Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ақтөбе облысының өңірлік коммуникация қызметінде Жұбанов университетінің пресс-конференциясы өтті

Ақтөбе облысының өңірлік коммуникация қызметінде Жұбанов университетінің пресс-конференциясы өтті

Пресс-конференция «Жұбанов университетінде мемлекеттік білім гранттарын бөлу нәтижесі және жаңа білім бағдарламаларын таныстыру» тақырыбына арналды.

Жұбанов университетінде мемлекеттік білім гранттарының сертификаттарын тарату жұмыстары басталды. 5 тамыз күні Мемлекеттік білім гранттарын тағайындау бойынша республикалық конкурстық комиссия өз жұмысын аяқтаған болатын.

Жұбанов университетінің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Нұржан Бердібаев Жұбанов университетінде мемлекеттік білім гранттарын бөлу нәтижесі туралы атап өтті.

Биылғы жылы Қазақстан ЖОО арасында грантқа құжаттарды тапсырған үміткерлер саны бойынша Жұбанов университеті алдыңғы қатардан көрінді. 4000-нан астам талапкер құжат тапсырған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті сапты бастаса, екінші позициядан 3100 талапкермен жұмыс жасаған Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ-ті көрінді. 2955 талапкерден құжат қабылдап үлгерген Жұбанов университеті де алдыңғы көштің қатарында болды. Қосымша бөлінген гранттық орындарға байланысты техникалық және педагогикалық мамандықтарға құжат тапсырушысы талапкерлердің саны көбірек.

Конкурс нәтижесінде Жұбанов университетіне барлығы 950 талапкер мемлекеттік грант негізінде оқуға түсті. Оның ішінде 753-і жалпы конкурс бойынша, 37-сі әртүрлі топтар бойынша (жетімдер, І және ІІ топтағы мүгедектер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер, шетелдік қазақ диаспорасының өкілдері). Сондай-ақ «Серпін» әлеуметтік бағдарламасы бойынша мемлекеттік грант иегерлерінің саны 134 болса, қосымша тағайындалған гранттарға ие болғандар 25 адам.

2018-2019 оқу жылына жоғары білімі бар мамандарды даярлауға 53 594 грант, магистрлерді даярлауға 12 504 грант және PhD докторларын даярлау үшін 2 240 грант бөлінді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысымен бекітілген Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидаларына сәйкес, көрсетілген санаттарға арналған конкурс өткізілгеннен кейін қалған білім беру гранттары «5В01100-Физика», «5В011200-Химия», «5В011300-Биология», «5В011100-Информатика», білім беру мамандықтары бойынша , «Жаратылыстану ғылымдары», «Техникалық ғылым және технологиялар», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары», «Ветеринария», «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» дайындық бағыттары бойынша 1 немесе 2-курсты бітірген адамдарға және жоғарыда көрсетілген педагогикалық мамандықтар бойынша оқуды жалғастыруға ниет білдіргендерге беріледі. Конкурсқа қатысу үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификаты: TOEFL ITP (кемінде 460 балл), TOEFL IBT (шекті балл – кемінде 59), TOEFL (шекті балл – кемінде 500 балл), IELTS (шекті балл – кемінде 5.0), үлгерімінің орташа балы кемінде 2,67 балл GPA (Grade Point Average) болуы тиіс. Білім беру гранттарын беру жазғы демалыс кезеңінде 1 немесе 2-курстың білім беру бағдарламасын табысты аяқтағаннан кейін жүзеге асырылады.

«Мемлекеттік білім гранттарынан басқа жергілікті бюджет тарапынан 100 қосымша грант бөлінді»,- деді Нұржан Мақсатбайұлы. Оның 51 орны Жұбанов университетіне бөлінген.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес облыста жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы жүзеге асырылуда. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша ақпарат жинақталды. Нәтижесінде облыс әкімдігінің конкурстық комиссиясы өңірге әр саладан қажетті мамандықтарды таңдады.

Сондай-ақ, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-не Шетелдік қазақ диаспора өкілдері үшін ЖОО-ның ақысыз оқытылатын дайындық топтарына қабылдауға грант негізінде 20 орын тағайындағаның туралы айтты. Құжат қабылдау 2018 жылдың 1-тамызынан басталып, 5-қыркүйекке дейін созылады. Тестілеу 5-15 қыркүйек арасында өтеді.

Жаңа білім бағдарламалары туралы Жұбанов университетінің оқу ісі жөніндегі прор екторы Бибігүл Абенова сөз сөйледі. Оның айтуынша, жаңа оқу жылында Жұбанов университеті бакалавриаттың төрт, магистратураның он алты, докторантураның үш мамандығы бойынша білім беру лицензияларына ие болды. 2018 жылы университет базасында ашылған «Жоғары колледж» 12 білім бағдарламаларына қол жеткізді.