің университетпен әрі қарай ынтымақтастыққа ниет білдірді.

Аталмыш бағдарламаны ұйымдастырушылар: «Бұл бағдарламаның ерекшелігі біз өзімізге қажетті болашақ басшыларды іріктеп аламыз. Яғни көшбасшылық қасиеті бар қыз-жігіттерді таңдап, олардың білімдері мен біліктіліктерін жетілдіруге жол ашамыз. Іріктеу жұмысы төрт сатыдан тұрады. Ең таңдаулы деген 20 түлек «Самұрық-Қазынаның» корпоративтік университеті мен Мәскеуде бес апталық дәріс алады. Сосын Қазақстанның ұлттық компанияларында қараша айынан бастап 2019 жылдың маусымына дейін іс-тәжірибеден өтіп, өз біліктілігін жетілдіреді», — деді.

Айта кететін жайт, жастардың жүріп-тұруы мен еңбекақыларына қаражатты қор бөледі. Алғашқы екі айда олардың жалақысы 80 мың теңге болса, өндірістік іс-тәжірибе басталған соң жастардың шәкіртақысы 100 мың теңгеге дейін өседі. Кейін 140 мыңға көтеріледі. «Самұрық-Қазына» қоры адам ресурстарын басқаруда жаңа әдіске көшкені белгілі. Ұлттық экономикадағы жетекші ұжымда кадр іріктеу мәселесі ашық әрі әділ түрде конкурс арқылы өтеді.

Алғашқы кезеңде байқауға қатысушылар үш тапсырма орындаулары керек болды:  уәждемелік эссе жазу (жоғары балл 10) және үміткердің талдап, сараптау машығын, басымдылық беретін мәселелерді анықтай білу және тез шешім қабылдай алу қабілетін анықтауға арналған, әрқайсы 5 балдан бағаланатын екі тапсырма. Алған бағалар негізінде 222 қатысушы келесі кезеңге жолдама алды. «Біз түлектер тарапынан туындаған үлкен қызығушылыққа қуаныштымыз. «Жас Өркен» тағылымдама бағдарламасы жас түлектің табысты қызметке қол жеткізуіне оң әсерін тигізеріне сенімдімін. Сонымен қатар, іріктеу кезеңінің толығымен ашық әрі әділ өткенін, барлық қатысушыларға тең жағдай жасалғанын атап өткім келеді. Уәждемелік эссе автордың жеке қасиеттері мен жетістіктері, тақырыпты түсінуі мен аша білуі, дәйектерінің салмақтылығы, жалпы логикасы мен ойын жеткізу жүйесі және әрине, мәтіннің кәсіби тұрғыда жазылуы сияқты т.б сипаттамаларға сәйкес бағаланды» — деп  атап өтті ұйымдастырушылар.

Байқаудың келесі үшінші кезең Астанада, «Самұрық-Қазына» Корпоративті Университетінде  өтеді. Үміткерлер ынтасын және іске ыңғайын, қарым-қабілетін анықтайтын сұхбатқа қатысады. Әр кезеңнен өткен үміткерлердің тізімдері https://www.skcu.kz/zhasorken/  сайтында жарияланып отырады, сонымен қатар, әрқайсына өтініштерінде көрсеткен электронды почталары арқылы хат жолданады. Еске сала кетейік, барлық кезеңнен өткен 20 үміткер жеңімпаз атанып, «Самұрық-Қазына» Корпоративті Университетінде дәріс алады, сосын Қазақстанның ұлттық компанияларына тағылымдамаға жіберіледі. Бағдарлама 2 жылға жоспарланған. Бұл уақыт ішінде тәлімгерлерге стипендия мен тағылымдамадан өтуге барған аймаққа жол-пұлы, жатын-орны шығындары өтеледі.

Жиын соңында, екінші іріктеу кезеңін Ақтөбеде ұйымдастыруға атсалысқан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры мен  университеттегі Цифрлық технологиялар орталығына алғыстарын білдірді.