Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Студенттік жатақханалардың жайы қандай?

Студенттік жатақханалардың жайы қандай?

 Президенттің бес әлеуметтік бастамасы

Биыл Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырған болатын. Осыған орай елімізде жатақхана тапшылығын шешу мақсатында жан-жақты жұмыстар қолға алынуда. Ал біздің облыста студенттер жатақханамен қалай қамтылған? Бұл мәселеге орай жоғары оқу орындарының өкілдері не айтады?

Мәселенің бір шешімі — мемлекеттік-жекеменшік әріптестік

Ресми деректерге сүйенсек, қазір Ақтөбеде жоғары және арнаулы білім алып жатқандар саны — 49 мың. 22 мың студент жоғары оқу орындарында оқиды, колледждерде 27 мың оқушы білім алады, бұлардың 65 пайызы ғана жатақханамен қамтылған.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, облыстағы 44 колледждің 13-інде жатақхана жоқ. Ал қолданыстағы жатақханалар барлық білім алушыларды сыйғыза алмайды.

Қазіргі таңда облыста студенттерді жатақханамен қамту мәселесі тікелей облыс әкімінің бақылауында тұр. Бұл мақсатта облыс басшысы жуырда облыс әкімдігінде жиын өткізіп, жауапты тұлғаларға осы бағытта қарқынды жұмыс жасауды тапсырды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, бүгінгі күні Ақтөбедегі жоғары оқу орындарының ішінде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің 400-ден астам студентіне орын жетпейді. Қалған 5 жоғары оқу орны, атап айтсақ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті, Қазақ-орыс халықаралық университеті, сондай-ақ режимдік тәртіпте жұмыс жасайтын Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты мен М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты студенттерін жатақханамен 100 пайыз қамтамасыз етіп отыр.

Жатақхана — студенттің үйі. Сондықтан кез келген жас студент атанған соң жатақханаға жатып, студенттік шақтың қызығы мен қуанышын достарымен бірге бөліскісі келеді. Себебі студенттер үшін жатақхана —  тек жайлы баспана ғана емес, сондай-ақ жастардың рухани-мәдени дамуына да септігін тигізетін орын. Мұнда күнде жиын, күнде той, қайнаған тіршілік.

Қазір студент үшін жатақханадан орын алу — ең басты мәселелердің бірі. Жатақханадан орын тимегендер пәтер жалдайды немесе туыстарының үйінде тұрады. Алайда ауылдан келгендердің барлығының бірдей пәтер жалдауға қалтасы көтере бермейді.

Бүгінге дейін бұл жағдай өзекті мәселелердің бірі болып келді. Ендігі уақытта бұның шешілер шағы алыс емес. Себебі қазір еліміз бойынша Елбасы тапсырмасына орай жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Елбасы өзінің «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде: «…Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек», — деді.

Демек, алдағы уақытта елімізде жатақхана салу мәселесі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өз шешімін табатын болады. Бұл іс АҚШ, Ұлыбритания, Германия сияқты әлемнің алпауыт елдерінде кәсіпкерлер мен жеке компаниялардың демеушілігімен жүзеге асырылады. Мәселен, АҚШ-та жеке кәсіпкерлер мемлекеттен жалға жер алып, жатақхана салады. Кейін құрылысқа жұмсаған қаржысын жатақханада тұратын студенттердің төлемақысы есебінен қайтарып алады.

Біздің елімізде бүгінге дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында әлеуметтік ғимараттар салынып, кәсіпкерлердің демеушілігімен бірқатар жобалар жүзеге асырылғаны белгілі. Алдағы уақытта жоғары және арнаулы оқу орындары жанынан салынатын жатақханалар осы бағытта жүзеге асырылмақ.

Қамту көрсеткіші — 100 пайыз

Облыста студенттерінің саны жағынан алғашқы орында тұрған жоғары оқу орындарының бірі —  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті.

Күндізгі бөлімінде 7719 студент оқитын университеттің 3 жатақханасы бар. Мамыр айында тағы бір жатақхана күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға беріледі. Биылғы оқу жылында студенттер жатақханамен 100 пайыз қамтамасыз етілген.

