Понедельник, Июнь 1, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > «Шолпының» сыңғыры

«Шолпының» сыңғыры

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан құрылған «Шолпы» қыздар клубы қыз балалардың ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізге сай болып өсуіне үлес қосып келеді.

«Шолпы» клубы 2012 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің көпшілікпен жұмыс және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Алмагүл Сарыбайдың бастамасымен ашылды. Бүгінде аталған ұйым қаланың барлық оқу орындарымен, мекемелермен тығыз байланыста болып, жоспарлы түрде жұмыс жүргізуде.

— Қазақ халқы «Қыз — қонақ» деп есептеген, оларды құрметтеген, сонымен қатар бала күнінен бастап, ұстамдылыққа, қарапайымдылыққа және тәрбиелікке баулыған. Клубты құрудағы мақсатымыз — қыз балаларға олардың болашақ ана, отбасының ұйытқысы, бақыты және халқымыздың болашағы, тәрбиесі оларға байланысты екендігін айтып түсіндіру. 

Елбасы «Қазақстан  2050» стратегиясы қалыптасқан  мемлекеттің жаңа саяси  бағыты» атты Жолдауында «Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар — болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары»  деген болатын. Сондықтан қыздарымызды тәрбиелей отырып, ұлтымызды тәрбиелейміз— дейді клуб жетекшісі Алмагүл Сарыбай.

«Шолпы» клубы бүгінде рухани-адамгершілік, денсаулық, еңбек, отбасы, ұлттық тәрбие бағыттарында бірқатар жұмыстар жүргізуде. Мәселен қаладағы білім ордаларында «Қыз бала әдебі», «Қызға қырық үйден тыйым», «Әже өнегесі», «Қыздарымыздың қылығы неге алаңдатады?», «Ақтөбе өңірінен шыққан батыр қыздар» атты кездесулер мен кештер ұйымдастырылды.

«Шолпы» клубы қыз балаларға музей қорынан «Шолпы, шашбау — шаштың сәні», «Қазақтың қыз-келіншектерінің әшекей бұйымдарының сыры» тақырыптарында көрмелер ұйымдастырып, қыз балаларды қазақтың зергерлік әшекей бұйымдарымен таныстырып отырады. Қыздар шолпы, шашбаудың не екенін көзбен көріп, шаштарына тағып, сән үлгісін көрсетеді. Олардың шаштарына салмағы ауыр шолпыны таққан кезде алған әсерлері де өзгеше. Шолпы, шашбау қыздың шашының тез өсуіне ықпал етсе, екіншіден, қыз баланың тік жүруіне де өте пайдалы

2013 жылы Ақтөбе қаласындағы №31 мектепте, М.Құсайынов атындағы мамандандырылған дарынды балалар мектеп-интернатында «Ерке наз» қыз балалар клубтарының тұсауы кесілді. Былтыр облыстық балалар ауруханасында  «Таңшолпан» қыз-келіншектер клубы ашылса, биылғы жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жанынан  «Шолпы» ұлттық тәрбие орталығы ашылды.

Ақтөбе қаласындағы №31 орта мектептің қыздары мереке күндері шолпы тағады. «Шолпы» клубының мүшелері шашқа тағатын әшекейді өздері дайындап жасаған. Қазіргі таңда 500-ге жуық оқушы қыз осы клубтың мүшесі. Олар үшін арнайы бөлме берілді. Қыздар бос уақытында қолөнер бұйымдарын дайындайды.

—«Шолпы» клубы облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылды. Өйткені музей — таным мен тарихтың қайнар көзі. Қазақ халқының отбасындағы ұрпақ тәрбиесін халық арасында насихаттап, әсіресе қыз балалар тәрбиесіне үлкен мән беру музей қызметкері ретінде менің басты борышым деп санаймын.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты» деген болатын. Отбасының ұйытқысы ана десек, қыз бала тәрбиесіне баса назар аударуымыз керек. Өйткені қыз — барлық ұлттық құндылықтарымызды дамытушы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші. Қыздарымыз ана болып қана қоймай, болашақты ойлаған, көреген дана болса, ұлтымыздың өркені өсер еді. Сондықтан  қыз тәрбиесіне ел болып атсалысайық дегім келеді, — дейді клуб жетекшісі.

Алмагүл Сарыбайдың айтуынша, клубтың кеңес мүшелерінің ішінде дәрігер, тарихшы, әдебиетші, ақын, меценат, ғалым да бар. Барлығы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қыз бала тәрбиесіне үлес қосып жүрген жандар.

— Қазір шолпы таққан қызды көрмейсің. Тіпті бұрымды арулардың өзі өте аз. Міне, қазақтың осындай жоғалып бара жатқан асыл дүниелерін қайта жарыққа шығаруға ат салысу басты мақсатымыз.

«Шолпы» қыздар клубымен алғашқы күннен бастап бірге жұмыс жасап келе жатырмын. Көптеген кездесулерге белсенді түрде қатыстым. Қазақ халқының шариғатқа сай әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, достық қарым-қатынасты қалыптастыруға, талғаммен киінуге, ер адамды сыйлауға, ұрпағын тәрбиелеуге баулуымыз керек, — дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Шолпы» қыздар клубының кеңес мүшесі Нұрлан Есенғазы.

Облыс бойынша «Шолпы» қыздар клубы оқушыларға, студенттерге, қыз-келіншектерге тәлім-тәрбие беру бағытындағы өз жұмыстарын жан-жақты жүргізіп келеді. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі арқылы жастар шолпы, шашбау, шашқап түрлерімен танысып, оларды тағудың маңызы туралы Алмагүл Сүндетқызының айтып беруі ұлттық нақыштарға деген қызығушылықтарын оятты.

«Шолпы» қыздар клубында қыз балалар тәрбиесі үш кезең бойынша жүргізіледі. Алғашқы кезең бастауыш кластың оқушыларын тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа үйрете отырып, қыз баланың көп білуге құштарлығын арттыру, кітап оқу, оны таңдай білу мәдениетін дамыту.

Екінші кезеңде 5-8 класс аралығындағы оқушылар алғашқы кезеңдегі тәрбие түрлерін ары қарай дамыта түседі. Бұл тұста жас ерекшелігіне қарай, қыз бала анасынан ешнәрсе бүкпейді. Қыз баланың келешегіне ең керекті нәзіктік, ілтипаттылық, үлкенді сыйлау сияқты мінездерді қалыптастыру — ананың басты борышы.

Үшінші кезең 9-11 кластарды және студент, бозбала, бойжеткен кезеңді қамтиды. Бұл аралықтағы тәрбие алдыңғы кезеңдермен тығыз байланысты болуы шарт. Адамға деген мейірім бала кезден, ең жақын адамын сыйлаудан, жақсы көруден басталады. Сондықтан әрбір қыз балаға ата-анасын, бауырларын, туыстарын, ұстаздарын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан өз Отанын сүйетін ел анасы шығары сөзсіз.

 

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК