Понедельник, Декабрь 10, 2018
Басты > БАҚ біз туралы > Ректорлар бас қосқан форум

Ректорлар бас қосқан форум

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде шекаралас әріптестік бағыттары мен келешегі тақырыбына арналған ректорлардың халықаралық форумы өтті. Сондай-ақ аталған оқу орнында «Цифрлы экономика» ІТ-батлы ұйымдастырылды. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг қатысты.

Форумда білім беру саласының ортақ мәселелері мен қорытындылары талқыланып,  ғылым мен білім саласындағы өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

Университет ректоры Бауыржан Ердембеков өз сөзінде Башқұртстан, Орынбор, Самара, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының жоғары оқу орындары құрамына кіретін Приуралье ректорлар кеңесін құру қажет екенін атап өтті.

Бұдан кейін Орынбор мемлекеттік университетінің ректоры Жанна Ермакова өз өңіріндегі жоғары білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталды.

— Жоғары оқу орнында барлығы 55 мың студент оқиды, оның 41 пайызы күндізгі бөлімде оқиды. Студенттердің 70 пайызы Орынбордың бес базалық жоғары оқу орнында білім алуда. Біздің университетте 25 мың студент оқып жатыр, — деді ол.

Форумда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг ректорларға табысты әріптестік тілеп, үздіксіз еңбек ету мен абыройдың арқасында мұғалімдердің жоғары деңгейге көтерілуіне сенім артты.

«Цифрлы экономика» ІТ-батлы колледждер мен техникум оқушыларының әлеуетін көрсетті. Орынбор облысы білім министрлігі кәсіби білім жөніндегі бөлім жетекшісі Лариса Филькованың айтуынша, сайыс үш бағытта өткізілген. Оның алғашқысы — қазіргі кездегі ақпараттық технология мен цифрлы экономика болса, екіншісі — «Электромонтаж», ал үшіншісі — «Кәсіпкерлік».

Үй тапсырмасында командалар білім беру мекемелері туралы таныстырылымдар дайындады.

«Электромонтаж» бағыты бойынша студенттер «Ақылды қала» технологиясымен саябақты жарықтандыруға арналған бағдарлама әзірледі.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг электрлік жүйені іске қосып, болашақ саябақтың «жолымен» жүріп өтті.

Сондай-ақ байқауға қатысушылар өңір басшыларына логистика және білім беру саласындағы цифрландыруға байланысты өз ұсыныстарын жеткізді.

 

Гүлсім НАЗАРБАЕВА

http://www.aktobegazeti.kz/?p=66460

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.