Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Діни сана және рухани жаңғыру идеясы

Діни сана және рухани жаңғыру идеясы

Үмбетқан Сәрсембин,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің әлеуметтік-
саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі,
философия ғылымының кандидаты

Діни сана – қоғамдық сананың тарихи формаларының бірі. Философиялық тұрғыдан зерделесек, мәңгілік ақиқат, адамзат баласына игілігі ортақ құн­дылық. Тарихта адамзаттың екінші ұстазы атанған әл-Фараби дін дегеніміз жаратылыс иесінің адамзат баласына салып берген тура жолы деген. Дінді мәңгілік ақиқат дейтін себебіміз, адамзат баласы қаншама тарихи дәуірді басынан өткізді, бірақ, тарихи қиын уақыттарда діннен қол үзген емес. Қоғам өркениет жолында болса да, дін адамнан, адам діннен қол үзбейді. Сондықтан да, дін дегеніміз адамзат тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі болып саналады. Бұған біздің тарих та мысал бола алады.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ел болашағына қатысты нәрселерді зерделеу­де ұлттық сана мәселесіне көңіл бөлген. Ұлттық санамыздың қалыптасу негізінде ұлттық тәжірибелермен қатар, діни құн­дылықтарымыздың да жатқандығын ес­керсек, қазақ халқының дәстүрлі діні ұлттық кодымыздың тарихи негіздерінің бірі болып табылады.
Дәстүрлі дін дегеніміз не нәрсе? Көп жағдайда дінді қоғамға, тарихқа қарсы қоюшылық белең алып жатады. Бұл қазіргі адамзаттық проблемаға айналған діни экстремизмнің, терроризмнің, түрлі секталардың идеологиясының зардабынан туындап отырған түсінік, үрей, қорқыныш. Дәстүрлі дін басқа, дәстүрлі емес діни ағым, секта деген басқа нәрсе. Қазіргі таңда, әсіресе, жастардың алдында тұрған міндет, осы екеуінің ара жігін ажырата білу мәселесімен де тығыз байланысты. Ойшылдарымыз айтып кеткендей, дәстүрлі дін өзінің пайда болған уақытынан бері (бастап) адамзат баласының бейбітшілігін, бірлігін, тұрақтылықты қорғап, қамтамасыз етіп, рухани құндылықтарды бойынан түлетіп, әр халықтың бойындағы жақсы қасиеттер мен тәжірбелерді жандандырып отратын қасиетті дүние. Сондықтан да, дәстүрлі дінде мемлекетке қарсы келу, жеке адамның халықтың бейбіт өміріне нұқсан келтіру, болмысына, мүддесіне сызат түсіру, елге қауіп төндіру, жас­тарды қараңғылыққа жетелеу деген көз­қарас жоқ. Осыған байланысты, мемлекет басшысының мақаласында былай делінген: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол кодыңды сақтай білу… Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет».
Шынымен де, бүгінгі уақыт бізден осы ұстанымды талап етуде. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, тарихта заман сынынан сүрінбей өткен құндылықтарымыздың негізгілерінің бірі қазақтың дәстүрлі діни танымы. Батыстағыдай ғылыми техникалық прогресс жолына кеш түскенімен, қазақ халқының білім, ғылым, өнер жөніндегі түсінігі терең болған. Дәстүрлі дін деп пайда болған, әлемге, елге тараған кезден бастап, ұлт болмысымен байланысып, ел мәдениетінің бойындағы құндылықтарды сақтап, өрісін кеңейтіп отырған, елдің дәстүрі мен тарихының тәжірибелері (тағылымы) арқылы ұрпақ тарапынан қорғалып, сақталып келген дінді айтамыз. Дәстүрлі діннің жолында аға ұрпақ буынның зиялылығы, еңбегі, білімділігі, тарихының тағылымы мен ілімдері сақ­талады. Нағыз діни тұлғалардың тарихи беделін халық, ұрпақ жадында сақтауға ұмтылады. Бір сөзбен айтқанда, дін мен ұрпақ арасында этикалық ұстаным, адамгершілік жоғалмайды. Тарихтағы діннің беделі, халық өмірін көркейтудегі діни тұлғалардың даналығы, қасиеті, қажырлы еңбектері әрқашан ұрпақ жадында сақталуы қажет және оны келер ұрпақ өзіне үлгі тұтып, өзінен жоғары қойып отыруы маңызды. Тарихта дін мен халық үшін ғылым жолын қуған діни тұлғалармен, компьютер арқылы ғаламтордан ақпарат алған адамның еңбегін салыстыру мүмкін емес. Кешегі өткен бір ғана Шәкәрім атамыздың дін мен ғылым жолындағы ізденісінің өзі халық игілігі жолындағы жауапкершіліктен туындаған. Абайдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жазып кеткен еңбектері діннің барлығынан да жоғары екендігін, кез-келген адамның кез-келген уақытта дін білімін өзіне бағындыруының мүмкін еместігін дәлелдейді, тереңнен түсіндіреді.
