Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жастар саясаты > Мақсатты кездесу мазмұнды өтті

Мақсатты кездесу мазмұнды өтті

Бүгін Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембеков  жаратылыстану факультетінің 1-курс студенттерімен кездесу жиынын өткізді.  Биыл бұл факультетке 288 студент оқуға түсті, оның 8-і шетелдік жастар. Сондай-ақ, олардың 138-і мемлекеттік, 10-ы облыс әкімі Б.Сапарбаевтың білім грантының иегерлері.

Кездесудің мақсаты – студенттерді университеттегі білім жүйесімен, жастардың ізденістері мен шығармашылығын дамыту бағытындағы алдағы жоспарлармен, университеттің ішкі тәртіп ережелерімен және түрлі жеңілдіктермен таныстыру.

Кездесу басында факультет деканы Мұрат Махамбетов факультет туралы қысқаша баяндап өтті.

Содан соң ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров сөз сөйлеп, студенттерге университеттегі тәрбие, білім мен ғылым, жатақхана, академиялық ұтқырлық бағдарламасы жөнінде сөз қозғады.   Бір жарым сағатқа созылған жиын соңында проректор Рахым Ағыбайұлы студенттерге алғысын айтып, алдағы төрт жыл студенттік өмірлерінде  тиянақты білім алып, сапалы маман болып шығуларына  ізгі тілегін білдірді. Және де кездесу барысында студенттер тарапынан айтылған ұсыныстар мен ерекше қамқорлықты қажет ететін жеке басқа қатысты мәселелер шешімін табатынына сендірді. Проректор Р.Бекназаров сонымен қатар жастарға кез-келген өздерін толғандырған сұрақтарын  ректордың университет сайтындағы жеке блогына да  жіберу мүмкіндігін де айтты.

Пікір алмасу сипатында ұйымдастырылған шараға «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының КММ-сі  басшысының орынбасары Төлеген Талдыбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу басқармасының бастығы Ербол Толыбаев, Ақтөбе қаласы ІІБ бастығының орынбасары Әсет Қалиев, Ақтөбе қаласы ІІБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Серікжан Дүзбаев  қатысып, ҚР азаматтарының құқықтары туралы, ҚР заңдары және заң бұзушылық зардаптары жайлы айтып,  жастарға ұлттық тәлім-тәрбиенің маңыздылығы турасында келелі баяндамалар жасады.

Кездесуде «Үздік студент» төсбелгісінің иегері, «Экология» мамандығының 4-курс студенті Арман Қибатов студенттік өмір мүмкіндіктері жайында әңгімелеп берді.

Жиын соңында мемлекеттік грант иегері, Моңғолия Республикасының Баян-Өлгей қаласынан оқуға келген 1-курс студенті Еркеш Манарбек «Жұбановшылар» қатарына қабылдануын үлкен мақтаныш тұтатынын жеткізіп, бағыт-бағдар  көрсеткен  университеттің қабылдау комияссиясының ұжымына алғысын айтты.