Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Педагог–спортшы Самат Казиевті шәкірттері еске алды

Педагог–спортшы Самат Казиевті шәкірттері еске алды

Жұбанов университетінде танымал спортшы Самат Қазиевті еске алу мақсатында шағын футболдан және үстел теннисінен турнир өтті. Шараға Қазақстанның  түкпір-түкпірінен Самат Жұмағалиұлының 200–ден астам шәкірттері, Ақтөбе облыстық спорт басқармасының өкілдері, Жұбанов университетінің профессорлық–оқытушылық құрамы және ұстаздың жақындары қатысты.

DSC_1938-1024x684

Салтанатты шараны ашқан Жұбанов университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің  директоры Қарылғаш Сатыбалдина: «Самат Казиев Жұбанов университетінің «Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасында 35 жыл қызмет атқарды. Саналы ғұмырында ол бірқатар спорт шеберлерін тәрбиелеп шығарды. Оның ішінде Еркебұлан Омаров, Гүлдана Саматова сынды спортшылар да бар» – деп, танымал жаттықтырушының өмір жолына шолу жасады. Ойыл ауданының әкімі, Жұбанов университетінің түлегі, Самат Жұмағалиұлының шәкірті Дастан Садиров «Самат Жұмағалиұлы өскелең ұрпаққа үлкен өнеге болатын біртуар тұлға. Ащысы мен тұщысы, қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін студенттік өмірде бізге қамқорлығын аямай,теориялық біліммен бірге үлкен өмірде тұлға болып қалыптасуымызға көп үлес қосты. Ол өзінің ұрпақ тәрбиелеудегі қызметтік міндеттерін адал атқарған ең жоғарғы құрметке лайық азаматтардың бірі еді», – деп, ұстазын еске алды.

Белгілі педагог–спортшы Самат Казиев тірі болғанда 16 шілдеде 60 жасқа толар еді.

 

Ажаргүл Кунарова

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ

Баспасөз қызметі бөлімінің маманы