Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жастар саясаты > Шетелдік студенттер «Би толқынында — 2018» би байқауының жүлдегерлері атанды

Шетелдік студенттер «Би толқынында — 2018» би байқауының жүлдегерлері атанды

Ақтөбе облысының әкімдігі және облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру», «Бақытты бала» жобасы аясында, балалар және жасөспірімдер арасында таланттарды анықтау, дамыту және қолдауға бағытталған «Би толқынында — 2018» атты І халықаралық хореографиялық би байқауы Шығармашылық Академиясында өткізілді.

Жұбанов университеті халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алып жатқан Іле педагогикалық институтынан келген шетелдік студенттер мен Конфуций институтының «Қытай тілі» оқытушыларынан құралған «Қызғалдақ» би тобы қатысып,  жүлделі I және III дәрежелі дипломдарды иеленді. Ұйымдастырушылардың атынан университет  ректоры Бауыржан Ердембековке Алғыс хат жолданды, қатысушыларға ұлттық нақыштағы арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Шараның негізгі идеясы — көршілес елдер арасындағы достық қарым-қатынас нығайту. Мақсаты — талантты балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін арттыру, әр ұжымның көркемдік жетекшілерінің өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру. Байқауға халықаралық деңгейдегі білім беру орындары, қосымша білім беру орталықтары және осы бағыт бойынша жеке білім беру ұйымдарының 3-25 жас аралығындағы жастары өнер көрсетті. Фестивальға  Қазақстанның барлық аймақтарынан және көршілес жатқан Ресейден 18 топ, 300-ге жуық  бишілер қатысты.