Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ізгілік әліппесі

Ізгілік әліппесі

Адам өмірі сәттерден тұрады, әрбір сәт — тарих қойнауындағы қазына. Сексен жастың сеңгіріне шығып отырған әдебиеттанушы ғалым Баян Бораштың өмір жолы адамгершілік оқулығының парақтары секілді. Білім алу, шәкірт тәрбиелеу, ғылым іздеу, халқына қызмет ету жолында адалдық пен ізгілікті темірқазығына айналдырған ізгі жанның бүкіл болмысынан зиялылық сезіледі.

Темір ауданының Шибұлақ ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген оның балалық шағы 1941-1945 жылдардағы қанқұйлы соғыспен тұстас келіп, сол кездің балалары көрген барлық қиындыққа душар етті. Аяулы анасы он төрт құрсақ көтерсе де, жарық дүние қызығын көру тек Әбділда есімді ағасы екеуіне ғана бұйырған екен. Соғыс басталғанда жасы елулерге келген әкесін егде жасына байланысты майданға шақыртпай, Шұбарқұдық кәсіпорнында жаңадан ашылған көмір шахтасына броньмен қалдырып, жер астындағы ұңғыларға ағаш бөренелерден тірек қоюшы етіп белгілейді. 1942 жылдың күзінде бұл отбасы Шұбарқұдық кәсіпорны орналасқан елді мекенге көшіп барды. Ол кезде бір бөлменің төрт бұрышында төрт отбасы өмір сүретін еді. Қараңғы түсе поселканы қарулы комендант аралап, әйнегі қағазбен айқыш-ұйқыш желімделген бөлме терезесінің мұқият қараңғылануын тексеретін. Егер сырттан саңылау көрінетін болса, терезені түртіп, ішке кіріп, бөлменің жауапты адамына айыппұл салып, саңылауды жаптыратын. Себебі көмір шығарылатын және мұнай өндірілетін мекен болғандықтан, бұл ауыл жаудың әуе шабылына ұшырауы мүмкін стратегиялық нысан қатарында екен. Соғыс жылдары халық карточкамен берілетін нанның кезегіне түн ортасынан тұрса да, оның жетпей қалатын кездері жиі болатындықтан, ашқұрсақ жүретін еді. Бала күнгі қиындықтардан ол мойымауды, кедергілерге төтеп беруді үйренді.

Баян Тәліпұлы мектептен кейін, Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіне түсіп, оны қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі мен әдебиеті мамандықтары бойынша аяқтайды. Алғашқы еңбек жолын Арал теңізіндегі Қасқа-Құлан орта мектебінде бастады. Одан кейін Мәскеу қаласында әскери борышын өтейді. Кеңес Одағы астанасындағы қатаң тәртіпті әскери бөлімнің тиісті оқу-жаттығуларын өтеумен қатар, Мәскеудегі әскери заводтардың пошта жәшіктерін, жабық жүк вагондарына тиелген құпия өнімдерін Одақтың түкпір-түкпіріне және шетелдерге жеткізіп салатын командада жұмыс жасап, екі жылда осындай жолсапарға он екі рет шығады. Қызығы мен қиындығы мол әскери қызметтің болашақ әдебиеттанушы ғалымға оң әсерін тигізген екінші жағы бар еді. Баян Тәліпұлы қызмет еткен әскери бөлім Мәскеудің әйгілі Үлкен театрының шефтік жәрдемшісі болып бекілген екен. Батальонның төрт ротасы кезекпен театрдың балет труппасының спектакльдерінің жалпы көрінісіне қатынасып тұрады. Оның ротасы осындай қойылымдардың төртеуіне қатысқан екен. Баян Тәліпұлы соларың ішінде Арам Хачатурянның әйгілі «Спартак» балетінің премьерасына қатысқанын ерекше еске алады. Либреттоның сюжеті бойынша әскерилер құлдар көтерілісінің көсемі Спартак әскері құрамындағы құлдар рөлінде сахнаға шығыпты. Осы спектакльде әйгілі балет бишілері — С.Васильев, М.Лиепа, Е.Максимовалардың билегенін сүйсіне әңгімелейді.

Дегенмен әскери қызметінің екінші жылында оның өміріне қауіп төндіретін оқиға орын алады. 1962-1963 жылдардағы Кеңес үкіметі мен АҚШ арасындағы кикілжің басталған кезде, Кубаға осы әскери бөлімнен отыз шақты адам жіберілмекші болады, солардың тізіміне әке-шешесі студент кезінде өмірден өткендіктен, артында іздеушісі жоқ Баян Тәліпұлы да ілігіп, 1,5 ай уақыт ерекше дайындықтан өтті. Көп ұзамай АҚШ пен КСРО билігі арасында келісімге қол қойылып, әлем үшінші дүниежүзілік апаттан, ал қарапайым солдаттар қырғыннан аман қалыпты.

