Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жастар саясаты > «Білім кітабы» бірінші курс студенттеріне салтанатты түрде табысталды

«Білім кітабы» бірінші курс студенттеріне салтанатты түрде табысталды

Бүгін Жұбанов университетіне оқуға түскен жас тарихшылар жылы құттықтауларды  қабылдады. Тарих факультетінің 4-курс студенттері «Білім кітабын» ізбасарларына салтанатты түрде табыс етті. Жоғары курс студенттерінің артқан сенімінен соң бірінші курстықтар  Студент антын берді.

«Біз үшін бірінші аптаның тамаша басталғанын айта кеткім келеді. Бізді университет қабығасына келгеннен кейін факультет оқытушылары мен жоғары курс студенттері жылы қарсы алды. Бүгінгі іс-шара барысында университеттің өмірі мен факультет туралы көптеген пайдалы ақпараттар алдым», — деді, «Тарих» мамандығының 1-курс студенті Әбілқайыр Сәрсенбай.Университет басшысы  Бауыржан Ердембеков студенттермен кездесу барысында  оқу, тәртіп, қауіпсіздік  сынды маңызды мәселелерге тоқталды.

Факультет деканы, доцент Гүлмира Көпенова баяндама жасап, факультеттің жетістіктерін ерекше атап өтті.  Гүлмира Ықласқызының  айтуынша, жаңа оқу жылында факультетте білім алушылар қатары 150 студентке толықты.  Олардың 3-уі шетел азаматы. Қазіргі кезде факультетте 533 студент оқиды. Бірінші курс студенттерінің қызығушылығына байланысты шетелде оқитын «Туризм» мамандығының 3-курс студенті Әсем Әлбекова ректормен кездесуге қатысты.  Ол сөз сөйлеп, экраннан  болашақ  әріптестеріне Польшадағы (Быдгощ қ.) Академиялық ұтқырлық  бағдарламасы бойынша сапарынан  фотосуреттерімен  таныстырды.Талапкерлердің Жұбанов университетіне қызығуы жыл сайын артып келеді. Соның дәлелі биыл «Серпін» бағдарламасымен оқуға түскен студент санының көптігінде. Жаңа оқу жылында серпіндіктердің саны 124-ке жетті. Оның 22-і тарих факультетін таңдаған.

«География-Тарих» мамандығының 1-курс студенті Луиза Социал Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан «Серпін» бағдарламасы бойынша келген. «Мен Жұбанов университетіне оқуға түскеніме өте қуаныштымын. Бірінші оқу аптасында тарих ғылымдарының кандидаты Гүлжанат Жәлелқызы Сүлейменова жүргізген «Жертану» пәні маған қатты ұнады. Біздің мектептің аясынан мүлдем жаңа, жоғары кезеңге көтерілгенімізді сеземін. Сондықтан осы деңгейге лайықты болып, терең білім алуға, жан-жақты дамуға тырысатын боламын»,- деді Луиза.

«Қобыланды» интеллектуалдық клубы атынан «География-Тарих» мамандығының 2 курс студенті Мейрамбек Шекернаев сөз сөйледі. Көшбасшы-студент университет ректорына клубтың төс белгісін тапсырды.

«Ректормен кездесу» шарасына шақырылған аймақ пен қаланың басқармалары мен департаменттері басшылары да  өз салаларына қатысты баяндама жасады.