Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Байқау кеңесінің отырысы өтті

Байқау кеңесінің отырысы өтті

 

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде облыс әкімінің төрағалығымен Байқау кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Алдымен 2017-2018 оқу жылының қорытындысы қаралды.

Бүгінгі күні университеттегі ғылыми дәрежесі бар қызметкерлер саны — 45,2%. Жоғары оқу орны 54 мамандық бойынша бакалаврларды, 18 мамандық бойынша магистрант, бір мамандық бойынша докторант даярлайды. Қазіргі таңда Қазақстанның 13 өңірінен, сонымен қатар Ресей, Өзбекстан және Қытайдан келген барлығы  10 664 студент білім алып жатыр. Есептік жылдың ішінде Қытай және Польшаның жоғары оқу орындарымен меморандумдарға қол қойылды.

Облыс әкімі жоғары оқу орындарының басты көрсеткіші түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы екендігін атап өтті. 2017 жылы студенттердің жұмысқа орналасу деңгейі — 75%, ал 2018 жылы 91% құрады.

Бердібек Сапарбаев дуальды білім беруді енгізудің де ерекше маңызы бар екендігін атап өтті. Айта кетейік, жоғары оқу орны дуальды білім беруді дамыту аясында «Қазхром» АҚ, «Даму» КДҚ сияқты ірі компаниялармен келісімге қол қойды. Барлығы 230 өндіріс және түрлі меншік түріндегі мекеме-кәсіпорындармен тәжірибелерді ұйымдастыру туралы келісімшарттар жасалды.

— Дуальды жүйе денсаулық сақтау саласында өте тиімді жұмыс істейді. Техникалық, педагогикалық мамандықтарда да солай болуы керек. Кәсіпорындардағы практикалық базалар формальды болмай, шынымен де жұмыс жасаулары тиіс. Әрқайсысына жауапты адамдар бекітілуі қажет, — деп атап өтті облыс әкімі.

Кеңес мүшелері сондай-ақ студенттер мен магистранттарға берілетін оқу жеңілдіктерінің жаңалықтарын да қарады.

— Осы жылдан бастап, біздер шетелден келетін қазақ диаспорасы өкілдерін студенттер қатарына әңгімелесу негізінде қабылдайтын боламыз. Яғни бала біздегі жоғары оқу орнына түскен кезде алғашқы жылына оқу ақысын төлемейді, — деді университеттің проректоры Рахым Бекназаров.

Жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, «Алтын белгі» иегерлеріне, халықаралық және республикалық шығармашылық және ғылыми байқаулардың, олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен лауреаттарына жеңілдіктер қарастырылған.

Бердібек Сапарбаев стипендиялар мен жеңілдіктерді беретін кезде үздік оқитындарға, ғылыми, спорттық және қоғамдық өмірге белсене араласатындарға басымдық беруді тапсырды.

— Бірінші кезекте, үміткердің білімін бағалау керек. Қоғамдық өмірге, байқауларға, олимпиадаларға қатысушыларды да ескерген жөн. Ең алдымен — біздер тамыр-таныстықтың болмауын мұқият тексеруіміз қажет. Егер де білім беру, спорт,  денсаулық сақтау салаларында білімге емес, тамыр-таныстыққа көңіл бөлсек, онда ұлттың, мемлекеттің болашағы болмайды, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ жоғары оқу орнының ішкі ғылыми-зерттеу қызметін жандандыру және күшейту туралы тапсырма берілді.

— Басты бағыт — «ғылым-білім-өндіріс» байланысы. Елбасы тапсырмасымен елімізде жаңа технологияларды енгізу, цифрландыру, төртінші өнеркәсіптік революцияны жүзеге асырудың ауқымды жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық процестерде жоғары оқу орындары басты рөлді атқарулары керек. Өндіріс процестерін тиімдірек ететін жаңа инновациялық технологияларды сіздер ұсынуларыңыз қажет. Сіздердің ғылыми идеяларыңыз нарықта сұранысқа ие болып, кіріс әкелулері тиіс, — деп атап өтті облыс әкімі.

Жиынды қорытындылай келе, Байқау кеңесінің төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кеңес мүшелеріне қаралған мәселелердің сапалы жүзеге асырылуын бақылауға алу жөнінде тапсырма берді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.