Осы сапардан кейін Баян Тәліпұлының ұрпақ тәрбиесі жолындағы ұзақ жылдарға жалғасып келе жатқан мағыналы ғұмыры басталады. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы Ақтөбе облысының Темір ауданы мен Қандыағаш қаласында мұғалім, Ақтөбе облыстық партия комитетінде кеңесші, нұсқаушы, лектор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, доценті, профессоры қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Ұстаздықпен ғалымдықты да ұштастырып, тынымсыз ізденіс пен қажырлы еңбектің нәтижесінде Баян Тәліпұлы 1997 жылы «Қазақ поэзиясында адамның өмір кезеңдерін бейнелеу проблемалары» тақырыбында кандидаттық, 2010 жылы «Қазақ поэзиясындағы хандар бейнесінің эволюциясы» туралы докторлық диссертацияларын қорғады.

Шетелдік, республикалық ғылыми басылымдарда жарияланған екі жүзге жуық ғылыми жарияланым авторының ғылыми-әдістемелік ізденістері «Фольклор мен ақын-жырау поэзиясындағы хандар бейнесі», «Қазақ фольклорындағы хандар бейнесінің көрінісі», «Хандар тұлғасы авторлық әдебиетте», «Әлем және қазақ әдебиетіндегі рухани сабақтастық» атты монографиялар, «Қазақ поэзиясындағы хандар тұлғасының бейнеленуінің эволюциясы», «Қазақ поэзиясында адам өмірі кезеңдерінің бейнеленуі», «Сары Батақұлының әдеби мұрасы», «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты оқулық пен оқу құралдары түрінде жарық көріп, оқу үдерісінде кеңінен қолданылып жүр.

Әдебиеттегі ел билеушілер тұлғасын жан-жақты зерделеп жүрген ғалымның зерттеулері бүгінгі таңда ауыз әдебиетінен авторлық әдебиетке дейінгі мұраларымызды қарастырумен қатар, әлем әдебиетіндегі қазақ билеушілерінің бейнесін талдауға ұштасып жатыр.

Хакім Абай «Адамның адамшылығы — ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болатынын» айтады. Бұл ретте Баян Тәліпұлы өзінің ұстаздарын ерекше құрметпен айтып жүреді. Әдебиетке деген қызығушылығын оятқан мектептегі ұстазы, қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Хамза Саламатованың қазақ ауыз әдебиеті үлгілері, ертедегі қазақ батырлары туралы жырларды Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин сынды батырларымыздың ерлігімен ұштастыра әңгімелеуі бала қиялын ерлікке ұмтылуға жетелейді. Сол жылы жарық көрген сегізінші класс оқушыларына арналған М.Ғабдуллиннің «Қазақ ауыз әдебиеті» оқулығынан тәлім алған оқушының жадында ұстазының айтуымен Мәліктің батырлығы мен ғалымдық келбеті ерекше тұлға болып мәңгі сақталады, бұл тұңғыш баласының атын Мәлік деп қоюына әсер етеді. Ал ғылымда ұлтжандылығы, тиянақтылығы, табандылығы, Абай мұраларына деген ерекше құрметіне орай Мекемтас Мырзахметовты ұстаз санап, жазу стилін үлгі тұтса, ұлтты қастерлеу қасиеттері мен ғылымдағы тазалығы жөнінен Тұрсынбек Кәкішевті аса қадірлейді.

Жастайынан кітап жинауды сүйікті ісіне айналдырған Баян Тәліпұлының кітапханасында он мыңға жуық кітап бар екен. Білім мен ғылым жолындағы шәкірттеріне бағыт-бағдар беруде кітапханасында жұмыс жасауға шақыратынын шәкірттері де сүйсіне айтып жүреді. Сонымен қатар спортпен айналысуды ұнататын Баян Тәліпұлы Кеңес Одағы кезінде белгілі марафоншы В.А.Макеевпен бірге Ақтөбе қаласында алғаш рет «Жүгірушілер клубын» құрады, құрамында отыз адам болған клуб мүшелерімен бірге ағамыз Ақтөбедегі, Алматыдағы марафондық жарыстарға қатысып, жүгіруден І разрядқа ие болады. Шаңғы тебу мен жүзуді де жаны сүйетін ағамыз осы спорт түрлерінен алыс қашықтық бойынша ІІ разрядқа ие болған.

Баян Тәліпұлы 1998 жылы білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды, 2014 жылы «ЖОО үздік оқытушысы» атағына ие болды.

Баян Тәліпұлы зайыбы Зәкия Мұстафақызымен бірге бір ұл, бір қызынан тараған немерелері мен шөбересін тәрбиелеп отыр. Балалары мен немерелері сапалы білім алып, өңіріміздің әр саласында еңбек етіп жүр.

«Ғылымның ісі — адамға қызмет ету» (Л.Толстой) екенін өмірлік ұстанымына айналдырған профессор Баян Тәліпұлы кемел келешегіміздің асқақ рухты, азат ойлы, саналы ұрпақтарын, абзал азаматтарын білім беру мен ғылым жолында тың ізденістердің көзін ашуға үйрету, жақсылыққа, ізгілікке баулуды әлі де жалғастыра бермек.

 

Мира БАЛТЫМОВА,

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі,

филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

http://www.aktobegazeti.kz/?p=66426