Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет студенттері Түркі әлемі университеттері жастарының жазғы оқу курсына қатысып қайтты

Университет студенттері Түркі әлемі университеттері жастарының жазғы оқу курсына қатысып қайтты

Жуырда Жұбанов университетінің студенттері Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастырумен өткізілген «ІV Түркі әлемі университеттері жастарының жазғы оқу» курсына қатысып,  жазғы оқу курсын аяқтап оралды.

Тілдік курс 2018 жылдың 18 маусымы мен 15 шілдесі аралығында Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркістан кампусында өтті.

Аталған курста Түркия Республикасынан — 210, Қырғызстаннан — 73, Өзбекстаннан — 15, Қазақстан ЖОО-нан — 93, жалпы 391 шетелдік студент білім алды.

Түркия Республикасы тарапынан қаржыландырылған жазғы оқу курсында студенттер қазақ, орыс, түрік тілдерінде дәріс алды. Сондай-ақ, олар күн сайын семинарларға қатыса отырып, университетте өткен түрлі қоғамдық шараларда белсенділік танытты. Айта кетерлік жайт, университеттің ұйымдастыруымен шетелді студенттер ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Үкәша ата және т.б тарихи-мәдени орындарын зиярат етті.

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, академик Болатбек Әбдірәсілов сөз сөйлеп, оқуды сәтті аяқтауымен құттықтады. Болатбек Серікбайұлы: «Қымбатты жастар! Жазғы оқу курстарыңызды сәтті бітірулеріңізбен құттықтаймын. Сіздердей  ынтымағы жарасқан Түркі жұрағатының тату жастары – бауырластық көпірін нығайтуға атсалысып жүргеніне қуаныштымын. Халықаралық статусы бар университетімізде түркі дүниесі студенттерінің білім алмасуы, достық қарым-қатынас орнатуы – туыс елдер арасында алтын көпір болатын игі іс. Келешек түркі әлемі бірлігінің негізін салатын сіздердей жастары бар елдің мәртебесі мен мерейі әрқашан биік» -деп, жастарды құттықтады.

Жиында жазғы оқуын осындай жетістіктермен тәмамдаған студенттерге сертификат табыс етіліп, кеш соңы мерекелік концертке ұласты.