Пятница, Июнь 22, 2018
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбеде 158 студентке әкім стипендиясы табысталды

Ақтөбеде 158 студентке әкім стипендиясы табысталды

Ақтөбедегі «Greenland» демалыс базасында облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті. Шараға өңір басшысы Бердібек Сапарбаев қатысты. Өз кезегінде студенттер диалог барысында өздерін мазалаған сұрақтарын қойды.

Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен мемлекет органдарының басшылары қатысты. Сонымен бірге жоғарғы оқу орындары мен колледждің белсенді студенттері болды. Облыс басшысы кездесу барысында облыстағы жастар саясатының іске асырылуы туралы айтып берді. Бердібек Сапарбаев мемлекет барлық қазақстандық жастардың бәсекеге қабілеттіліктерін арттыруға және қолдау бағытына барлық мүмкіндіктерді жасайтынын атап өтті.
— Елбасының жақында көтерген бес әлеуметтік бастамаларының бірі осыған дәлел бола алады. Елбасының бастамасы аясында жоғары оқу орындарына қолжетімділікті арттыруға 20 мың қосымша гранттар бөлінген болатын. Тағы бір бастама баспанамен қамтамасыз ету үшін ипотекалық қарыздың пайыздық ставкасын едәуір төмендетуге және төлеу мерзімін ұзартуға бағытталады. Басқа бастамалар бойынша Ақтөбе облысында жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері үшін 8 жатақхана тұрғызу жоспарланып отыр, — дейді облыс әкімі.
Ол ақтөбелік студенттерге өңірдің қоғамдық өмірі мен «Жасыл ел» секілді мемлекеттік бағдарламаларға белсенді түрде қатысқандары үшін алғыс айтты. Еске сала кетейік, өңір басшысы жастардың ұсынысын қолдап «Жасыл ел» бағдарламасы үш ай жазда ғана емес, жыл бойы жалғасын тауып келеді.
— Әрине барлығының ойында бір ғана сұрақ болады. Әкім стипендиясының иегері болуымның басты себебі оқудағы жетістіктерім. Бүгінде «Республиканың үздік студенті-2018» төсбелгісінің иегерімен. Сонымен бірге университетімнің үздік студенті төсбелгісіне кеше ғана қол жеткіздім. Осыған дейін оқу орнымның ректорының 50 пайыз жеңілдігін жеңіп алған едім. Бүгінде әкім стипендиясы бұйырып тұр. Көптеген облыстық, республикалық ғылыми жобаларға қатыстым. Өз басымда 22 ғылыми мақала бар. Құқықтану мамандығының оқу үздігімін. Қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде араласамын,-дейді Қ.Жұбанов атындағы құықтану мамандығының 3-курс студенті Ақылбек Қонысов.
Студенттер ашық диалог форматында өткен шарада өздерін мазалаған сұрақтарын өңір басшысына қоя алды. Солардың бірі Қ.Жұбанов атындағы университеттің студенті Әсем Самбаева өңір басшысынан «Сіздің үлгі тұтар тұлғаңыз кім? Кімнен үлгі аласыз?» деген сүрақ қойды. Өңір басшысы сұрақ пен берілетін жауап арасына үнсіздік салмай аз ғана жылда Қазақстанды көркейткен елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты үлгі тұтатынын ашық айтты. Студенттерді мазалаған сұрақтар арасында жол мәселесі де, қыз балалардың мектеп формасы мен ақтөбенің болашағы туралы сұрақтар да кездесті. Облыс әкімі студенттерге өздері қанағаттана алатындай мазалаған кез-келген сұраққа жауап берді. Өңір басшысы студенттерге айтқан өз сөзінде жастарға спорт пен өнерді қатар алып жүріңдер деп кеңес берді. Мәдениеті дамыған ел ешқашан артта қалмайтынын сөзге тірек етті.
-Егер құдай маған әрі қарай өмір берсе, денсаулығым болса барлығын жасай аламын. Сіздер мемлекет беріп тұрған барлық мүмкіндікті пайдаланыңыздар. Жастардың қашан да идеясы көп, соларды батыл жүзеге асырыңыздар. Жастар ісі жөніндегі кеңес, Жас ғалымдар кеңесі сол үшін құрылды. Бұған қоса жастар сенгіш келеді. Біреудің айтқанымен жүрмес бұрын «бұл мен үшін, халқым үшін, елім үшін қажет пе немесе пайдалы ма?» деген жалғыз сұрақты қойыңыз. Қашан «иә» деп жауап берсеңіз, сонда ғана істі қолға алыңыз. Мемлекет әрқашан қолдап, сіздерге үлкен үміт артады, сіздердің міндеттеріңіз – соны ақтау,-деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, шара кезінде аз қамтылған отбасыдан шыққан оқуда, ғылымда, мәдениет пен спортта жетістіктерімен ерекшеленген 158 студентке облыс әкімінің атаулы стипендиясы табысталды. Сонымен қатар жоғары оқу орындарындағы 122 студенттің шәкіртақысы 160 000 теңге беріледі. Колледждерінде оқып жатқан 36 баланың шәкіртақысы 80 000 теңгені құрады. Шара соңы әкім стипендиясы иегерлерінің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *