Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Хан Қорық» жастар фестивалінің салтанатты түрде жабылуы өтті

«Хан Қорық» жастар фестивалінің салтанатты түрде жабылуы өтті

Аталмыш шара Қазақстанның 14 облысы, Ресей Федерациясы, Өзбекстан және «QazaqGeography» Республикалық қоғамдық қоры өкілдерінің қатысуымен «Саз-сырнай» мейрамхансында өтті.

Фестиваль барысында оның қатысушылары Ақтөбе облысының тарихи және көрікті жерлерін аралады. Осылайша бес күнге созылған шараның алғашқы күнінде қонақтар Қобда ауданына сапар шеккен болатын. Әрі қарай олар Ойыл, Алға аудандарына барды.

Фестивалдің жабылу салтанатында сөз сөйлеген «QazaqGeography» Республикалық қоғамдық қорының мүшесі Тоғжан Даутбаева шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтыпп, алда жаңа жетістіктерге жетулеріне тілек білдірді.

Фестиваль соңында барлық қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Марапаттау екі секция бойынша өткізілді. Олар: география, туризм, және өлкетану секциясы; тарихи-мәдени мұралар және этнография секциясы.  Тарихи-мәдени мұралар және этнография секциясының жүлдегерлерін Жұбанов университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров марапаттады. Сонымен қатар «Климаттың өзгеруі», «Су ресурстары» тақырыптарындағы креативті баяндамалар конкурсының үздік жұмыстары да аталып өтті.

Бердах атындағы Қарақалпақстан мемлекеттік университетінің (Нөкіс қаласы, Өзбекстан), Ұлықбек Мырза атындағы Өзбекстан мемлекеттік университетінің, Жаңа талап негізгі жалпы білім беретін мектебінің (Орынбор қаласы, Ресей), Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетінің, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің, М.Қозыбакиев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің өкілдері және тағы басқалары өз ойларын білдіріп, фестивальдан алған әсерлерімен бөлісті.

«QazaqGeography» Республикалық қоғамдық қоры Астана қаласының 20-жылдығына орайластырған аталмыш мерекені өткізуге Ақтөбе облысының әкімдігі мен Жұбанов университеті ат салысқанын атап өту керек. Жастардың өз елінің тарихы мен мәдениетіне деген сүйіспеншілігін оятатын бұл фестиваль жыл сайын Қазақстанның әртүрлі облыстарында өткізіліп келеді.