Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > 158 студент облыс әкімі стипендиясын алды!

158 студент облыс әкімі стипендиясын алды!

Облыстағы жоғары, арнаулы оқу орындарында оқитын жастар аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевпен кездесіп, әңгіме-дүкен құрды. Қала сыртындағы «Greenland» демалыс базасында өткен басқосу ашық диалог түрінде өтті. Өз ойларын, ұсыныстарын бүкпесіз айтуға тырысқан студенттер сұрақтарын да қойды, тілектерін де білдірді.

Ақтөбе облысы әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі көшпелі отырысқа аймақ басшысымен бірге мемлекеттік органдар басшылары, жастар ұйымдарының төрағалары мен белсенділері, жоғары оқу орындары мен колледж басшылары, студенттер қатысты.

— Жастардың бойында қайсарлық, қажырлылық, таусылмайтын қуат, білімділік бар. Сондықтан жастар осы жақсы қасиеттерді мемлекеттің дамуы барысында пайдалануы керек. Қазір жастар үшін мемлекетімізде бар жағдай жасалып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйытқы болуымен тәуелсіздік алғалы бері жастардың білім алуына, мәдениет, әдебиет, спорт, өнер салаларында өз талантын ұштауға бағытталған түрлі бағдарламалар қабылданып келеді. Жастар туралы заң қабылданып, түрлі ғимараттар салынып жатыр. Сондай бағдарламалардың бірі — Елбасының бес әлеуметтік бастамасы. Аталған құжат бойынша алдағы оқу жылында жоғары оқу орындарына қосымша 25 мың грант бөлінбек, жатақханалар салынады, баспана алуға жеңілдіктер қарастырылып отыр. Осының барлығы Қазақстанның жастары басқа дамыған мемлекеттің жастарынан кем болмауы керек деген мақсаттан туған.

Ақтөбеде де Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жастарды қолдауға қатысты іргелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Алдағы жылдары облыста кемінде сегіз жатақхана салынуы керек. Біздің өңірдің жастары мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысады. Сіздердің ұсыныстарыңыз бойынша «Жасыл ел» бағдарламасын бұрынғыдай жаздың үш айында емес, жыл бойы өткізуді қолға алдық. Былтыр «Жасыл елге» бес мыңдай жас қатысса, биыл оның саны кемінде алты мың болады.

Жастар жаңашыл келеді, сондықтан жастар ұйымдарының, жас ғалымдар ұйымдарының жұмыс істеуіне барынша қолдау көрсетеміз. Осы тұрғыда сіздер де өздеріңізге бар жағдайды жасап отырған мемлекетіміздің дамуына өз үлестеріңізді қосуларыңыз керек. Және оны іспен дәлелдеу керек, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Бұдан соң микрофонды жастар алып, облыс басшысына сұрақтарын қойды. Сұрақтардың дені жастар саясатына, облыстағы түрлі салалардың дамуына және Бердібек Сапарбаевтың жеке өзіне қатысты болды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінің 3-курс студенті Меруерт Міндетбаева«Smart city-Ақылды қала» жобасының өңірде қалай жүзеге асырылып жатқанына қызығушылық танытты, оның болашағы туралы білгісі келді.

— Жастар үшін өте тиімді бұл жоба Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін іске асыру жоспарланып отыр. Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент және Қарағанды қалаларында аталған бағдарлама пилоттық жоба ретінде енгізілді. Бұл жобаның мақсаты — қала өміріне қатысты барлық ақпаратты бір жерге жинау және қала халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. «Нұр Ақтөбе» ауданындасалынып жатқан ғимаратта сол жердегі әр үйдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыратын ішкі істер департаменті өкілдері отырады. Бұл — «Ақылды қала» жобасы бойынша істеліп жатқан жұмыстардың бірі. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты басқару орталығы құрылып,  «AktobeBus» мобильді қосымшасы іске қосылып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығын атқару үшін бізге мықты математиктер, информатиктер керек, білімді жастар керек, — деді аймақ басшысы.

Студенттер сондай-ақ жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту, Ақтөбеде «Жастар үйін ашу», әлеуметтік желілер туралы аймақ басшысының пікірін сұрады. Ақтөбе қаласының лас қалалар көшін бастап тұрмасы үшін осы салада жұмыс істейтін арнайы зертхана ашу қажеттігі, жолдардың жауын суы іркіліп қалатындығы салдарынан тез бұзылмасы үшін суағарлар салынуы қажеттігі туралы ойларын да ортаға тастады.

Облыста 14-29 жастағы азаматтарға арналған «Zhas project» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарламаға жастар ресми тіркелген тұрғылықты жері бойынша ғана қатыса алады. «Алайда студенттердің дені ауылда тіркелген, олар қалада оқып жүріп ауылда өз кәсібін жүргізе алмайды. Қалада іс жүргізу үшін бізге осы жерде тіркелген болуымыз керек», — дейді жастар. Облыс әкімі бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеу үшін жауапты адамдарға тапсырма беретінін айтты.

«Сіз қай тұлғаны үлгі тұттыңыз?»

«Қазір бізге жасалып жатқан жеңілдіктер баршылық. Сіз студент кезде қандай жеңілдіктер болды?»

«Сіздің жас кездегі барлық арманыңыз орындалды ма?»

Жастар әкімге жан-жақтан сұрақтарын қойып, ашық жауап алуға тырысты.

Жауап алды да: Бердібек Сапарбаевтың идеалы — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Ал жас кездегі арманы — жоғары оқу орнына түсу, жұмысқа орналасу және баспана алу болса, бұл армандардың барлығы орындалды.

— Біз студент кезде стипендия алдық, жатақханада тұрдық және пойыз билетін елу пайыз жеңілдікпен алдық. Бізге жасалған барлық жеңілдік осы ғана, — деді облыс әкімі.

Ал қазір ізденгіш, еңбексүйгіш жастарға барлық жол ашық. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында шетелде білім аласың ба, елде жүріп өз кәсібіңді ашасың ба, мамандығың бойынша қызмет етесің бе, өз еркің, тек еңбекті сүйсең, жатпай-тұрмай ізденсең, жақсы оқысаң болғаны.Жақсы оқып жүрген, оқи жүріп ғылыми жұмыстармен айналысып жүрген жастар үшін бұл көшпелі отырыс барысында тағы бір олжалы жаңалық болды: білімді, талантты жастар облыс әкімінің стипендиясына ие болды. Облыс әкімінің атаулы стипендиясы ғылым-білім, өнер мен мәдениет, спорт, тағы басқа салаларда жоғары жетістіктерге жетіп жүрген жастарға берілді. Мұндай құрметке 158 студент ие болды. Нақтырақ айтсақ, жоғары оқу орындарында оқитын 122 студентке 160 мың теңге, колледждерде оқитын 36 студентке 80 мың теңге көлемінде стипендия берілді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев стипендияға ие болған жастарды бұл жеңістерімен тағы да құттықтап, алдағы өмір жолында сәтті сапарлар тіледі.

Шара студентттік фестиваль жеңімпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ

http://www.aktobegazeti.kz/?p=66591