Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тарихтан тағылым – өткенге тағзым

Тарихтан тағылым – өткенге тағзым

Ақтөбе қаласында соңғы жылдары халықаралық деңгейде мәдени-бұқаралық және спорт шараларын өткізу әдемі үрдіс болып қалыптасты. Мұндай мүмкіндік, ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыс аймақта қанатын жылдан-жылға кең жайып келе жатқан шаһарды агломерациялық орталыққа айналдыруды міндеттеуі нәтижесінде  туды. Екіншіден, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұйымдастырушылық қабілетімен жекеменшіктік-мемлекеттік әріптестікті дамыту нәтижесінде қысқа мерзімде «Өнер орталығы», «Жекпе-жек сарайы», «Шығармашылық академиясы», «Жұбановтар әлемі» және басқа тұрпатты өзгеше ғимараттар бой түзеп, мекен ажарын көркейте түсті. Заман талабына сай нысандар шараны ұйымдастырып, өткізуші тараптың да, сан тараудан жиналған жұртшылықтың да көңілінде ризашылық туғызары сөзсіз.

Мамыр айының соңғы аптасында жыл ­сайын аталып өтілетін қуғын-сүргін құр­бандарын еске алу күніне ар­нал­ған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық форум ұр­пақтар сабақ­тас­тығының шынайы көрі­нісі ретінде есте қалды. Форум аясында жүзеге асырылған маңыз­ды шаруа – Ақтөбе қала­сын­да облыс­тық филар­мония­ның бұрынғы ғимараты алаңында қайта жаңғыртылған гүлзарда жаңа ескерткіштің ашылуы болды. Алдын-ала жарияланған конкурс бойынша келіп түскен алты жұмыстан Қазақстан суретші­лер Одағының мүшесі Ахмет Құбайдың жобасы лайықты деп танылды. Авторлық құ­рамда Еуроазиялық дизайнерлер одағының мүшесі Қонысбек Қобланов болғанын айту ләзім. Қысқа мерзімде шеберлікпен жүзеге асырылған туындыға жиналған жұртшылық жоғары баға берді. Тұғырдың биіктігі 1 метр 10 сантиметр, мүсіннің биіктігі 2 метр 40 сантиметр. Ескерткіштің екі қанатында – қарагранит тақталар, жалпы ұзындығы 12 метр. Ортасында шаңырақ бейнеленген.
Аса бағалы тарихи нысанның ашылу салтанатында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова, жазықсыз жаламен шаһит болған арыстар ұрпақтары атынан көрнекті тілші ғалым Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов, Қазақстанға еріксіз жер аударылған халықтар өкілдері атынан Қарағанды қаласындағы «Вайнах» шешен этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Жанаев сөз сөйледі. Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлдың жүрекжарды жыры тыңдарман жұртты қатты толқытты. Үзіліс сәтінде форум қонақтарының бірі Гүлнәр Кемеңгеровамен аз-кем сұхбаттас­қан­быз. Алаштың көрнекті қайраткерлерінің бірі, ағартушы, жазушы, аудармашы Қошке ­Кемең­герұлы 1937 жылы ешқандай жазықсыз атыл­ғанда зайыбы Гүлсім үш баламен қалған екен.
– Мен асылдың тұяғы Нарманбеттен ту­ғанмын, яғни Қошке атамның немересімін. Жарықтық әжем «Халық жауы» деп танылған өзге замандастарының отбасылары тәрізді қанша қиындық көрсе де жарына деген адал пейіліне шаң жуытпай Зайрасын, Нарманбетін, Сәулесін азамат қылып шығарған. Атам Омбы қаласында оққа ұшқанда әкем небәрі тоғыз жаста екен. Қаншама жылдар өтті – әжем де, әкем мен оның екі бауыры да дүниеден өтті. Нарманбеттен үш бала бармыз: ­Ризабек – Астана қаласында, Қаршыға және мен ­Алматы қаласында тұрамыз. Өзім бір ұл, бір қызымды тәрбиелеп өсірдім. Негізгі мамандығым – мұғалім. Әуезов аудандық ком­сомол комитетінің екінші хатшысы, білім беру қызметкерлері кәсіподағының аудандық ко­митетінің төрайымы, «Білім» қоғамы аудан­дық ұйымының жауапты хатшысы болып жұмыс істедім. Шүкір, зейнеткерлік қызығын көріп отырмын.Қазақтың басына қара бұлт үйірген зар заман енді қайталанбасын, ол үшін бәріміз бір болуымыз керек, – деп Гүлнәр апа әңгімесін қамыға аяқтады.
Жоғарыдағы айтылған ғалым ағамыз Асқар өзін әкесі Құдайберген перзентханадан шығарып, үйге әкелгенін, арада небәрі он күн өткенде әкенің еш жазықсыз ұсталғанын, көрнекті лингвист Жұбановты ату жазасына кес­кенде алты айлық қана сәби екенін күрсініп баяндағанда талайлар босағаны рас.
Мақаламызды мынадай ащы дерекпен аяқтауды жөн көрдік. Қазақстанда 1937-1938 жылдары қуғын-сүргінге 100 мың адам ұшыраған, оның ішінде 8000-ы Ақтөбе облысынан. «Қуғын-сүргін құрбандары» деген атаумен баспадан шығарылған үш томдық кітапта Ақтөбе қаласы бойынша 1340 адам, Шалқар ауданында – 555, Табын ауданында (қазіргі Байғанин) – 465, Темірде – 388, ­Ойылда – 260, Ырғызда – 236 адам жазықсыз жаламен қамауға алынғаны келтіріледі. Қасіретті тізімді жалғастырмай-ақ әңгімені осымен тоқтатқанымыз жөн болар. Тек тыныш, бейбіт тірлігімізге кіреуке түспесін, бұл – қалың жұртшылықтың ортақ тілегі.
Осынау тарихи күндерде Ақтөбе қаласында тағы бір сәулеті ерекше нысан пайдалануға берілді. Жекеменшіктік – мемлекеттік әріптестік негізінде құрылысына біржарым миллиард теңге жұмсалған, некені салтанатты түрде қиюға арналған төрт залы бар «Неке сарайының» символикалық кермежібін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Атқарушы хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко кесті.

 

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ
Ақтөбе

http://anatili.kazgazeta.kz/?p=48377