Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінің Бақылау кеңесінің кезекті мәжілісі өтті

Жұбанов университетінің Бақылау кеңесінің кезекті мәжілісі өтті

Бүгін Жұбанов университетінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің өкілі, Бақылау кеңесінің мүшесі Гүлзат Көбенованың қатысуымен (селекторлық режимде), Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен бақылау кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бақылау кеңесінің жұмысына Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков, Ақтөбе облысы бойынша кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов, ААҚ Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Сабыржан Сәдуақасов, «Банк ЦентрКредит» АҚ АФ директоры Әсел Шүңкеева, Жұбанов университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова, Жұбанов университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров, Жұбанов университетінің ректорының кеңесшісі Константин Цхай, Жұбанов университетінің бірінші проректоры Қуанышбек Шүңкеев, университеттің ішікі аудит қызметінің жетекшісі Қанат Есетұлы Ағлешов қатысты.

Күн тәртібінде келесі мәселелер талқыланды:

  1. 2017-2018 оқу жылының қорытындысы бойынша оқу-әдістемелік жұмыстарының есебі. Баяндамашы универсиеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Сейілқызы Әбенова.
  2. Жаңа оқу жылында университет студенттері мен магистранттарына білім беру қызметінің төлемақысы бойынша берілетін жеңілдіктер туралы. Баяндамашы университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, Бақылау кеңесінің хатшысы Рахым Ағыбайұлы Бекназаров.
  3. 2018 жылдың 1-жартыжылдығы бойынша университеттің ішкі аудит қызметінің есебі. Баяндамашы – университеттің ішікі аудит қызметінің жетекшісі Қанат Есетұлы Ағлешов.

Кездесу барысында  сөз сөйлеген облыс басшысы өткен Бақылау кеңесіндегі берілген тапсырмалардың орындалу барысына тоқталды.

Өз баяндамасында «Жұбанов университеті Боллон декларациясының ережелері мен қағидаларына, жоғары оқу орындарына қойылатын нормативтік және бағдарламалық құжаттарға қойылатын талаптарға  сәйкес жұмыс жасайды. Кадрлардың ғылыми дәрежелілігі 45,2 пайызды құрайды. Баклавриаттың 54 мамандығы, магистратураның 18 мамандығы докторантураның 1 мамандығы бойынша барлығы 10664 студент білім алуда. Университет қосдипломды білім беру бағдарламасы бойынша әлемнің екі университетімен келісім- шарт жасады, соның негізінде біздің студенттеріміз Польша, Қытай университеттерінде оқуларын жалғастыруда. Облыстың ірі-ірі компанияларымен дуалды оқыту бағдарламасы аясында меморандум бар. Олардың ішінде Казхром, «Даму» кәсіпкерлікті дамытуды қолдау қоры тағы басқалар бар. Университет түлектерінің жұмыспен қамтамасыз етілуі 2017 жылы 75 пайызды құраса, 2018 жылы 91 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар университетімізде 2017-2018 оқу жылында 353 студент көптілді оқыту бағдарламасы бойынша білім алды. Бұл ретте білім сапасы – 89,3 пайызды құрады», — деп хабарлады Бибігүл Әбенова.

Жаңа оқу жылында университет студенттері мен магистранттарына білім беру қызметінің төлемақысы бойынша берілетін жеңілдіктер туралы сөз қозғаған универсиет проректоры Рахым Бекназаров: «Университет студенттері мен магистранттарына білім беру қызметінің төлемақысы бойынша берілетін жеңілдіктер туралы Ережесі 4 тараудан тұрады. Бірінші тарауы – Жалпы ережелер. Мұнда университеттің жеңілдіктер еңгізілу саясаты түсіндіріледі. Екіншісі – 1 курс студенттері мен магистранттарына жеңілдік беру туралы». Екінші тараудың биылғы ерекшілігі – біз алғашқы рет «Шетелдердегі қазақ диаспорасының өкілдері Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-не ақылы оқу түріне қабылдау емтихандарынсыз әңгімелесу негізінде қабылдана алатыны» және «Университетке қабылданған жағдайда 1-курста оқыған мерзіміне оқу ақысы алынбайтыны» нақты көрсетілді. Ереженің Екінші ерекшелігі – штаттағы профессор-оқытушылар құрамының, оқу-қосалқы, әкімшілік-басқару және қызмет көрсету персоналының штаттағы қызметкерлерінің (университеттегі еңбек өтілі кемінді 3 жыл болуы тиіс) балаларына бірінші курстың оқу ақысы 100 000 теңгеге төмендетілетіндігі. Ал Қазақстан Республикасының азаматтарына арналған дәстүрлі жеңілдіктер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер мен магистранттарға, университеттік олимпиада жеңімпаздарына, «Алтын белгi» иегерлеріне (мемлекеттік грантқа ілікпеген), халықаралық және республикалық спорт жарыстарының және шығармашылық конкурстарының жеңімпаздары мен лауреаттарына жыл сайын көрсетілуде. «2-4 (5) курс студенттеріне жеңілдік беру туралы» үшінші тарауда негізінен Оқу ақысынан университет, республика деңгейлеріндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына, қоғамдық өмірге белсене қатысатын оқу озаттарына берілетін жеңілдіктер айқын көрсетіледі. «Қ.Жұбанов атындағы атаулы стипендиясының және Қ. Жұбанов атындағы білім грантының тағайындалуы және төленуі туралы» төртінші тарауда Атаулы стипендия тағайындауға білім алушылар үміткер бола алатындығы көрсетіліп отыр» — деді.

Бақылау кеңесінің төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәжілісті қорытындылай келе жоғарыда баяндамашылар көрсеткен жұмыстардың жүзеге асуын қадағалау керектігін, оның ішінде әсіресе білім сапасына жіті көңіл бөлуді тапсырды.