Бүгін Жұбанов университетінде жыл сайын өткізілетін «Хан Қорық» жастар фестивальі басталды. Бұл шараны Астана қаласының 20-жылдығына орай Жұбанов университеті және Ақтөбе облысының әкімдігінің қолдауымен «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Фестиваль QazaqGeography қоғамының Қазақстанның әртүрлі аймақтарында өткізілетін дәстүрлі жобасы болып табылады.
Өз сөзінде университет ректоры Бауыржан Ердембеков Ақтөбе облысының бай тарихи мұраларына тоқталып, фестивальдің «Рухани жаңғыру» бағдарламасында өтіп жатқанын атап кетті. Сонымен қатар Бауыржан Амангелдіұлы жақын аралықта университетте ұлттың рухани жаңғыруына өз үлесін қосатын археологиялық зертхананың ашылатынын да тілге тиек етті.
Фестиваль барысында университет қабырғасында студенттердің ғылыми-практикалық конференциясы, «Климаттың өзгеруі», «Су ресурстары» тақырыптарындағы креативтік жобалар конкурсы өтті. Жобалар Европалық кеңестің және Жаһандық экологиялық қордың қаржылық қолдауымен Қазақстан Республикасының үкіметімен біргелікте жүзеге асырылып отыр.
БҰҰДБ/ҒЭҚ «Қазақстан Республикасының ұлттық хабарламалар және Екіжылдық баяндама жасау» жобасының менеджері Саулет Сакеновтің айтуынша, бұл жылы фестивальға Қазақстандық және Ресейлік, Өзбекстандық жоғары оқу орындарының студенттері және QazaqGeography жас мүшелері атынан барлығы 120 жоба қатысып отыр.
Төртінші рет өткізіліп отырған бұл фестиваль 2015 жылы қазақ хандығының 550-жылдығына арналып, Қарағанды облысында, 2016 жылы Қазақстан Республикасының 25-жылдығына арналып Оңтүстік Қазақстан облысында, ал 2017 жылы «Туған жер» және «Қазақстанның рухани ғибадатханалары» бағдарламаларын жүзеге асыру аясында Павлодар облысында аталып өткен болатын.
Шара Қобда, Ойыл, Алға аудандарында жалғасын тапты. Қобда ауданында фестивальға қатысушылар Ә.Молодағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ауданның тыныс-тіршілігімен танысты. Абат-Байтақ мавзолейі, Қобыланды батыр мемориальды кешенін аралап, гала-коценртті тамашалады.
Сонымен қатар шараға қатысушылар Ойыл, Алға аудандарының көрікті жерлерін аралады.