Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Рухани жаңғыру»: жылдық жұмыс және жүйелі жоспар

«Рухани жаңғыру»: жылдық жұмыс және жүйелі жоспар

Брифинг

Сейсенбі күні облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының облыста жүзеге асырылуының бірінші жылдық қорытындысы баяндалып, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында жарыққа шыққан 18 кітап таныстырылды.

Баспасөз мәслихатында «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бас менеджері Нұрлыхан Хасенов өткен жылы облыс орталығында демеушілердің қолдауымен салынған Өнер орталығы мен «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйінде бүгінге дейін 27 мыңнан астам мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілгенін атап өтті.

— Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыста «Туған жерге тағзым» акциясы аясында былтыр жалпы құны 5,7 миллиард теңгеге 614 жоба жүзеге асырылды. Биыл аталғанакция аясында 2,7 миллиард теңгеге 648 жоба жүзеге асырылатын болады. Бұл көптеген әлеуметтік сұрақтарды шешуге, ондаған маңызды нысандарды ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстанда тұңғыш рет «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілік орталығы Ақтөбеде салынып жатыр. Бұл ірі жоба еліміздің өзге өңірлерінде және шетелдерде тұрып жатқан отандастарымыздың қолдауымен жүзеге асырылуда, — деді Н.Хасенов.

Оның айтуынша, биыл Ақтөбеде кәсіпкерлердің қолдауымен құны 635 миллион теңгені құрайтын облыстық тарихи-өлкетану мұражайы салынып, пайдалануға берілмек.

Бүгінгі күні облыста «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

Өткен жылы бес мыңнан аса оқушы Астана, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары мен туған өлкелеріндегі қасиетті және киелі жерлерге экскурсиялық саяхат жасаса, биыл 2300 бала тарихи-мәдени ескерткіштерді аралайды. Жыл соңына дейін тағы 3900 оқушыға жолдама беріледі.

Сондай-ақ биыл бағдарлама аясында Ақтөбе қаласында «Туған жерім — нұрлы елім» атты аудан күндері жалғасады. Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің туған жері — Ойыл ауданында «Ақ тары» фестивалі өтеді.

Баспасөз мәслихатында жобалық кеңсенің үйлестірушісі Дәулет Әбенов биылдан бастап «Рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген алты негізгі бағыттың төртеуі бойынша  жоғары оқу орындарының оқу жоспарларына элективті курстар енгізілетінін, жастар үшін  бұл бағдарламаның маңызы зор, берері мол екенін жеткізді.

  • Ақтөбе облысындағы он тарихи ескерткіш «Киелі жерлер географиясына» енгізілген болатын. Қазақстанда Қазан төңкерісіне дейін оннан астам ірі-ірі жәрмеңкелер болса, соның ішінде бүгінге дейін бізге сол қалпында жетіп отырғаны — Көкжар жәрмеңкесі. Қазіргі таңда бұл жәрмеңкеге республика көлемінде көп көңіл бөлініп отыр. Сондықтан оны облыстың тарихи құнды ескерткіші ретінде қарастыруымыз керек, — деді Д.Әбенов.

Бұдан кейін «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша менеджері Айнұр Мақсатқызы биыл облыста өлкетану бағыты бойынша атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Баспасөз мәслихатында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылып, жарыққа шыққан 18 кітап таныстырылды. Олар — әлемнің 42 елінде 34 тілде жарияланған, жалпы таралымы 47 миллион дананы құрайтын философия, әлеуметтану, психология, экономика және басқа да пәндер бойынша әлемдік ойлардың алтын қорына енген еңбектер. Қазақстанда аударылған оқулықтар 10 мың дана таралыммен жарияланған.

— Аудармалар кітаптардың түпнұсқасынан аударылған. 18 кітаптың он алтысы ағылшын тілінен, біреуі француз және біреуі орыс тілінен тәржімаланған. Аударма үшін кітаптар белгіленген критерийлерге сай болуы тиіс. Біріншіден, ең үздік университеттердің оқу бағдарламаларына кіруі қажет, екіншіден, кітап үшеуден артық қайта басылып шығуы қажет, үшіншіден, кітап мазмұны идеологиялық бейтараптық талаптарына сәйкес болуы қажет. Аударма барысына үздік 40 аудармашы атсалысты. Ал аудармашылар мен ғалымдар жылдың аяғына дейін тағы 30 кітапты аударуды бастап кетті. Оның 29-ын ағылшын тілінен, біреуін орыс тілінен аудару жүргізілуде. Жалпы Ұлттық аударма бюросы жылына 30 оқулықты аударуды көздеп отыр. 100 жаңа еңбекті түгел аудару алдағы екі жылда аяқталады, — деді Н.Хасенов.

Айта кету керек, бүгінде облыс бойынша 6422 дана кітап жоғары оқу орындарына берілген. Сондай-ақ қазақ тіліне аударылған бұл 18 еңбекті оқырмандар облыстық кітапханалардан алып оқуына болады.

 

 Данагүл ҚАЗИХАН

http://www.aktobegazeti.kz/?p=66760