Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > ЖЕРГІЛІКТІ БЮДЖЕТТЕН 100 БІЛІМ ГРАНТЫ БЕРІЛДІ

ЖЕРГІЛІКТІ БЮДЖЕТТЕН 100 БІЛІМ ГРАНТЫ БЕРІЛДІ

Ақтөбе облысында конкурстық комиссия жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын 100 білім грантын бөлу жұмыстарына кірісті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрғалығымен өткен жиында мәселе жан-жақты талқыланды. Белгілі болғандай, жергілікті биліктен грант алуға екі жүзден астам талапкер үмітті болып отыр.

Биыл Ақтөбе облысы жергілікті бюджет есебінен жоғары білімді мамандар даярлау үшін 100 білім грантын бөліп отыр. Жоғары оқу орынынан кейін де білім жалғастырғысы келетіндер де осы гранттан үлес  алуға үмітті. Негізінен өңірде тапшы мамандарды оқыту ісіне ерекше мән беріледі. Жалпы алғанда ең қажет деген 25 мамандық анықталды. Грант арқылы оқуға түскендер диплом алған соң, міндетті түрде облыс аумағында еңбек етуге тиісті.

Тамыздың бесі мен оны аралығында 281 талапкер грант алуға өтініш түсірген. Бұл туралы кеңес кезінде білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева мәлімдеді.

Комиссия құрамына еңбек ардагерлері, «Нұр Отан» партиясының, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттің, кәсіпкерлер палатасының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді. Комиссия Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде 75 баллдан төмен жинамаған үміткерлерге грант берілуі тиіс деп шешті.

Осы жиында облыс әкімі грант бөлу ісінде жариялылық, тазалық болуы керек деп ескертті. Қазақстанның, Ресей мен Қытайдың жоғары оқу орындарында оқу үшін тағы да 36 грант бөлінеді. Оны өңірдегі ірі өнеркәсіптік компаниялар қаржыландыратын болады.

Айгүл Байменова

http://aktobetv.kz/kz/news/society/zhergilikti-byudzhetten-100-bilim-granty-berildi