Қазақ халқының, оның тұлғала­рының білім, ғылым, өнер, мәдениет туралы терең түсінігінің болу себебі, үнемі ислам дінінде өркениеттілік, мәдениеттілік, іздену, еңбек, қайы­рымдылық, ізгілік жөнінде кеңінен айтылады және бұлардың барлығы қоғамға, адамның қолына сауаттылық, адамгершілік арқылы келеді деген ұғым бар. Осы түсінік өркениеттілік пен мәдениет туралы қазақ халқының ұлттық санасының қалыптасуына ықпал етіп отырды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ғылыми-техникалық прогресс әлемінен қашықта болғанымен, қазақ халқының адамзаттық игіліктер туралы ұғымы терең, талғамы биік келеді. Ұрпаққа адамзаттық игіліктер білім, өнер, ғылымның құндылығын ерте түсіндірген.
Діни сана жаратылыс ақиқатын дұрыс зерделеуден басталған. Ақиқатты дұрыс зерделей білген ұрпақ өзінің ұлттық мүддесіне ие, оны білімімен сақтай алмақ. Ұлттық дәстүрінің тәжірибелерін молынан пайдаланып, өмірмәндік нәрселерге қол жеткізеді. Дәстүрлі емес діни ағымға келсек, бұнда алдымен жеке адамды мыңжылғы ұлттық құндылықтарынан, қоғамынан бөліп алу, рухани жағынан ел болмысынан ажыратып жіберу үрдісі басым. Бұндай жағдайда адам санасындағы ұлттық түсінік жойылады, отбасына, тарихына, мемлекетіне деген жақындық үзіледі. Ұлттық ойлау болмайды, соның нәтижесінде күрделі әлеуметтік мәселелер туындайды. Өмірде орын алып, көрініс тауып жататын бұндай жағдайларды көргенде, шынымен де бүгінгі ұрпақтың алдында үлкен міндеттердің тұрғандығын білесің.
Тарихта ата-бабаларымыз дінге арқа сүйеді. Небір қиын-қыстау кездерде діни сана, діни білім ғана оларды сақтап қалды. Қазақтың діни адамдары (тұлғалары) ағартушылық қызметтерімен (дәстүрі) елге қамқор болды. Діни медреселер ашып, мешіттер салғызды, яғни, өмірдің қиыншылығына қарамастан, қоғам алдына ел мүддесіне қызмет ететін жастарды тәрбиелеп шығарды. Бұның барлығы тарихтағы қазақ халқының діни санасының, білімінің, түсінігінің дұрыс болғандығын көрсетеді. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бүгінгі таңда қоғам алдына қойылып отырған ұлттық кодты дұрыс зерделеу, сақтау, пайдалану мәселесі осы шындықты негіздейді.
Рухани жаңғыру идеясы бүгінгі уақыт талабынан туындап отырған мәселе. Біздің уақытымыздың тарихтағы ата-бабамыздың өмір сүрген уақытынан өзгешелігі, ақпараттық технология, кибернетика ғылымының өнімі бүгінгі қоғамның барлық саласына ықпал етуде. Біздің дәуіріміздің ерекшелігін көрсететін өз қиыншылығы бар. Ол әлемдегі, қоғамдағы ақпараттардың тез алмасуы. Ақпарат тез тарайды, жастардың ата тарихының тәжірибелерін, мәдени құндылықтарын танып, игеруінен ғаламтор желісіндегі ақпараттарды білуі тез жүреді. Ғаламтор желісіндегі ақпараттардың қажеті мен қажетсіздігін ажырату көп жағдайда жастар арасында бола бермейді. Осының салдарынан адамның санасын тұмшалайтын рухани дағдарыс әлеуметтік ортада орын алып жатады. Сондықтан да, бүгінгі жаһандану заманында ұрпақты ұлт ететін, уақыт құбылыстарынан сүрінбей өтуіне ықпал ететін дүние – ұлттық код, ұлттық сана, ұлттық рух, ұлттық болмыс. Өзіңе, халқыңа, елінің болашағына пайдалы нәрселерді зерделей білу.
