Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ректор Бауыржан Ердембеков бірқатар БАҚ өкілдерін құттықтады

Ректор Бауыржан Ердембеков бірқатар БАҚ өкілдерін құттықтады

Бүгін Жұбанов университетінде таңғы ас форматында ректор бірқатар жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесті. Кездесу алда келе жатқан Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесіне орайластырды.  Кездесуде ректор журналистерге 2017-2018 оқу жылының қорытындылары жайлы әңгімелеп, университет өмірінің жаңа тынысымен таныстырды. «Оқу жылын табысты қорытындыладық. Бакалавриат, магистратура, докторантура бағыттарында жаңа мамандықтар ашылды. Гришина көшесіндегі жатақханада жөндеу жұмыстары аяқталды. Оқу ғимараттарында алдағы оқу жылына дайындық жұмыстары жүруде. Алдымызда 5 мың студент қабылдаймыз деген амбициялық мақсат тұр. Ол межеге міндетті түрде жететін боламыз. Себебі, қабылдау комиссиясының жұмысы басталып кетсе де, кәсіби бағдар беру жұмыстары тоқтаған жоқ. Біз арман арқалаған әр жастың өмір жолын дұрыс таңдауына себепші болғымыз келеді», — деді ректор өз сөзінде.

Ректормен мерекелік таңғы асқа шақырылған әр журналист университет абыройын көтеруде үлес қосып жүргендері үшін атаулы құттықтау ашық хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Олардың арасында жергілікті БАҚ басшылары, телеарналардың жаңалықтар қызметі директорлары, авторлық бағдарламалар редакторлары, республикалық басылымдар мен телеарналардың меншікті тілшілері болды.

Шара барысында  ректор университет ұжымы атынан «Актюбинский вестник» газеті редакциясын 100 жылдық мерей тойымен құттықтады. «Құрметті қонақтар! Өздеріңізге белгілі, жақында Ақтөбе облысындағы ең ірі басылым 100 жасқа толды. «Актюбинский вестник» облыстық газетінің аймақтың ақпарат кеңістігінде алар орны нығыз, қомақты. Бір ғасыр ішінде газет редакциясында  журналистердің бірнеше ұрпағы алмасты. Бірақ, газеттің ел игілігіне қызмет ету идеологиясы, бағыты өзгерген жоқ. «Актюбинский вестник» газеті парақтарынан ғасыр иісі сезіліп тұрса да, бүгінде заман үніне ілескен, журналистиканың жаңашыл бағыттарына бет бұрған басылым ретінде оқырман құрметіне ие. Осы айшықты датаға байланысты біз ерекше сый сыйлауды ұйғардық. Ол «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығының бітірушісі Алтынбек Қожастың «Алтын күз» картинасы, онда жас суретші туған ауылы Калиновканың күз маусымындағы әдемі көрінісін бейнелепті. Алтынбектің картинасы арқылы кең байтақ Қазақстанымыз сұлу жерлерге бай екенін көруге болады. Калиновка ауылы Ақтөбе облысының қасиетті Қобда жерінде орналасқан. Осы картина «Актюбинский вестник» газеті тілшілеріне қуанышты көңіл-күй сыйлап, шығармашылықтарына дем беріп отырады деп ойлаймыз. Сыйлығымызды бүгінгі шараға қатысып отырған картина авторы Алтынбек Қожастың өзі табыстауына рұқсат етіңіздер. Бір айта кетерім, сыйлығымызды қабылдап алатын газет редакторы Айгүл Нұркеева біздің университет түлегі. Құрметті Айгүл! Сіздің ғасыр жүгін арқалаған басылымға басшы болуыңыз біз үшін үлкен мәртебе. Өте қуаныштымыз. Басылым тілшілеріне өз атымнан, оқу орнымыздың барша ұжымы атынан ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан ынтымақтастық дәстүр үшін алғыс білдіремін», -деді Бауыржан Ердембеков.

 

Картинаны табыстаған автор Алтынбек Қожас: «Менің дипломдық жұмысыма арналған, бояуы кеппеген дүниемнің «Актюбинский вестник» газетінің редакциясындағы тілші апаларым мен ағаларымның көз қуанышы болып, ілініп тұратынына бақыттымын.  Маған осындай ұсыныс түскенде өте қуандым. Сіздерге үлкен шығармашылық белестер тілеймін!».

«Актюбинский вестник» газетінің редакторы Айгүл Нұркеева көрсетілген жоғары назарға ризашылығын білдіріп, университет ұжымына және тың жаңалықтарын аз уақыт ішінде жүзеге асырып үлгерген жаңашыл ректор Бауыржан Аманкелдіұлына алдағы күндерде берекелі іс пен табысты талаптар тіледі.

Кездесуде сөз сөйлеген «Аqtobe» телеарнасының директоры Ернұр Бурахан Жұбанов университетімен өткен жылы ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойылып, соның аясында біраз жұмыстар атқарып жатқаны туралы, алда да нақты жоспарлар бар екенін айтты. «Телеарна қазір кино түсірумен айналысуда. Ол үшін орталықтан кино саласында тәжірибесі бар мамандарды шақырдық. Алғашқы кинотүсірілім басталды. Жақын болашақта жастар тақырыбына сериалдар түсіру ойда бар. Бүгін бітіруші шәкірттің картинасын көріп, университетте кәсіби суретшілер дайындалып жатқанына қуә болдық. Кино түсіруде декоратор мамандар қажет болады. Осы бағытта университетпен тығыз байланысты жалғастырамыз деп ойлаймын», — деп атап көрсетті телеарна басшысы.

Сондай-ақ мерекелік шарада республикалық басылымдар: «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Темір Құсайын, «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі Жұбаныш Байгуринов те өз тілектерін жеткізді.

Есепті мезгіл ішінде Жұбанов университеті туралы халықаралық, республикалық, жергілікті басылымдар мен телерадиоарналарда 555 жарияланым өткен екен. Бұл университет баспасөз қызметі бөлімі мен БАҚ арасындағы біргелікте атқарылған үлкен жұмыстың жемісі.