Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қандастарға қамқорлық

Қандастарға қамқорлық

Жақында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған делегация Қарақалпақстан астанасы Нөкіс қаласына барып қайт­ты. Қарақалпақтың ұлы шайы­ры Бердақ ескерткішіне гүл қоюдан басталған сапар Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің төрағасы Мұ­са Ерниязовтің қа­былдауына ұласты. Онда өңірлер арасын­дағы экономикалық, мәдени байланыстарды нығайту жолдары талқыланды. Сонымен қатар облыс әкімі Бердібек Сапар­баев пен Қарақалпақстан Рес­пуб­ликасы Министрлер кеңе­сінің төрағасы Қаһарман Сариев 2018-2020 жылдарға арналған өзара ынтымақтастық және сауда-экономика саласы бойынша әріптестік меморандумына қол қойды.

Сондай-ақ екі ел кәсіпкерлері арасында өткен бизнес-форумда тараптардың мүмкіндіктері барынша сараланып, нақты шара­лар қабылданды. Атап айт­қанда, көршілер Бозойдағы бұрынғы өт­кізу пунктін қайта ашып, жолды жөндеп, Бесқаланың арзан көкөнісін Ақтөбе арқылы Ре­сейге, тіпті әрі қарай Еуропаға шы­ғаруға мүмкіндік алады. Әрі Ақ­төбеден ет, ұн өнімдерін тасиды. Тәуелсіздік жылдары Ақтөбе облысына көшіп келген 42 920 адамның 36 220-сы Өзбекстаннан, ал оның 90 пайызы Қарақалпақ елінен қоныс аударғандар. Қазір олар өсіп-өніп, 42 260 адамға жетіп отыр. Сапар барысында Бердібек Сапарбаев жергілікті қазақтармен кездесіп, «Нұрлы көш» бағдарламасы туралы жан-жақты баяндады. Ақтөбе облысына көшіп келушілерге барынша қамқорлық көрсетілетінін атап өтті. Осы ретте Бердібек Машбек­ұлы Қ.Жұбанов атындағы Ақтө­бе мемлекеттік университеті Қа­рақалпақстандағы қандастары­мыздың балаларын оқуға же­ңілдікпен қабылдауға дайын екен­дігін тілге тиек етті. Оқуға қабыл­данған студенттер 1-курста толық­тай оқу ақысын төлеуден босатылады. Қалған курстарды 50% жеңілдікпен оқиды. Сон­дай-ақ қарақалпақстандық түлек­тердің жол шығынын қыс­қар­ту үшін құжаттар Нөкісте қабылданады. Кездесу соңында Қарақал­пақс­тандағы қазақ ұлттық мәде­ниет орталығына «Ақтөбе – құтты мекен» кітабы, А.Жұбанов туралы кітаптар, «100 жаңа оқулық» аясында шығарылған оқулықтар, танымдық кітаптар сыйға тартылды. Өйткені Қарақалпақстандағы 725 мектептің 171-і қазақ тілінде оқытады. Сапар соңында делегация Нөкістегі Сорша қорымында жатқан қазақтың ұлы ақыны Төлеген Айбергеновтің басына барып, дұға бағыштады.

 

Базарбай ИМАНОВ,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Ақтөбе облысы филиалының басшысы