Алаш зиялылары жазып кеткендей, қазақта заманына қарай амалы деген сөз бар. Бұның мағынасы заман талабына сай өзіңе, еліңе пайдалы іс атқару. Қай дін болмасын, ол адамның уақыт талабына дұрыс бейімделуін қолдайды. Адамды теріс идеологиясымен тежеу дәстүрлі дінге жат нәрсе, адамда адал еңбек, таза білім, дұрыс мінез болуы қажет. Мәселен, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде ата-ананы құрметтеу, олардың еңбегін бағалау, ескеру, тіліңді, діліңді таза ұстау, көркейту, өмірді қадірлеу, елдің тыныштығын, бейбітшілікті қорғау, бағалау, біреудің тағдырына зияныңды тигізбеу жөнінде айтылған. Неміс философы Гегель жазғандай, жеке адам өзінің рухани қалыптасуында қоғамдық сананың барлық түрлерін иелене білуі тиіс. Олар тарих, мәдениет, білім, өнер, ғылым, дін, құқық, саясат, экономика және т.б. Осы қоғамдық сана түрлерін жетік меңгерген адам мемлекет азаматы деңгейіне қол жеткізбек. Қазақ халқының осы әлеуметтік феномендерді ұрпаққа ұғындырудағы басты мақсаты, жеке адамның, сол арқылы қоғамның интеллектуалдық өрісін қалыптастыру болған. Шынымен де, діни сауаттылық, ұлттық сананың және тарихты білудің, ұлттық тәрбиенің негізінде тарихтағы қазақ қоғамында ауыр оқиғалар болмаған. Мәселен қазақ дәстүрінде елге келген елшіге, қарапайым адамға, халыққа зиянын тигізу дінге де, ділге де жат нәрсе. Батырларымыз елге қауіп төндірген, зардап әкелген жаумен ғана күрескен. Бейбіт уақытта елдің тыныштығы бұзылмаған. Бұның түпкілікті мәні жаңа айтып өткеніміздей, қоғамдық сананың, әсіресе, діни сананың дұрыстығында. Елбасы айтқандай, «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінгі тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек».
Уақыт бір орында тұрмайды. Қазақ даналығында «елу жылда ел жаңа» деген қанатты сөз бар. Бүгінгі уақыттың өзгешелігі адамзаттық өркениеттің тегермеші тез жүріп келеді. Осындай уақыт жағдайында мемлекет пен жеке адамды, тарих пен ұрпақты біріктіріп отыратын ұлттық сана, ұлттық идея, ұлттық идеология. Еліміз өзінің тәуелсіздігін алған уақыттан бері, ұлттың рухани жаңғыруына қатысты жүйелі жұмыстарды атқарып келеді. Ендігі міндет игерілген құндылықтарды дұрыс пайдалана білу. Мақалада атап көрсетілгендей, «Прагматизм – өзінің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кереңдікке жол бермеу деген сөз».
Адамгершілік, еңбек, білім, рухани тереңдік қашан да қоғам алдында тұратын құндылықтар. Діні мен ділін таза ұстап, оның тәжірибелерін бойында біріктіре алған адам ғана алға қойған мақсатына қол жеткізбек. Азаматтық деңгейге қол жеткізудің негізінде, жеке адамның бойында (болмысында) діни сана мен ұлттық сананың үйлесуі немесе парасаттылық, сауаттылық, тәжірибе арқылы заман талабына дұрыс бейімделу жатыр. Адамзаттық мәдениеттің, ұлт мәдениетінің дамуы рухани жаңғырудан тұрады. Адам баласының табиғаттан еңбектену, ақыл, білім қызметі арқылы ажырап, өз алдына қоғам құруының өзінде рухани жаңғырудың элементтері бар. Демек, рухани жаңғыру адам табиғатына тән құбылыс.
Мемлекет басшысының ел алдына жүктеп отырған рухани жаңғыру идеясының ерекшелігі, ол ұлттың құндылықтары мен қасиеттерін негіздей отырып, жаңа уақыт табалдырығында ұлтты, елді, халықты, ұрпақты ақыл, білім арқылы көркейтетін, мемлекеттің мәдени, саяси және экономикалық дамуын одан әрі күшейте түсетін нәрселерді иелену, қалыптастыру. Бұл бүгінгі қоғамымызға үлкен міндеттерді жүктейді. Соның ішінде негізгі міндет­тердің бірі – кез-келген іске ұқыпты, шынайы, білікті, білімді және жігерлі болу. Өткенге құрметпен, қоғамына жанашырлықпен, болашағына үлкен сеніммен қарайтын азаматтық деңгейді, ұлттық сананы дәріптеу.
Өз жұртының болмысына, болашағына қарсы келмей, тәуелсіздікті қорғап, оған адал қызмет ете білу қазіргі жаһандану заманында халықтың тұлғалық болмысын паш ететін үлкен жетістіктерінің бірі. Әрбір жеке адамның бойындағы жетістік ол ұлт жетістігі. Рухани жаңғыру идеясының ұрпаққа берер құндылығы мен бағыт-бағдарының мәні осында. Ұлттық сана сақталған жерде ғана діни сана дұрыс болады. Ұлттық сана қоғамдық сананың барлық түрлерін адам танымында біріктіріп, үйлестіріп отыратын рухани негіз. Рухани жаңғыру алдыменен ұлттың санасына, рухына күш береді.