— Қазіргі таңда университетте өзге өңірлерден келген, «Серпін» бағдарламасымен оқып жатқан 621 студент бар. Олардың дені жатақханада тұрады. Жалпы жатақханада тұруға сұраныс берген студенттердің өтініштері толығымен қанағаттандырылды. Қазір университет қарамағында 4 жатақхана бар. Оның бірі — ағайынды Жұбановтар көшесінде орналасқан №1 жатақхана. Бұл жатақхананың ғимараты 1979 жылы салынған. 580 орындық жатақханада қазір 557 студент тұрып жатыр. Сондай-ақ Маресьев көшесіндегі №2 жатақхананың ғимараты 1968 жылы салынған. 630 орынға арналған жатақханада қазіргі уақытта 618 студент тұрады. Бұл екі жатақханада барлық жағдай жасалған. Ғимараттары ескі болғанымен, екеуі де жөндеуден өткен. Студенттер жатақханада тұрғаны үшін жылына 32 400 теңге төлемақы төлейді, — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Жайнагүл Қартбаева.

Өткен жылдың аяғында пайдалануға берілген Жастар үйіндегі студенттердің жағдайымен танысуға арнайы бардық. Жаңадан бой көтерген жатақханада жастарға барлық жағдай жасалған. «Smart Home» үлгісінде жабдықталған жатақханада оқу залы, акт зал, медициналық кабинет, асхана, сондай-ақ ғимарат алдында футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар. Әр секцияда екі және үш адамға арналған жатын бөлмелер, сондай-ақ жуынатын бөлме бар. 9 қабатты Жастар үйінің жеті қабатында 248 студент тұрып жатыр. Олардың ішінде 32-сі «Серпін» бағдарламасы арқылы келгендер болса, қалғаны — оқу үлгерімімен, жақсы тәртібімен, қоғамдық шараларға белсене атсалысуымен көзге түскен студенттер.

— Жастар үйінен университеттің профессор-оқытушыларына, магистрлерге 60 орын берілді. Қазіргі таңда үш жатақханада жалпы саны 1423 студент тұрып жатыр. Барлық жатақханада студенттерге жағдай жасалған. Бүгінге дейін жатақханаларда тәртіп бұзып, қылмыс жасаған студенттер жоқ, — дейді Жастар және студенттер үйінің директоры Бейбітшілік Қонақбаева.

Жастар үйінде жатқан студенттердің бірі  — жаратылыстану-биология мамандығының 3-курс студенті Алтынай Жайылханова. Ол Қызылорда облысы Арал ауданы Ақбасты елді мекенінен келген. Бұрын №1 жатақханада тұрған. Оқуда озат, белсенді жасқа өткен жылдың аяғында Жастар үйінен екі адамға арналған бөлмеден орын берілген. Қазір ол құрбыларымен бірге тату-тәтті тұрып жатыр.

Ал Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылынан келген Орынжан Мұқанғали техникалық факультеттің құрылыс мамандығында 1-курста оқиды. Ақылы бөлімде оқитын Орынжан Ақтөбеге оқуға түсуінің себебін былай деп түсіндірді:

— Ақтөбе — экономикалық-әлеуметтік жағынан дамыған, өте көрікті, әсем қала. Мұнда жоғары білім беруде жаңа технологиялар, жаңаша әдістемелер пайдаланылады. Жатақханасы да керемет. Соңғы үлгіде жасақталған Жастар үйі өз үйіңнен кем емес. Мұнда бәрі көңілді, қызықты. Мен Ақтөбеге келіп оқып жатқаныма қуаныштымын.

Ал Ойыл ауданынан келіп, университеттің құрылыс мамандығында оқып жатқан 2-курс студенті Ернұр Бақтыгереев Жастар үйінде студенттердің спортпен шұғылданып, өз білімін тереңдетуге, өнерін шыңдауға барлық жағдай жасалғанын айтады.

