Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Хан Қорық» фестиваліне қатысушылар Ақтөбе облысының тарихи және көркем табиғатты жерлерін аралады

«Хан Қорық» фестиваліне қатысушылар Ақтөбе облысының тарихи және көркем табиғатты жерлерін аралады

Бұл шараны Астана қаласының 20-жылдығына орай Жұбанов университеті және Ақтөбе облысының әкімдігінің қолдауымен «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Фестиваль QazaqGeography қоғамының Қазақстанның әртүрлі аймақтарында өткізілетін дәстүрлі жобасы болып табылады.

Бірінші күні фестиваль қатысушылары Қобда ауданында Әлия Молдағұлованың туған күнінде оның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Осыдан кейін ауданның патриоттық орталығымен және «Әлия» музейімен танысып, Бұлақ кентіндегі Абат-Байтақ кесенесіне, Қобыланды батыр мемориалдық кешеніне, археологиялық ескерткіштерге экскурсия ұйымдастырылды. Бірінші күн спорттық іс-шаралар және гала-концертпен аяқталды.

Ойыл ауданында қатысушылар «Көкжар жәрмеңкесіне» барып, Барқын ыстық құмдарымен танысып, Ш.Берсиев атындағы музейінде фестивальдің екінші күні жалғасын тапты. Келесі күні QazaqGeography мүшелері Алға ауданындағы «Тама Есет Батыр» мемориалдық кешенімен танысып, Ақтөбе су қоймасын аралады.

Төртінші рет өткізіліп отырған бұл фестиваль 2015 жылы қазақ хандығының 550-жылдығына арналып, Қарағанды облысында, 2016 жылы Қазақстан Республикасының 25-жылдығына арналып Оңтүстік Қазақстан облысында, ал 2017 жылы «Туған жер» және «Қазақстанның рухани ғибадатханалары» бағдарламаларын жүзеге асыру аясында Павлодар облысында аталып өткен болатын.