Понедельник, Июнь 1, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > ТҮЛЕК — 2017: қай мамандыққа сұраныс көп?

ТҮЛЕК — 2017: қай мамандыққа сұраныс көп?

ҰБТ-да кемінде 50 балл жинаған түлек жоғары оқу орынға түсе алады. Оның үстіне ол грант алуға да өтініш білдіруге құқылы. Бірақ мамандықтар алуан түрлі. Қайсысын таңдаған дұрыс? Жеңілдіктер туралы білесіз бе?

Мұғалімдер жетпей жатыр

— Биыл алғаш рет түлектерді жұмысқа бөлу шарасына қатыстым. Сол кезде Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облысының білім басқармаларынан адамдар келді. Олар түлектерге «жер, үй, мал береміз» деп айтып, өз өңірлеріне шақырды. Ақтөбе облысының барлық аудандары дерлік жұмысқа шақырып отыр. Біздің түлектеріміздің 100 пайызы жұмысқа орналасады, — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Маркетинг орталығының директоры Алтын Мырзашова.

Сондықтан қазірдің өзінде педагогикалық мамандықтарға 2 мыңнан аса өтініш қабылданды. Айта кетейік, грант алу байқауына қатысу үшін талап-арыздар 23-31 шілде аралығында болады.

— Әлі де өтініштер түседі. 1,5 мың талапкер грантқа құжат тапсырды. Ал 915 талапкер ақылы бөлімге баруды қалап отыр. Яғни бұлар — грант болмаса да университетке келетін адамдар, — дейді профессор Алтын Мырзашова.

«Серпін» жобасы бойынша Ақтөбе облысына 315 грант бөлінген

«Мәңгілік ел жастары — индустрияға»-«Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша биыл 3793 грант жоғары оқу орындарына (оның ішінде білім — 1550, техника ғылымдары және технологиялар — 1898, ауыл шаруашылығы ғылымдары, ветеринария бағыттары бойынша — 345), колледждерге 720 грант бөлінді. «Серпін» жобасына Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары жастары ғана  қатыса алады.

«Серпін» бағдарламасының мақсаты мен міндеттері — ең алдымен бәсекеге қабілетті мықты мамандар даярлау, ауылдағы жастарға қолжетімді сапалы білім беру. Қазіргі таңда демографиялық жағдайға қарасақ, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында  бала туу деңгейі жоғары, көшіп келушілер көп. Мұның барлығы жұмыссыздық мәселесін тудырады. Ал еліміздің кейбір өңірлерінде керісінше өнеркәсіп орындары көп болғанымен мықты кадрлар жетіспей жатыр. Осы мәселелерді тиімді шешу мақсатында мемлекет қолдауымен «Серпін» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

— Қазақстан Республикасы бойынша 24 жоғары оқу орнына «Серпін» әлеуметтік жобасының гранттары бөлінді. Соның төртеуіне 250 гранттан берілді. Сол төртеудің бірі — Құдайберген Жұбанов атындағы университет. Жалпы Ақтөбе облысына 315 грант бөлінді. Былтыр «Серпін» жобасымен тек бір университет жұмыс істеген еді. Биыл тағы екі университет қосылды, — деді Алтын Мырзашова.

Оның сөзінше, Маңғыстау облысында «Серпін» жобасына қатысуға құжат қабылдайтын пункт ашылған. Алайда ата-аналар сонда да Ақтөбеге келе береді.

— «Маңғыстауда өкіліміз бар» десек те, ата-аналар Ақтөбеге келіп тұрады. «Осы жерге құжат тапсырған дұрысырақ болады» деген жауаптары күлкі ұялатады. Бұл — білместік. «Серпін» жобасымен оқуға түскендердің алғашқы легі биыл 4-курсқа өтті. Жалпы университетте 600-ге жуық серпіндік бар. 2018 жылы «Серпіннің» алғашқы түлектері қанат қағады. Қазірдің өзінде олар осы өңірде қалсын деген мақсатпен жұмыс іздеп жатырмыз, — дейді ол.

Қай мамандықта грант көп?

Білім және ғылым министрлігі дене шынықтыру, физика, информатика, шет тілі, химия, биология, көліктік техника және технологиялар, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, құрылыс, туризм мамандықтарына грантты көбірек бөлген. Сондай-ақ, жалпы медицина мамандығына 2 мыңнан аса грант бар.

Аспазшы керек!

Елге жұмысшы мамандар қажет. Президент өз жолдауында 2017 жылдан бастап жаңа жоба — «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялаған еді. Яғни болашақта техникалық мамандықтарға бөлінетін оқу гранттары көбейеді. Талапкерлер мемлекеттік колледждермен бірге, жекеменшік арнайы-орта оқу орындарында да тегін білім алады. Осыған орай, колледждерде тегін білім алу үшін ақтөбеліктерге 5 мыңнан аса грант бөлінді.

— Былтыр мемлекет 4400 мамандыққа грант бөлген еді. Қазір бұл көрсеткіш 5110-ды құрап отыр. Республикалық бюджеттен көп қаржы түсті. 2036 талапкер құжаттарын тапсыруға үлгерді. Мұнда тек жұмысшы мамандықтар оқытылады. Яғни, аспаз, мектепке дейінгі мекемеде тәрбиеші, электромеханик, дәнекерлеуші, техник-программашы, медбике, құрылысшы, кран машинисі, автотехник, шаш қиюшы, тігінші қажет. Ауыл шаруашылығына зоотехник пен мал дәрігерлері керек. Себебі әр ауданда, әр ауылда шаруашылықтар ашылуда, — дейді облыстық білім басқармасына қарасты техникалық және кәсіби білім бөлімінің басшысы Венера Шавкилова.

Бұл бағдарламада әлеуметтік жағдайы төмен топқа басымырақ мән беріледі. Яғни аз қамтылған немесе көпбалалы отбасыдан шыққан студенттер және интернатта білім алған түлектер тегін орта кәсіптік білім алуға құқылы.

— Менің ойымша, қазіргі балалар сұранысы бар мамандықтарды таңдайды. Аталған бағдарлама бойынша қаңтар айынан бастап жұмыс істеп келеміз. Әр ауданға, әр мектепке барып, балаларға осындай мемлекеттік бағдарламаның бар екенін түсіндірдік. 100 баланың 90-ы біледі деп нық сеніммен айта аламын, — деді Венера Шавкилова.

Ақша болмаса ше?

Қазіргі таңда жоғары білімге әркімнің қолы жетпейді. Себебі гранттың саны шектеулі және қымбат оқу ақысын өтейтін қаражат таба кою да оңай емес. Сол себепті Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» ұтымды несие ұсынуда.

— «Сбербанк», «Нұр банк» және «Тенгрибанктен» несие ала аласыз. Үш банкте де кепілдік алынбайды. Кепілдікті біз, яғни «Қаржы орталығы» береді. Біздің кепілдігіміз ҰБТ-да алған сіздің балл санына байланысты. Неғұрлым көп балл болса, соғұрлым кепілдік те ұлғаяды. Сондай-ақ, банк кепілгер адамды сұрайды. Ол сіздің жақын тума-туысыңыз болуы мүмкін. Орталық үш жұмыс күнінде жауап береді. Ал банк кепілгердің жалақы мөлшеріне, оның несие тарихына қарап, шешім шығарады, — деді «Қаржы орталығының» кеңесшісі Алпамыс Сатыбалдин.

Айта кетейік, несие туралы толық ақпаратты 8 8000 802 828 телефон нөмірі арқылы біле аласыз.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

Ақтөбе газеті