Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Физика-математика факультетінің түлектері жаңа өмірге бет алды

Физика-математика факультетінің түлектері жаңа өмірге бет алды

Жұбанов университетінің Студенттер сарайында бүгін физика-математика факультетін бітірушілерге диплом табыстау кеші өтті. Физика-математика факультеті университетіміздің ең алғашқы болып құрылған екі факультетінің бірі. Бүгінде факультетте бакалавриаттың 9 мамандығы, магистратураның 6, докторантураның 2 мамандығы бойынша кадр даярланады.

Биылғы оқу жылында аталған факультеттің күндізгі бөлімін  155 студент, ал сырттай бөлімін 92 студент бітііп отыр, оның ішінде 22 бітіруші үздік үлгідегі дипломға ие болды.

Салтанатты шарада университеттің бірінші проректоры, профессор Қуанышбек Шүңкеев сөз сөйлеп,  «Құрметті түлектер, құрметті әріптестер және ата-аналар! Бүгін бірітуші түлектер жаңа өмірге қадам басқалы отыр. Сіздерге ақжол тілеймін, үлкен өмір жолына біздің университеттің атын жақсы жағынан көрсетіп жүретіндеріңізге сенемін! Дипломдарыңыз құтты болсын!», — деді.

Сөз соңында Қуанышбек Шүңкейұлы үздік диплом иелеріне диплом табыстап, олардың ата-аналарына ректор Б.Ердембектовтің алғыс хатын табыстады.

Салтанатты шараны әрі қарай университет түлегі, әнші Арман Жиеналиев «Ақтөбенің сұлулары» әнімен жалғастырды.

Физика-математика факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор Людмила Мясникова  түлектерге: «Қымбатты түлектер! Бүгін қолдарыңызға диплом алып отырсыздар. Барлық оқып-түйгендеріңізді, мүмкіндіктеріңізді көрсетіп, барынша қабілеттеріңізді арттырып, өз бетінше өмір сүретін кез басталды. Олай болса, өмірде барлық жақсылықты тілеймін. Ақ жол, сіздерге!» — деп түйіндеді, өз сөзін.

«Үздік студент – 2018» төсбелгісінің иегері, «Серпін» әлеуметтік жобасының алғашқы түлектерінің бірі Досбол Яхия да сөз сөйлеп, «Бізге керемет жағдайда оқуға мүмкіндік бергені үшін Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Аманкелдіұлына алғысымыз шексіз.  Университетімізге шын жүректен ризамыз! Бакалавр дәрежесінде тағы бір қадам алдыға жылжуға  көмектесіп, тек отандық қана емес, батыстық оқу тәжірбиелерімен танысуға бірден бір себепкер болғанына ұстаздарыма мың алғыс айтамын!», — деді, ол.

Бұл күні ата-аналардың да қуанышында шек болмады. Бітуші түлек «Математика» мамандығының үздік диплом иегері  Әділет Рахметовтің әкесі Айсағали Рахметұлы  баласының  оқу бітіру кешіне әдейі келгенін айтып, естен кетпес, жарқын сәттің куәсі болып отырғанына шын жүректен қуанып, оқу ордасы ұжымына ризашылығын білдірді.

Салтанатты шара соңында  факультет түлектері естелік суретке түсіп, университеттен көтеріңкі көңіл күймен қоштасып,  тарасты.