Среда, Октябрь 17, 2018
Басты > Жаңалықтар > Университет Ғылыми Кеңесі жаңа жоспарларды ақылдасты

Университет Ғылыми Кеңесі жаңа жоспарларды ақылдасты

Бүгін Жұбанов университетінде Ғылыми Кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. Мәжілістен бұрын университет ғалымдары өткен оқу жылының нәтижелері айшықталған көрмені тамашалады.

Кеңесті ашқан университет ректоры Бауыржан Ердембеков биыл қызметке кіріскен ғылыми орталықтардың жаңа басшыларын таныстырып өтті. Биыл ашылған докторантура және магистратура мамандықтары туралы және «Қаржы және есеп» кафедрасының аға оқытушысы Зауреш Иманбаеваның қауымдастырылған профессор ғылыми атағын алғанын ғылыми орта ықыласпен қабылдады.

Кеңейтілген Ғылыми Кеңестің күн тәртібіне төмендегідей мәселелер қойылды: университет ұжымының 2017-2018 оқу жылындағы қызметінің басты қорытындылары және 2018-2019 оқу жылындағы міндеттері; 2018 жылғы қабылдау науқанының басты нәтижелері және алдағы міндеттер: салыстырмалы талдау; Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ Ғылыми Кеңесінің 2018-2019 оқу жылына арналған жұмыс жоспарын бекіту; Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ 2018-2019 оқу жылына арналған кешенді жұмыс жоспарын бекіту.

Кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселеге ойысты. Алғашқы болып стратегиялық даму жұмыстары бойынша проректоры Қуанышбек Шүңкеев баяндама жасады. Ол  Ғылыми кеңес мүшелері алдында университеттің 2018-2019 оқу жылындағы стратегиялық міндеттері бойынша есеп берді.  Қуанышбек Шүңкейұлы баяндама жасау барысында білім алушылар санының өсуі, оның ішінде жаңадан ашылған мамандықтарға тоқталды. Сондай-ақ ол білім алушылардың  академиялық ұтқырлығы, рейтинг, қосдипломдық білім беру бағдарламалары, оқытушылар құрамы, гранттар және жеңілдіктер, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, коммерциялық емес акционерлық қоғам, цифрлық университет, халықаралық конференциялар сынды мәселелерді тілге тиек етті.

Ғылыми Кеңес мәжілісінде маркетинг орталығының директоры  Жанна Абильдаева университеттің жаңа сайты туралы хабарлады.  Маркетинг орталығының 2018-2019 оқу жылындағы университет имиджін көтеру бағытындағы міндеттері және оларды орындау жоспарымен бөлісті.   Одан соң цифрлық технологиялар орталығы директорының міндетін атқарушы Тұрғанбай Ермағамбетов орталықтың 2018-2019 оқу жылында университет құрылымдары қызметін цифрландыру бағытында атқаратын жұмысын баяндады.

Университеттің халықаралық ынтымақтастық орталығының бастығы Гүлжан Шоқым мен аға ғылыми қызметкер Айшуақ Дәрменұлы университеттің халықаралық аренаға шығуы, 2018-2019 оқу жылындағы мақсат және міндеттері жайында бөлісті. Отырыста факультет декандары Сабыржан Мұхтаров 2018-2019 оқу жылында өткізілетін спорттық және мәдени-көпшілік іс-шараларға университет оқытушылары мен студенттерінің қатысымы мен жетістіктері деңгейін көтеру жолдары баяндаса, Күлзат Садирова 2018-2019 оқу жылында факультет ғылымын дамыту бағыттары жайлы, ал Өтеген Сариев техникалық факультеттің 2018-2019 оқу жылында білікті маман даярлау бағытында жасайтын нақты қадамдары туралы  баяндама жасады.

Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Бибігүл Әбенова университеттің 2018-2019 оқу жылындағы оқу-әдістемелік жұмыстарының негізгі бағыттарына тоқталып, ЖОО-ның академиялық саясаты, академиялық ресурстар, білім беру бағдарламасы, қосарланған мамандықтар, жаңартылған білім мазмұны сынды мәселелерді баяндады.

Кеңесте  2018-2019 оқу жылында оқу процесін ұйымдастырудағы негізгі міндеттер мен ДОТ жұмысын жетілдіру және дамыту бағыттары да қамтылды. Сондай-ақ университет кафедраларындағы оқу-әдістемелік жұмыстарды ұйымдастырудың жаңаша сипаты жөнінде мектепке дейінгі және арнайы білім беру кафедрасының меңгерушісі Клара Төребаева айтып өтті.

Жиын барысында ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров 2018-2019 оқу жылында университет ПОҚ мен ғылыми құрылымдарының ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелілігін арттыру мәселелерін талдады.  2018-2019 оқу жылында ғылыми-инновациялық бағдарламалар департаментінің жұмысын жетілдіру бағыттары жайында ғылыми-инновациялық бағдарламалар департаментінің директоры Ісбек Берікхан баяндама жасады.

Сондай-ақ Ғылыми кеңесте 2018-2019 оқу жылында «Инновациялық технологиялар паркінің» жұмысын жетілдіру жолдары, 2018-2019 оқу жылында магистратура және докторантурада білім беру сапасын жақсарту шаралары, 2018-2019 оқу жылындағы университет кітапханасы жұмысының жаңа бағыттары, 2018-2019 оқу жылында университеттің «Тәрбие тұжырымдамасын» іске асыру шаралары, университеттің Студенттер үйлерінде тұрғындарға тұрмыстық және мәдени-көпшілік қызмет көрсету сапасын жақсарту,  2018-2019 оқу жылында Жоғары колледж жұмысын жолға қою міндеттері сияқты өзекті мәселелер талқыланды.

Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Нұржан Бердыбаев 2018 жылғы қабылдау науқанының басты нәтижелері және алдағы міндеттерін айтып салыстырмалы талдау жасады.

Жиында университет ғалымдары ғылыми Кеңесте көтерілген мәселелерге қатысты өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Отырыс соңында университет ректоры Б.Ердембеков оқу орнының алдағы жылдарға арналған бағыт-бағдарын баяндап, ұжымға жаңа талап-міндеттер жүктеді және  Ғылыми Кеңестің 2018-2019 оқу жылына арналған жұмыс жоспарын бекітті. «Бармақ бірікпей ине ілікпейді» дегендей, ұжымның ішкі ынтымағы, өзара түсіністік, алға ұмтылатын күш-қайрат бар. Осы қасиетімізден таймасақ, алынбас қамал болмайды. Баршаңызға мықты денсаулық, берекелі қызмет тілеймін» деген ізгі тілекпен кеңес қызметі қорытындыланды.