Пятница, Август 17, 2018
Басты > Жаңалықтар > Стамбул университетімен бірлескен «Жаңа латын әліпбиіне өту кезеңіндегі компьютерлік-лингвистикалық жобасы» Түрік елінде талқыланды

Стамбул университетімен бірлескен «Жаңа латын әліпбиіне өту кезеңіндегі компьютерлік-лингвистикалық жобасы» Түрік елінде талқыланды

Жұбанов университетінің Түркиядағы серіктес жоғары оқу орны — Стамбул университетінің технокентінде қос университет ғалымдарының бірлескен «Жаңа латын әліпбиіне өту кезеңіндегі компьютерлік-лингвистикалық жобаларын» талқылау мақсатында кезекті отырыс өтті. Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі (Анкара қаласы) ұйымдастырып отырған шараға Жұбанов университетінің ғалымдарымен бірге ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының Редакциялау және аударма бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ақын, аудармашы Төрегелді Тұяқбай арнайы қатысты.

Латын әліпбиіне көшудегі қарымды қадамдардың бастамасы ретінде университетіміздің «Қазіргі түркі тілдерінің тілдік үдерісін зерттеу» зертханасында түркиялық ғалымдармен бірлескен бірнеше кезеңдік ғылыми-зерттеу жұмыстар орындалу үстінде.

Стамбул университетінің ғалымдары филология ғылымдарының докторы, профессор Исмет Бинер және PhD доктор, компьютерлік инженерия факультетінің профессоры Атакан Курт «Қазақ тіліндегі мәтін жиілігін талдау жүйесі» жобасының мазмұнымен таныстырды. Ғалымдар бұл жаңа латын әліпбиінде жазылған қазақстандық мәтіндер мен құжаттарды талдау үшін әзірленетін онлайн-бағдарламалық жүйе лингвистерден мұғалімдерге дейін, психологтардан компьютерлік ғалымдарға дейін пайдалана алатын кең ауқымды цифрландыру мен «жасанды интеллект» аясында жүзеге асырылатын ғылыми-қолданбалық жоба ретінде ұсынылғандығын түсіндірді.

Бұл жобаны заман талабы мен ғылым дамуының деңгейіне қарай қалаған бағытта өркендете беруге болады. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейте отырып тіл мен әдебиетте, білім беру саласында, саясатта, медициналық психологияда, құқық қорғау және сот-сараптамалық қызметінде, бизнес пен сауда саласында т.б. пайдалануға болатын арнайы бағдарлама.

Зерттеу жобаларымен танысқан Төрегелді Тұяқбай өзінің таңданысын жасырмады және бұл жобалардың іске асуына мұрындық болып отырған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректорына өз ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, бұл жоба туралы ақпараттар тарату үшін қазақстандық басылымдарымдар мен телеарналардың назарын аударуды қолға алу керектігін атап өтті.