Четверг, Октябрь 18, 2018
Басты > Білім > Серіктес Кореялық жоғары оқу орнының ғалымдары «Абат-Байтақ» кесенесіне жоғары қызығушылық байқатты

Серіктес Кореялық жоғары оқу орнының ғалымдары «Абат-Байтақ» кесенесіне жоғары қызығушылық байқатты

Бұл жөнінде кореялық қонақтарды тарихи кесенеге саяхатқа апарған «Тарих және дінтану» кафедрасының аға оқытушысы Айшуақ Дәрменұлы баяндайды:

ҚР Президенті биылғы жолдауда «Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет» деп нақты тапсырмалар берді. Замана талабы бойынша әлемдік бәсекеге қабілетті, жаңа технологияларды меңгерген мамандарға сұраныс көбейді. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік  университеті өткен жылы Оңтүстік Корея мемлекетінің Тонмён университетімен келіссөздер жүргізе бастады. Университет ректоры профессор Б.Ердембеков бастаған делегация қаңтар айында ресми сапармен Пусан қаласына барып, келісім-шартқа қол қойып келген болатын. Пусан — ел астанасы Сеулден кейінгі екінші ірі қала. Тұрғындар саны шамамен 3,4 миллион адам. Ірі теңіз порты, «елдің су жолы астанасы» деген бейресми мәртебесі де бар. Тонмён университеті осы қалада орналасқан. Өз тарихын 1977 жылдан бастағанымен, заманауи IT-технология, компьютерлік инженерия, машина жасау салалары бойынша мықты мамандар шоғырланған. Әлемге танымал «LG» және «Samsung» компаниялары мамандарының дені осы оқу ордасының түлектері.

Келіссөз барысында екі университет арасында қос дипломды білім беру, мамандар алмасу, академиялық ұтқырлық сияқты мәселелер терең талданған болатын. Кеше арнайы сапармен Ақтөбеге Тонмён университетінің ректоры, профессор Жанг Хонг Саб, халықаралық ынтымақтастық орталығының басшысы Кюанг Джонг Рак мырзалар келді. Кореялық қонақтар әлемнің талай елін аралаған, тәжірибелі саяхатшылар екен. Қазақстан туралы жан-жақты ізденіп, дайындалып келіпті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, өткен тарихқа құрметпен қарау, туған жерге ерекше сезім туралы тебірене сөйлейді. Мүмкін болса тарихи ескерткіштерді көргісі келетінін байқатты.

Профессор Жанг Хонг Саб философия, гуманитарлық ғылымдар, әлемдік діндер тарихына қатты қызығатынын байқатты. Орта ғасырлық ойшылдар Томас Мордың «Утопия аралы», Томмазо Кампанелланың «Күн қаласы» шығармаларымен қатар аталуға әбден лайықты Асан Қайғы бабамыздың «Жерұйық» идеясының мән-мағынасын талдадық. Асан Қайғының баласы деп есептелетін Абат-Байтақ туралы аңыздың бірнеше нұсқасын сұрады. XV-XVIII ғасырлардан қалған жәдігерлер, ескі құлпытастарды асықпай қарап шықты. Ел бірлігі жолында еңбек еткен, қазақ ру-тайпаларының басын қосқан, қалмаққа қарсы соғыста қол бастаған, жетім-жесірге қамқор болудан шаршамаған Абат батыр туралы деректерді талдай келе «Кең даланың төсіне мынадай ескерткішті халық не үшін тұрғызғанына жауап таптым!» деп балаша мәз болды. Жетпістен асқан жасында өте жеңіл қозғалады. Корей елінің мектептерінде, әскерде міндетті түрде таеквондо ұлттық спортына мән беріледі. Екінің бірі бірінші-екінші дәрежелі қара белбеу иегері болатыны үйреншікті жағдай. Сыпайылық, еңбекқорлық  пен кішіпейілдік корейлерде  қанға сіңген қасиет. Әруақтарға дұға бағыштаған кезде жұртпен бірге қол жайды. «Позитив энергиясы мол, киелі жер екен» дейді. Кесене аймағымен танысып болып, кері жүрерде шығыс салтымен қол қусырып, мавзолейге тағзым етті.

Еркін сұхбаттасуға мүмкіндік берген аудармашымыз Сон Шимон — қазақ тілінде еркін көсіледі. Қазақстанда тұрғанына он жылдай болыпты. «Бастапқы кезде қиындау болды. Грамматикалық қателіктерді көп жіберетінмін. Қазір үйреніп кеттім»,- дейді. Ниет дұрыс болса алынбайтын қамал жоқ екендігіне бұл да бір дәлел. Сон Шимон — біздің университетте ашылған «Корей тілін үйрену орталығында» қызмет жасайды. Бүгін мәртебелі меймандардың сапары  Қазақстан — Оңтүстік Корея ғылым-білім байланыстарының болашағы туралы келіссөздерге қол қоюмен аяқталды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.