Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жұлдызды түлектер > Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жаңа директоры – Жұбанов университетінің түлегі

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жаңа директоры – Жұбанов университетінің түлегі

Үстіміздегі жылдың мамыр айында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры болып Жалғас Мусабеков тағайындалды.

Жалғас Берекетұлы 1997 жылы Жұбанов университетінің «Қара металдар металлургиясы» мамандығына оқуға түсіп, 2002 жылы «Инженер-металлург» біліктілігі бойынша үздік дипломмен бітірді. Еңбек жолын Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №2 балқыту цехында ферроқорытпа балқытушысы қызметінен бастады. Әрі қарай кәсіби шеберлігін шыңдай отырып ол өндіріс шебері, өндірістік-техникалық бөлімінде инженер-технолог, сосын осы бөлім бастығының  орынбасары болып істеді.  Одан кейін  «Казхром» ТҰК» АҚ техникалық даму департаменті бастығының орынбасары лауазымы қызметіне көтеріліп, абыройлы еңбегінің арқасында жақында  Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры болып тағайындалды.

«Жұбанов университетінде «Металлургия» мамандығы 1995 жылы ашылды. Ақтөбе ферроқорытпа зауытына директор болып тағайындалған Мусабеков Жалғас алғашқы түлектеріміздің бірі. Университет түлегінің осындай үлкен және жауапты қызметке тағайындалғанын мақтан етеміз. Жаңа директордың өңірлік өндірісті дамытуда нәтижелі жұмыстарды қолға алатынына сенім білдіреміз және оған табыстар тілейміз»,-деді техникалық факультет деканы Өтеген Сариев.

Жұбанов университетінің  «Металлургия және тау-кен ісі» кафедрасы мен «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамы арасында «Металлургия және тау-кен ісі» бакалаврын дайындау, компания филиалдарына нақты жұмысқа тұрғызу бойынша ұзақ мерзімді келісім-шарт жасалған. Келісім-шарт негізінде кафедра студенттері Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Дөң кен байыту комбинаты өндіріс орындарында оқу және өндірістік тәжірибелерінен өтеді, сондай-ақ 3-4 курс студенттері арасында  өте жақсы оқығаны және қоғамдық істерде белсенді болғаны үшін атаулы шәкіртақы алатындары бар. «Металлургия» мамандығын бітіруші түлектердің  80%-і аталған кәсіпорынға жұмысқа қабылданады.