Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ақтөбеде Жұбанов көктемі басталды

Ақтөбеде Жұбанов көктемі басталды

Ағайынды Жұбановтар  дүниеге келген қасиетті Ақтөбе жерінде жыл сайын өткізілетін «Жұбанов көктемі» жастар форумы биыл Жұбанов университетінде өтіп жатыр. Биылғы «Жұбанов көктемі-2018» Республикалық жастар форумы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Астананың 20 жылдығына арналды. Форумға Қазақстанның барлық облыстарынан 100-ге тарта делегат қатысуда.

Форумның ашылу салтанаты Студенттер сарайында өтті. Ашылу рәсімі басталмас бұрын форумға қатысушылар Жұбанов университетін аралап,  мамандықтар көрмесімен танысты.

Форумның салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген  Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков өз құттықтауын Мағжан Жұмабаевтың

«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты. Қырандай күштi қанатты, Мен жастарға  сенемін!»,- деген өлең жолдарымен бастап, қазақстандық жастарға бүгінгі форум аясында өтетін түрлі сайыстарда сәттілік тіледі.

Жастар форумы аясында «JUBANOV CUP» атты республикалық пікірсайыс турнирінің іріктеу ойыны өтеді және оның қорытындысында 1 орынға -100 мың теңге, 2 орынға — 80 мың, 3 орынға — 60 мың ақшалай сыйлық табысталатын болады.

Форумның ашылуында алыстан келген қонақ-жастар сахна төріне шақырылып, оларға қошемет көрсетілді. Қонақтардың араларында Алматы, Астана, Қостанай, Батыс Қазақстан өңірлерінен қатысушылар, Ақтөбе қаласының колледждерінің және қала мектептердің өкілдері бар. Жастар сахнада залмен бірге «Ханшайым», «Алтыным» әндерін қосылып шырқады.

Форумға Алматы қаласынан келген Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің 4 курс студенті Нұрдәулет Жұмабай: «Жұбанов университетінде республикалық деңгейде өтіп жатқан форумның қатысушысы болу мен үшін өте үлкен мәртебе. Көңіл-күй өте тамаша»,- дейді қуанышымен бөлісіп.

Сонымен қатар  «JUBANOV CUP» республикалық пікірсайыс турниріне қатыспақшы «Радикал» командасының мүшесі, Ақтөбе ауыл-шаруашылық колледжінің 2 курс студенті Рустам Изтлеуов Жұбанов университеті белсенді жастарының креативті белсенділіктері таң қалдырғанын айтады.

Форумға қатысушы №36 орта қазақ мектебінің жастары да мұндай іс-шаралардың маңызының зор екенін, жиі болса екен деген тілектерін жеткізіп жатты.

Жұбанов көктемі екі күнге созылады.