Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бүгін педагогика факультетін бітірушілерге диплом табысталды

Бүгін педагогика факультетін бітірушілерге диплом табысталды

Жұбанов университетінің Студенттер сарайында бүгін Педагогика факультетін бітірушілерге диплом табыстау кеші өтті. Биылғы оқу жылында аталған факультеттің күндізді бөлімін 213, сырттай бөлімін 218 студент бітіріп отыр.

Оның ішінде екі бөлім бойынша 68 бітіруші үздік үлгідегі дипломға ие болды. Бітіруші түлектерге диплом табыстаған университет ректоры Бауыржан Ердембеков қазіргі таңда еңбек нарығындағы сұранысқа ие маман дайындау үшін факультетте барлық жағдайлар бар екендігіне тоқтала келе, бітірушілердің жақын болашағына ақ жол тіледі. Өз кезегінде жас мамандар төрт жыл бойында саналы тәрбие, сапалы білім берген ұстаздарына жүрекжарды алғысын айтты.

Педагогика факультеті 1984 жылы математика және тарих факультеттерінің құрамында бастауыш кластарға арналған жоғары білімді мамандар даярлайтын бөлім болған, ал 1990 жылы жеке педагогика факультеті болып құрылды. Содан бері педагогика факультеті тек  аймақты ғана емес, еліміз бойынша педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етуде ерен еңбек сіңіріп келеді.

Жыл сайын факультеттің материалдық-техникалық базасы нығайып, қазіргі заман талабына сай жаңа ақпараттық құралдармен қамтамасыз етіліп келеді. Мұнда бір ғана биылғы оқу жылы ішінде 10 заманауи смарт-кабинеттер ашылды. Атап айтқанда, «Сенім» әлеуметтік орталығы, «Сана» педагогика-психологиялық кеңес беру, IT, «Зерде», «Ізденіс» оқу-әдістемелік кабинеттері және т.б.

Бітіруші түлектер ішінде Ақтөбе облысынан өзге Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау, Алматы облыстарынан және Астана қаласынан жастар бар.

Дәстүрлі шараға оқу орнының ұжымы, студенттер және ата-аналар қатысты.