Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жастар саясаты > Ректор Б.Ердембеков болашақ жас педагогтармен кездесті

Ректор Б.Ердембеков болашақ жас педагогтармен кездесті

Жыл сайынғы «Ректордың бірінші курс студенттерімен кездесуі» дәстүрлі шарасы бүгін педагогика факультетінде өтті.

Болашақ жас педагогтар алдында сөз сөйлеген университеттің бірінші ұстазы, профессор Бауыржан Ердембеков алдымен Жұбанов университетінің шығу тарихына тоқталды. Алғаш рет Қыздар педагогикалық институты болып іргесі қаланған оқу орнының 80 жылға жуық уақыт ішінде тек  аймаққа емес, республика бойынша сапалы педагогикалық кадр дайындауда қосқан қомақты үлесін ерекше атап өтті. «Сіздер қалап түскен ұстаздық мамандыққа артылар жүк ауыр. Сондықтан міндетті түрде жақсы оқып, саналы тұлға болып қалыптасуларыңыз керек», — деді, ректор.

Жастармен кездесу кезінде «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының КММ-сі  басшысының орынбасары Төлеген Талдыбаев өмірде тура жолдан адасып кетпеу үшін  ұстаздар беретін тәлім-тәрбиені бойға сіңіру қажеттігін атады.  байланыс ұстап, білмегенді сұрауға шақырды. Білмеген сұрағына жауапты білікті маманнан іздеу керектігін айтты.  «Бүгінде жат ағымның жетегінде жүрген ақтөбеліктердің тең жартысы 14-пен 29 жас аралығындағы жастар. Әсіресе, Ақтөбе қаласына ауыл-аудандардан оқуға келген студенттер адасып кетуге бейім тұрады», — деп, Төлеген Өмірзақұлы жиналған жастарды сақтандырды.

Басқосуға шақырылған Ақтөбе қалалық ІІБ басқармасы өкілдері де құқық бұзушылыққа қатысты заң тармақтарымен таныстырды. Жауапкершілік талаптарын егжей-тегжейлі әңгімеледі.

Студент-жастармен кездесуге қатысқан университет түлегі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисенов сыбайлас жемқорлық жайлы түсініктеме бере отырып, жемқорлықпен күресу жолдарын айтып өтті.   Сөз соңында Рафхат Төлеуғалиұлы   студенттерге  бәсекеге қабілетті маман болып шығу үшін білім алумен қатар жан-жақты  дамуға көңіл бөлулеріне тілек білдірді.

Инновация және кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры Әсел Шетиева стартап-идеяларымен тәжірибе жүргізу маңыздылығы туралы айтты. Сондай-ақ, ол осындай кәсіпкерлікке бейімі бар «жастарды қолдап, оларға кәсіпкерлер мен сарапшылар көмегімен бағыт-бағдар көрсетіп, жобасы бизнес бастауға тиімді болып жатса, оларға жағдай жасауға дайынбыз. Сіздерді стартапшылар қатарына қосылуға шақырамын!»,- деді.

Бірінші курс студенттері алдында факультеттің көшбасшы студенттері шығып, сөз сөйлеп, өздерінің студенттік өмірлерінің мәнді де қызықты жақтарымен бөлісті.

Кездесу соңында  ардагер-ұстаз, есімі республикаға белгілі педагог, профессор Сембай Ерғалиұлы Қаңтарбай жастарға білім жолына ақ батасын берді.

Биыл болашақ педагогтар қатары күндізгі бөлімде 257 студентке толықты. Олардың 87-і мемлекеттік білім грантының иегерлері болса, 31-і «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алушылар, ал 10-ы шетелдік жастар.