Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Кешенді тестілеудің екінші кезеңіне құжаттар қабылдау басталды

Кешенді тестілеудің екінші кезеңіне құжаттар қабылдау басталды

Еліміздің жоғары оқу орындарында 1-ші тамыздан бастап кешенді тестілеуді қайта тапсыруға құжаттар қабылдау кезеңі басталды. Құжаттарды қабылдау 8 тамызға дейін жалғаспақ. Ал қайта кешенді тестілеу 19-24 тамыз аралығында өткізіледі. Бұл сынақ талапкерлерге жаңадан берілген тағы бір мүмкіндік болмақ.

Кешенді тестілеудің екінші мерзімінде ұлттық бірыңғай тестілеуде белгіленген шекті балды ала алмаған мектеп және колледж бітірушілеріне, сондай-ақ, ҰБТ мен кешенді тестілеуге қатыспаған түлектерге ақылы негізде жоғары оқу орнына қабылдау мақсатында қайта кешенді тестілеуден өту мүмкіндігі беріледі. Сынақтан сүрінбей өткендер Қазақстанның жоғары оқу орындарында ақылы бөлімде оқуға мүмкіндік алады.

Қайта кешенді тестілеу нәтижесі бойынша шекті балды алмаған талапкерлердің күндізгі оқу нысаны бойынша бірінші академиялық кезең мерзімі аяқталғанға дейін ақылы негізде шартты түрде студент қатарына  қабылдану мүмкіндігі бар. Бірінші академиялық кезең мерзімі аяқталғаннан кейін шартты түрде қабылданған студент 20-24 қаңтар аралығында қосымша кешенді тестілеу тапсырады. Қосымша кешенді тестілеу нәтижесі бойынша белгіленген шекті балды алған шартты түрде қабылданған студенттер ақылы негізде жоғары оқу орнына барлық игерілген пәндерін ескере отырып қабылданатын болады.