Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Соғыс ақиқаты

Соғыс ақиқаты

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Ұлы Отан соғысы тарихи зерде мәтінінде» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жиында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы  эвакуацияланған халықтардың тағдыры, соғыс кезіндегі қазақ зиялыларының рөлі, қазіргі саяси жағдайларға байланысты түрлі көзқарас және өзге де мәселелер төңірегінде ғалымдар баяндама жасады. «Мицва» ҚР еврей ұлттық ұйымдары ассоциациясының президенті  Александр Барон екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты әлем елдерінің көзқарасы туралы айтты.

—  Соғысты кім бастады? Кім жеңді? Ақиқат қандай? Осы сұрақтар жөнінде әлі де пікір, көзқарас  сан алуан. Бүгінгі форумның мақсаты — соғыстың ақиқатына жан-жақты үңілу, — деді Александр Барон.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Астана қаласы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әміржан Әлпейісов Ұлы Отан соғыс жылдарындағы  Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы кеңінен баяндады.

— Соғыс жылдары Қазақстанға көптеген халықтар жер аударылды. Бұл экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан да елімізге оңай тиген жоқ. Жалпы  аударылған халық жөнінде емес, соғыстың зардаптары қандай болды? Осы мәселеге кеңінен тоқталуымыз керек. Біздің елімізден майдан даласына 1 миллион 200 мыңнан аса адам аттанса, соның ішінде 500 мыңға жуық жас жігіт  ұрыс даласында қаза тапты. Елге қайтқандардың жартысы мүгедек болып оралды. Ерлік көрсеткен сарбаздарымыз еленбей жатыр. Тіпті қазір кейбір геосяси жағдайларға байланысты түрлі пікір айтылып жүр. Мәселен, Ресейде Панфилов дивизиясы жөнінде кино түсірілді. Ішінде бірде-бір қазақ солдаты жоқ. Шын мәнінде 316-шы дивизия Алматыда құрылды. Оның жетпіс пайызы қазақ пен қырғыз әскерінен құралды. Жалпы Мәскеудің қорғанысын орта азиялық дивизиялар қорғады. Осы мәселені біз алдымен өзіміздің елдегі өзге ұлттың өкілдеріне түсіндіріп айтуымыз керек. Содан кейін ғана басқа елге дәлелдей аламыз, — деді Әміржан Әлпейісов.

Жиында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда  мемлекеттік университеті және  М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің  ғалымдары баяндама жасады.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА

http://www.aktobegazeti.kz/?p=66763