Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тарих факультетінің оқу ғимаратына діни ағартушы, ұстаз, қоғам қайраткері Досжан Қашақұлы есімі беріледі

Тарих факультетінің оқу ғимаратына діни ағартушы, ұстаз, қоғам қайраткері Досжан Қашақұлы есімі беріледі

Бұл жөнінде Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков бүгін Студенттер сарайында өткен «Қоғамдық сананы жаңғырту және дәстүрлі рухани білім мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзінде мәлімдеді. Ол «Мешіт-медреселер салып, талай қазақтың көзін ашқан Досжан Қашақұлына университетімізде бүгін осы конференция аясында арнайы оқу кабинеті ашылады. Болашақта тарихшылар мен теологтар оқитын тарих факультетінің ғимаратына Досжан хазірет атын беру мәселесі Ғылыми кеңеске ұсынылды»,- деді.

Конференция Ақтөбе облыстық «Нұрғасыр» мешіті мен Ақтөбе медресе-колледжінің 10 жылдықтарына арналды және бұл ғылыми бас қосу «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Жұбанов университетінде ұйымдастырылды.

Конференция мақсаты: дінтану ғылымының, дін тарихының өзекті мәселелерін, рухани тәрбие беру және «Дінтану» пәнін оқыту мәселелерін талқылау.

Конференция барысында келесі мәселелер талқыланды: зайырлылық қағидасы және білім мен тәрбие мәселелері; рухани білім мен тәрбиенің этнопедагогикалық мәселелері; гуманитарлық және жаратылыстану пәндері: рухани тәрбие; дінтану пәнін діни оқу мекемелері мен зайырлы оқу орындарында оқытудың ерекшеліктері; қазақстан діни оқу мекемелері мен зайырлы  оқу орындарының рухани тәрбие жұмыстарының ортақ мақсаттары мен ерекшеліктері; діни сауаттылық: мәні мен мақсаттары.

Конференциядағы құттықтау сөзінде, сондай-ақ ректор Бауыржан Ердембеков Жұбанов университеті республикада алғашқылардың бірі болып, оқу процесіне бакалавриат деңгейіндегі мамандықтардың барлығына 2 кредит көлемінде «Дінтану» элективті пәнін енгізгені туралы атап өтті.

«Биылдан бастап «Дінтану» пәнін мектепте оқытатын мұғалімдердің кәсіби құзіреттілігін күшейту үшін «Тарих-дінтану» қосарланған мамандығы ашылды»,- деп хабарлады Б.Ердембеков.

Конфренция пленарлық мәжілісінде Жұбанов университетінің «Әлеуметтік зерттеулер орталығының жетекшісі», философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелды Айталы, «Ақтөбе облысының дін істері бағдарламалар» ММ басшысы Жолдас Қалмағанбетов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб муфти, PhD докторы Алау Әділбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Мәдениеттер мен діндер халықаралық орталығының жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Айдар Әбуов, «Нұр-мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы Шамшәдин Керім, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Дінтану» кафедрасының меңгерушісі, профессор Тышхан Кеншилик, Ақтөбе медресе-колледжінің директоры, теология магистрі Әбдімүтәліп Дәуренбеков сөз сөйледі.

 «Қазақстанның төл исламтану мектебін қайта жаңғыртудың өзектілігі» атты тақырыбын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб муфти, PhD Алау Әділбаев өз баямандамасында сөз етті. Алау Шайқымұлы «Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек»,- делінген Мемлекет басшысының осы бастамасынан кейін елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың кешенді бағдарламасының бөлігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы болып табылатының атап өтті.

Сондай-ақ ол: «Бұл бастама мен жоба біздің ата-бабаларымыздың дәстүрлі исламды түсінуін кеңейтуге және бүгінгі сананың мәнін түсінуге көмектеседі. Жас ұрпақ біздің ата-бабаларымыздың жолын біліп, біздің ұлттық бейнемізге және сипатына сәйкес келуге тиіс»,- деді Алау Әділбаев.

Конференция барысында спикерлерге жазбаша сұрақтар жолданып, кездесу соңында блиц форматында жауаптары берілді.

Конференцияны қорытындысында Ақтөбе медресе-колледжінің директоры, теология магистрі Әбдімүтәліп Дәуренбеков университет ректоры Бауыржан Ердембековке, ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаровқа, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталыға бүгінігі шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, теология ғылымына қосқан үлестері үшін Алғыс хаттар тапсырды.

Пленарлық мәжілістен кейін тарих факультетінің ғимаратында қатысушылар Досжан хазірет атындағы арнайы оқу кабинетінің ашылу рәсіміне қатысты. Конференция дінтану ғылымының, дін тарихының өзекті мәселелері, рухани тәрбие беру және «Дінтану» пәнін оқытуға байланысты сұрақтарды талқылаған 5 секциялар жұмыстарымен аяқталды.