Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаратылыстану факультеті түлектерін шығарып салды

Жаратылыстану факультеті түлектерін шығарып салды

Бүгін Жұбанов университетінің жаратылыстану факультетінің 2018 жылғы түлектеріне диплом табыстау салтанатты  кеші өтті.

Жаратылыстау факультеті өзінің білім беру қызметін «Биология», «Химия», «Экология», «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы», «Органикалық заттардың химиялық технологиясы», мамандықтары бойынша білікті мамандар даярлайды. Аталмыш факультетті 295 бакалавр бітіріп, оның 25-і үздік диплом иегері атанды.

Салтанатты рәсімді университет ректорының кеңесшісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор Константин Цхай   құттықтау сөзімен ашып, бітіруші түлектерге үздік диплом табыстады.

Шарада үздік диплом иегері, «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша бітіруші түлек Тоғжан Өтепбергенова ұстаздары мен университет басшылығына алғысын жеткізіп, өзінің шығарған өлең жолдарын оқыды.

Білімменен жасампаздық ұраны,

Бақ көңілде жоғары боп тұрады

Жұбановтар жоғары оқу орны,

Мықтылардың мықтысының тұрағы.

 

Еңбекпенен білім болар талабы,

Студенттің табылған бақ-қалауы

Үздіктердің үздігі кеп оқитын,

Шығатұғын барлық сала маманы.

 

Ұстаздардың еңбегімен өрілген,

Студенттері тек биіктен көрінген

Серпіндіктер серпілтіп кеп жатады,

Ақтөбеге жиылып, зор көңілмен

 

Төске өрлейді, «Жұбанов» тасады әлі,

Тарихы таңба болып басылады

Түлектерге алып ұшып, кеп жеткен,

Алдарынан ақ құшағын ашылады, — деп жырлаған бітірушінің өлеңмен өрілген жүрекжарды лебізі жиналғандардың көңілін бір серпілтті.

Содан соң мерекелік шараға қатысқан университеттің 2010 жылғы түлегі, «Гидроэкоресурс-L» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ануар Ембергенов жоғары оқу орнын бітірулерімен құттықтап,  алдағы болашақтарына ақ жол тіледі.

Өз кезегінде құттықтау сөз сөйлеген жаратылыстану факультетінің деканы, PhD доктор Мұрат Махамбетов түлектерді құттықтап, болашақтың тізгіні белсенді және ұтқыр жас ұрпақтың қолында екенін атап өтіп, бітіруші түлектерге осыған лайық болуларын тіледі.

Сонымен қатар бітіруші түлек Назерке Әбдрашитованың анасы Ұлболсын Ұйханова сөз сөйлеп, «Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Қазақстандағы қазіргі заманғы жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Университет түлектері өздерінің кәсіптік білімдерін табысты іске асырып, мемлекеттік құрылымдарда, еліміздің ірі компанияларында,  білім мен ғылым салаларын дамытуда айтарлықтай үлес қосуда. Енді міне солардың қатарын биылғы түлектер толықтырғалы отыр. Оқу орнының басшыларына, ұстаздарына шексіз алғыс айтамын! Құрметті түлектерге болашаққа басқан қадамдарыңызға гүл бітсін және дипломдарыңыз құтты болсын деймін», — деді.

Диплом тапсыру кеші концерттік бағдарламамен аяқталды.