  • Құрылысшы мамандығын алған соң еліміздің, облыстың құрылыс саласына, әсіресе, жастардың жатақханамен қамтылуына өз үлесімді қосуға дайынмын. Елбасы айтқандай, еліміздің ертеңі — жастар. Сондықтан Қазақстанның болашағын біз ғана жасаймыз, — дейді Ернұр Бақтыгереев.

436 студент жатақханасыз жүр

Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде оқитын 4701 студенттің 80 пайызы ғана жатақханамен қамтылған. 436 студент жатақханасыз жүр.

Университет ректорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Талғар Әбілевтің айтуынша, университет жанында студенттерге арналған 4 жатақхана бар. Оның бірі — В.Пацаев көшісінде орналасқан №1 жатақханада 430 студент тұрып жатса, №2 жатақханада — 411, №4 жатақханада — 179, ал №5 жатақханада 1000 студент бар.

  • Барлық жатақханалар жөндеуден өткізілген. Студенттерге қажет барлық жағдай жасалған. 430 орындық №1 жатақханада «Атамұра» акт залы, оқу залы және спорт бөлмесі бар. Сонымен бірге әр секция бойынша асүй, кір жуатын, жуынатын және оқшаулағыш бөлмелер бар. Жатақхана интернет желісімен қамтамасыз етілген. Ал №2, №4, №5 жатақханаларда оқу залы, кітапхана, асүй, демалыс орындары, сондай-ақ акт залдары бар, — дейді Т.Әбілев.

Талғат Сатыбайұлының айтуынша, барлық студенттік жатақханаларда студенттік кеңестер құрылған. Жоспарға сәйкес жатақханаларда кеңес мүшелері тұрақты түрде әртүрлі шаралар өткізіп тұрады. Мысалы, биылғы оқу жылында жастар ісі жөніндегі бөлімнің ұйымдастыруымен жыл бойы студенттерге кәсіби тәрбие беру мақсатында профессорлармен, оқытушылармен кездесулер, сондай-ақ «Кафедра күндері» өткізілген.

— Аталған кездесулер барысында студенттер өз мамандықтары бойынша қосымша мәліметтер алып, аға буын профессорлардың жеке іс тәжірибелеріне қанығады, дәрігерлік деонтология туралы ақпарат алып отырады. Бұл кездесулер студенттердің бойына патриоттық сезімді қалыптастырып, өз мамандықтарына деген сүйіспеншілікке тәрбиелейді. Сонымен қатар биыл облыстық ішкі істер басқармасы, Мәлгаждар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты және Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті арасында жасалған үш жақты келісімнің арқасында әртүрлі іс-шаралар мен кездесулер ұйымдастырылуда,— дейді ол.

Проректордың айтуынша Студенттерге жатақхана беру тәртібі биылдан бастап өзгерген. Атап айтсақ, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің №5 жатақханасына, ал келесі оқу жылынан бастап барлық жатақханаларға студенттер «Сириус» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы онлайн сұраныс тапсырады. Жатын орны анықталғаннан кейін талапкер электронды қолтаңба қойып, ақысы төленгендігі туралы түбіртегін тіркейді. Барлық сатыдан өткен соң жолдама алып, студент жатақханаға орналасады.

Жатақханадағы орындар алдымен ата-анасы жоқ жетімдерге (төлемақысыз), мемлекеттік грант иегерлері мен көпбалалы отбасынан шыққан студенттерге, сондай-ақ  толық емес отбасынан шыққан, мүгедек және ақылы негізде оқитын студенттерге беріледі.

— Елбасының бес әлеуметтік бастамасында студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесінің көтерілуі өте орынды. Елбасымыз әр үндеуінде жастарды қолдай отырып, олардың болашаққа деген сенімін арттырады. Бұл бес әлеуметтік бастама — мемлекет тарапынан ел тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында жасалған игі шаралардың бірі.Алдағы уақытта осы бастама аясында оқу орнында бірқатар жұмыстар қолға алынбақ, — дейді Т.Әбілев. 

Данагүл ҚАЗИХАН

http://www.aktobegazeti.kz/?p=66247