Понедельник, Апрель 6, 2020
Басты > Жаңалықтар > Мұхтар Арынға ескерткіш ашылды

Мұхтар Арынға ескерткіш ашылды

Жақын күндері қазіргі Алматы облысы, Сарқан ауданының Бақалы ауылында қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Арынға ескерткіш ашылды.

Салтанатты шараға Жұбанов университетінің профессорлары Амангелді Айталы мен Абылай Мұхамбетжан қатысты. Шараға Мұхтар Арынның туысқандары мен жерлестері, зиялы қауым өкілдері жиналды.

Ескерткіш ашу салтанатында Амангелді Әбдірахманұлы сөз сөйлеп, «Мұхтар Арын – бүкіл қазақ халқына ортақ тұлға! Ұлы істерімен ұмытылмайтын адамдар бар. Ондай тұлғаны халық іздейді, сағынып тұрады деп еске алды.

Сондай-ақ, шарада Мұхтар Арынның жары Райхан апай да алқалы әлеумет алдында сөз сөйлеп, барша жұртқа рахметін айтты. Содан соң, балалары Нұрлан, Ерлан, Абай Арыновтар айтулы тұлғаның қарым-қабілетінің, терең білімі мен білігінің барынша әйгіленуіне негіз болған Ақтөбе жеріне, ақтөбеліктерге, университет ұжымына ерекше ризашылықтарын білдірді, аталмыш шараға өз өкілдерінің қатысуына мүмкіндік бергендері үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа, университет ректоры Бауыржан Ердембековке зор алғыстарын жеткізді.

Салтанатты шараның екінші бөлігі «Мұхтар Арын: ұстаз, ағартушы, қайраткер» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасын тапты.

Конференцияда философия ғылымдарының кандидаты Абылай Мұхамбетжан баяндама жасап,  облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың, университет ректоры Бауыржан Ердембековтің құттықтауларын жеткізді.  «Ақтөбенің Абайы» атанып кеткен Мұхтар ағаның өз болмысында «өз уақытын аямай, барша шәкіртінің бақытын аялай алатын ұстаз» бола білгендігін, ұлттық құндылықтарымызды жалпы адамзаттық құндылықтармен шендестіре зерделеп, алдыңғысының кейінгілердің жай ғана көшірмесі емес екендігіне назар аударып, төл құндылықтарымызды ерекше феномен ретінде қарастыруға жол ашып бергендігін тілге тиек етті.

Сөз соңында Абылай Жортабайұлы Жұбанов университетінде  Мұхтар Арынның құрметіне ашылған дәрісхана арнайы қажетті жабдықтармен жасақталып, болашақ мамандардың жан-жақты білім алуы үшін қызмет ететінін, болашақта ғалымның құрметіне, елі үшін жасаған игі істерін келер ұрпаққа насихаттау, мәңгілік жадында сақтау мақсатында өзі қызмет еткен оқу ордасының бас ғимаратына профессор Мұхтар Арын есімін беру жоспарланғанын, ғимарат жанында орналасатын «Алаш арыстары» аллеясында Мұхтар Ғалиұлының бюсті лайықты орнын табатынын жеткізді.